«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты республика көлемінде «Қауіпсіз қала» акциясын өткізуде. Атаулы акция Төтенше жағдайлар және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізілуде.
Акция бастау алғаннан бері аймақтарда ашық кәріз құдықтарына, жабдықталмаған шомылу орындарына, тұрғын үйлердің шатырының қауіпсіздіктеріне мониторинг жасалуда. Жұмыс барысында 200-ден астам құқықбұзушылық фактілер анықталды. Сондай-ақ рұқсат етілмеген жерде шомылу бойынша 50 жағдай тіркелді, – дейді ұйымдастырушылар.
Атаулы шараның мақсаты – мониторинг арқылы ақпарат жинап, тиісті орындарға тапсыру, сондай-ақ жаз мезгіліндегі балалар мен ересектер арасында жазатайым оқиғалардың орын алуын төмендету.
«Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев:
«Қауіпсіз қала акциясы, ең алдымен, балалардың қауіпсіздігін, олардың қауіпсіз ортада өсуін қамтамасыз етуді көздейді. «Жастар рухы» жалпы әлеуметтік мәселелерді шешуде ешқашан тыс қалған емес. Акция барысында азаматтар қауіпсіздігі үшін қала аумағындағы ашық жатқан люктерге, аулалардың жарықтандырылуы, үй жағдайында газ баллондарының дұрыс орналасуы, су айдындарындағы қауіпсіздік және кәмелет жасқа толмаған балалардың түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына рейд жұмыстары жүргізілуде. Аймақтарда болған келеңсіз оқиғаларды ескере отырып, мұндай акциялар сол жағдайлардың санын азайтып, оң нәтиже көрсетуіне жұмыс істеудеміз. Мониторинг нәтижесі бойынша, арнайы ұсыным хаттар дайындалып, тиісті органдарға жолданады».
Сонымен қатар Жастар қанатының өкілдері келеңсіз оқиғаның алдын алу үшін сәбилер мен балаларды қараусыз қалдырмауға, ата-аналармен профилактикалық әңгіме жүргізуге шақырады.
Айта кетеміз, «Қауіпсіз қала» акциясы осы жылдың 25 тамызына дейін жалғасын таппақ.