Бұл грант бұған дейін тек республикалық деңгейде беріліп келген. Енді биылдан бастап осы грантты БҚО-дағы жастар да ұтып ала алады.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте БҚО Қоғамдық даму басқармасының басшысының орынбасары Қалаубек Теміров мәлім етті.
Жобаны Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігі жүзеге асырады. Жобаға жасы 14 пен 35 жас аралығындағы кез-келген жас қатыса алады. Грант негізінен бес бағыт бойынша беріледі.
– Грантқа өтініштерді 10 тамыз бен 10 қыркүйек аралығында қабылдаймыз. Кез келген жас өз жобасын дайындау кезінде жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтан кеңес ала алады. Грант төмендегі бағыттар бойынша беріледі. Атап айтсақ, мәдениет, ғылым, бизнес, медиа және IT, яғни ақпараттық технологиялар, – деді брифингте Қоғамдық даму басқармасының басшысының орынбасары Қалаубек Теміров.
«Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын беру бойынша арнайы конкурстық комиссия құрылатын болады. Конкурстық комиссияның құрамына облыстық әкімдіктің басқармалары мен азаматтық қоғамның өкілдері, ғалымдар және грант бағыттары бойынша мамандар мен сарапшылар енгізіледі. Үміткерлердің өтінімдері мемлекеттік және орыс тілдерінде электронды нұсқада қабылданады.
Конкурстық комиссияның қорытындысына сәйкес 10 жоба жеңімпаз атанып, 500 мың теңге көлеміндегі сыйақыға ие болады.
Бұл жобаның мақсаты – талантты, ұшқыр ойлы жастарды қолдау, жастардың жасампаз идеяларының жүзеге асуына жағдай жасау. Бұған дейін тек республикалық деңгейде ұйымдастырылған жоба биылдан бастап барлық өңірлерде өткелі отыр.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы