Жаңа оқу жылы жақындаған сайын жоғары оқу орындарында да қарбаласқан қызу тірлік басталып кеткен.
Уәлиханов университеті жаңа оқу жылына әзір
620
оқылды

Әсіресе, елдің әрбір оқу орындарын өз студенттерін жатақ­ханамен қамтамасыз ету басты назарға алынады. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті БАҚ өкілдерімен арнайы кездесу өткізіп, жаңа оқу жылына әзірлік жұмыстарын көрсетті.  

Жоғары оқу орнында бүгінде 7 мың­нан астам студент білім алады. Оқу орны басшысы Марат Сырлыбаев универ­ситеттің соңғы жетістіктері мен алдағы даму перспективалары жайлы толығырақ әңгімелеп берді. 

Ректордың айтуынша, университетте студенттердің өзін-өзі басқаруына баса мән беріледі. Оқу орнында түрлі ұжымдық клубтар мен ұйымдар құрылған. Студент­тердің шығармашылығын дамыту мақса­тында «Шаңырақ» домбыра үйірмесі, Impulse би студиясы, «Жауқазын» жастар театры мен New voice вокалдық студия­лары сәтті жұмыс жүргізіп келеді. Сту­денттердің өзін-өзі басқару өкілеттілігін кеңейту үшін университеттің ко­мис­сиялары мен кеңестеріне қатынасуы­на, оқу процесінің сапасын бағалау, сту­денттердің әлеуметтік-тұрмыстық жа­ғ­дайлары мен оқуы, құқықтық тәртіпті бақылау шараларына қатысуына мүм­кіндік берілген. 

Университет бүгінге дейін 962 сту­дент­ті бірінші курсқа қабылдап үлгерген.  Оқу орнында үш студенттер үйі мен екі жатақхана бар. Мұнымен қоса универ­ситет жатақхана тапшылығын азайту үшін өз қаржысына 500 орындық жатақ­хана салуды қолға алған. Сондай-ақ «Көк­­шетау» мейманханасымен келісім­шарт жасасып, студенттерді жатақхана­мен қамтамасыз етуге мүмкіндік берілген. Дегенмен университет басшылығы әлі де болса жатақхана тапшылығының бар екенін жеткізді. Университеттің жатақха­налары мен салынып жатқан нысан­дарына экскурсия жасалды. 

– Білім ордасы студенттерді жатақ­ха­намен қамтамасыз етуге барынша көңіл бөледі. Жалпы 1 365 студент жатақ­ханамен қамтамасыз етіледі. 500 орындық жаңа жатақхананың құрылысын бас­тадық. Ең алдымен бірінші курс сту­денттері мен жеңіл­дік санатындағыларға орын ұсыны­лады. Жатақханаларға орна­ластыру мәселелері бойынша дереу үн қату үшін оқиғалық орталық құрылды. Студент жастарды одан әрі дамыту үшін жастар саясатын жүргізуге барынша на­зар ауда­рамыз. Ол үшін талантты  жас­тарды да­мыту­дың бірегей бағдарламасы жасалған. Жалпы жүлде қоры 1,5 миллион теңге конкурста студенттерді кәсіби өзін-өзі анықтау, жеке дамыту, еліміздің үздік компанияларына жұмысқа орналастыру сияқты мәселелер қолға алынған, – дейді университеттің бірінші проректоры Ғалым Байтоқ. 

Жиын барысында сөз алған универ­ситеттің 3 курс студенті Ақбота Мұха­мет­бекова оқу орнындағы омбудсмендер институтының жұмысы туралы баяндап берді. Бұл жаңашылдық студенттердің call орталыққа хабарласып, өз сұрақта­рына жауап алуға, өз мәселелерін өздері бірлесіп шешуіне, білімдерін жетілдіруге барынша мүмкіндік бермек. Жиын барысында университеттің С. Сәдуақасов атындағы агротехникалық институтының 2 курс студенті Меруерт Оспанова ме­даль­мен марапатталды. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы