Цифрлық дәуірдің ғажайыптары таусылар емес. Смартфондардың денсаулыққа зияны ата-аналардың басқа құралдарға деген қызығушылығын өсірген. Кеше Financial Times басылымы АҚШ-та бұрынғы қарапайым девайстарға, яғни артық функциялары жоқ «кірпіш» телефондарға сұраныс өскенін жазды. Осы материалға сілтеме жасай отырып, Aikyn.kz бұндай цифрлық шарасыздықтың себебін түсіндіреді.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Retales botijero
Қарапайым ұялы телефондарға деген қызығушылықтың артуы онлайн өмірдің балаларға тигізетін кері әсерінен туындаған. Смартфондар ұйқының бұзылуына, зейіннің жоғалуына және жалғыздық эпидемиясына кінәлі деп танылуда. Әлеуметтік желіге таңылған пайдаланушылар құрылғыларын минут сайын тексеріп, психологиялық тәуелділікке душар болуда. 2022 жылы Data.ai компаниясы жүргізген зерттеуде америкалықтар смартфондарын қарауға күніне орта есеппен 4,4 сағат жұмсағанын, бұл 2019 жылмен салыстырғанда 33%-ға көп екенін анықтаған.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Sjharmon
Мамандар желіге тәуелділіктен құтылудың жолы «қолданбаларды жою және хабарландыруларды өшіру» дейді. Бірақ бұдан басқа да оңай жол бар екен. Бұл – кірпіштей «ақылды» телефондарды қолдану.
Интернетке қосылмаған және тек қоңырау шалып, мәтіндік хабарламалар ғана жіберетін қарапайым телефондар он жылдан астам уақыт бұрын смартфондарға есесін жібергені белгілі. Енді қарымта қайтаратын уақыт туған сияқты.
Жаһандық смартфондар нарығының 40 пайызын бірге иемденетін Apple мен Samsung толық революциядан қорықпауы керек. IDC зерттеу ұйымының мәліметі бойынша, мүмкіндіктері шектеулі «кірпіш» телефондар 2013 жылы жаһандық ұялы телефондардың 45%-ын құраса, өткен жылы олардың үлесі тек 16% ғана болған.
Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Eduardo Manzana
Nokia-ның ұялы телефон бизнесіне иелік ететін HMD Global соңғы үрдістің бенефициары саналады. Классикалық кірпіш 6310 моделінің жаңартылған нұсқасын шығаратын компания «ақылы аз» телефондар нарығындағы үлесі 2021 және 2022 жылдар арасында екі есе өскенін айтты. Ол 2023 жылы одан әрі өсуді күтуде.
Швейцарияның Punkt және New York Light компаниялары шамамен 300 долларға сатылатын талғампаз, беделді және «ақылсыз» телефондар жасайды. Осындай тағы бір компания Gabb – интернетті немесе қолданбаларды шолуға мүмкіндік бермейтін балаларға арналған телефондар шығарады. Bark немесе Pinwheel сияқты өндірушілер болса ата-ананың бақылауымен жұмыс істейтін смартфондар ұсынады, ол баланың байланысын басқаруға мүмкіндік береді.
Төмендегі видеода «кірпіш» телефондардың артықшылықтары туралы айтылады:
Мылқау телефондарға деген қызығушылықтың артуы ата-аналардың интернеттегі өмірдің балаларға тигізетін әсері туралы алаңдаушылығынан туындаған. АҚШ-тың бас хирургі доктор Вивек Мурти мамыр айында әлеуметтік желілердің жасөспірімдердің психикалық денсаулығына әсері туралы жаңа кеңестер берді. Қытай билігі де балалардың смартфон қолдануын күніне екі сағатпен шектеуді көздеп отыр.
Смартфоннан бас тартқандар үшін мылқау телефондар бірқатар артықшылықтар ұсынады. Олар жоғары технологиялық әріптестеріне қарағанда күштірек және батареяның қуаты ұзақ мерзімге жетеді. Смартфондардың зияны туралы көп айтылатын уақытта біздің елдің билігі қандай шешім қабылдайтыны белгісіз. Рұқсаттар мен шектеулердің ортасындағы алтын қазықты іздеуге уақыт та көп қалмаған сияқты.