Жетісу облысында болашағынан зор үміт күттіретін да­рынды жас­тар­ды қолдау жан-жақты. Өзінің білімге, өнер­ге, ғылымға құштарлығын дә­лелдеген талантты та­лап­керлердің одан арғы ізденістерін жал­ғас­тырып, іргелі іс­тер­дің жүзеге асуына қажетті жағдайлар қарас­ты­ры­луда.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының иегерлері
740
оқылды

Биыл өңірде облыс әкімінің тіке­лей қолдауымен алғаш рет «Тәуелсіздік ұр­пақтары» грантына байқау жариялан­ған еді. Гранттан үміткерлерден мәдениет, ғы­­лым, бизнес, медиа және ІТ салалары бойын­­ша 100-ге жуық жоба қабылданып, со­­лардың ішінде жүргізілген қатаң ірік­теу­ден соң топ жарған 10 жоба қолдау тап­­­ты. Ха­лықаралық жастар күні қар­саңын­да жеңімпаздарға грант тапсы­рыл­ды. 

Грант иегерлерінің әрқайсысына өз­дерінің қолдау тапқан жобаларын сәтті жү­зеге асырулары үшін 3 млн теңгеден бе­рілді. 100 үміткердің ішінен оза шап­қан, он таңдаулының қатарында болған, «Ғы­лым» бағыты бойынша «Кәмелетке тол­маған жасөспірімдердің пси­хо­ло­гия­лық денсаулығын нығайту және суи­цид­тік мінез-құлықтың алдын алу» жобасын ұсын­ған Жансерік Байденов суицидтік әре­кетке бейім, өмірлік қиын жағдайға тап болған, сәтсіз отбасында өскен 12-16 жас аралығындағы жасөспірімдердің пси­хологиялық денсаулығын нығайту мен суицидтік мінез-құлықтың алдын алу бойынша кешенді зерттеу жүргізбекке ниетті екен. Жасырары жоқ, қазіргі қо­ғамда аса өзекті әрі өткір болып тұрған қо­ғамдық, әлеуметтік проблеманың ше­шімін табуға талпынған Жансеріктің жо­басы жүзеге асса, жасөспірімдердің өзі­не-өзі қол салуына байланысты талай жа­мандықтың жолы кесілер еді. Сон­дық­тан жастарымыздың осындай бүкіл қо­ғам­ды алаңдатып отырған мәселені ше­шу­ге талпынған қадамын құптаудың дұры­с­тығын жоққа шығара алмаймыз. Ал оның замандасы Салтанат Жақ­сы­лы­қова Үштөбе қаласында аудандық кітап­ха­наның жанынан заманауи құралдармен жаб­дықталған коворкинг орталығын ашу­ды ойға алыпты. Ол бұл орталықты жас­тарды кітап оқуға тартатын, сонымен қа­тар түрлі семинарлар, дәрістер, тре­нинг­тер өткізуге болатын білім ордасына ай­налдырмақ. Балалар мен жастар әлеу­меттік желілердің жетегінде кетіп, ин­тер­нетке тәуелділікке ұшыраған қазіргі кез­де оларды кітап оқуға баулу, білімді, ғы­лымды игеруге құштарлығын арттыру­дың маңыздылығы айтпаса да түсінікті. 

Ақпараттық технология бойынша «Га­лографиялық 3D вентилятор» жоба­сы­мен грант ұтқан Жалғас Манархан өз бас­тамасы жайлы: «Галографиялық 3D вен­тилятор дегеніміз – үш өлшемді кес­кін проекциясын ауада «қалқытып» тұра­тын технологиялық әзірлеме. Жоба Же­­тісу облысы көлемінде инновациялық жар­намалық қызметтерді ұсынуды мақ­сат етеді. Жобаны қолдану аясы кең. Вен­­­­­­тиляторларды метро, әуежай, сауда ор­талықтарында, автосалондарда, бутик­терде, қонақүйлерде және басқа да халық көп шоғырланған аймақтарда пайдалану­ға болады. Бұл тек ақпараттық дисплей ға­на емес, B2B сегментіне арналған жар­на­малық құрал», – дейді. 

Сондай-ақ медиа саласында Атамұра Мұ­саханов «Қасқыр ұлыған түнде» қыс­қаметражды фильмін түсіруді қолға алса, Диас Наби мобилографиялық қызметтер ұсынбақ. Бұдан өзге де грант ұтқан қы­зық­ты жобаларды жетісулық жастар бір жыл көлемінде жүзеге асырмақ. 

Болат АБАҒАН,

 Жетісу облысы