Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Алматы қаласына жұмыс сапары биыл 1 маусымда пайдалануға берілген сел тасқынынан қорғайтын бөгетпен танысудан басталды.
Алматыны дамытудың басты бағыттары айқын
618
оқылды

«Аюсай» бөгеті Үлкен Алматы өзенінің бассей­нін­де орналасқан. Оның жоғары жағында сел қаупі бар 98 учаске, 89 мұздық, 20 мореналық және мұзды көл бар. Бөгет сел жүру қаупін барынша азайтып, 500 мыңнан астам халық пен 2 мыңға жуық ны­сан­ның табиғат апатынан қорғалуын қамтамасыз етеді.

Еліміздің биік таулы аймақтарында 970 море­на­лық көл бар. Оның ішінде 156 көлде сел жүру қаупі жо­ғары. Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шә­ріп­ханов биыл сел жүруі ықтимал 13 көлде апаттың ал­дын алу жұмыстары жүргізілгенін баяндады.

Сонымен қатар «Қазселденқорғау» мекемесінің бас­шысы Қайрат Бекенов Мемлекет басшысына таби­ғат апаттарының алдын алу жұмыстары жөнінде мәлімет берді. 

Оның айтуынша, арналардағы суды тұрақтан­дыра­тын жаңа қорғаныс нысандарын салу қажет. Олар Үлкен Алматы, Есік, Талғар, Қаскелең және Түр­ген өзендерінің бассейніндегі су ағысының жыл­дам­дығын азайтып, ағын судың арнадан асып кет­пеуі­не септігін тигізеді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа пилоттық жоба ая­сын­да орнатылған 31 цифрлық гидробекет таныс­тырыл­ды. Бұл қондырғылар судың жылдамдығына, тем­пе­ратурасына, лайлылығына және басқа да көр­сеткіштерге онлайн-режимде мониторинг жүргізеді. Мұн­дай технологиялар келешекте елі­міздің жеті таулы аймағында қолданысқа енгізіледі. Гидро­бе­кеттердегі мәлімет ТЖМ Дағдарыс жағ­дайын бас­қару орталығының бірыңғай ақпараттық жүйесімен ин­теграцияланатын барлық ғылыми ұйым мен са­лалық ведомстволарға қолжетімді бола­ды.

Мемлекет басшысы қала тұрғындарының қауіп­сіздігін қамтамасыз ету үшін селден қорғау шара­ла­рын жүргізу маңызды екенін атап өтті. Бұл ретте Президент Төтенше жағдайлар министрлігі, Алматы қа­ласы әкімдігі және «Қазселденқорғау» мекемесі өзара тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет еке­нін айтты.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласына барған жұмыс сапары  аясында  Prometheus school білім беру ұйымын аралап көрді.

Президентке білім ордасының оқу кабинеттері, жаратылыстану зертхана­лары, мектепте сабақ оқытудың Daryn Go, Booky-Wooky авторлық әдістемелері, сондай-ақ оқу орнының жалпы инфра­құрылымы таныстырылды.

Рrometheus school былтыр 9 қарашада ашылған. Мектеп 840 оқушыға арналған.  Аумағы – 12 мың  шаршы метр. Білім беру мекемесін салу үшін 5,2 миллиард  теңге инвестиция тартылған.

Аз қамтылған отбасылардың дарын­ды балалары үшін білім гранттары бө­лінеді. Мектеп жыл сайын грант санын арттыруды жоспарлап отыр.

Мемлекет басшысына Enlightenment Power Group қоры жүзеге асырып жатқан жобалар туралы мәлімет берілді. Қор директоры әрі мектептің бақылаушылар кеңесінің төрағасы Досым Бесбайдың айтуынша,  1 400 оқушыға арналған «ФизТех» мектебін ашу жұмыстары жүр­гізіліп жатыр. Бұл мектеп түлектердің әлем­дегі жетекші техникалық жоғары оқу орындарына түсуіне мүмкіндік ту­ғызу үшін сапалы білім беруді көздейді.  Мектеп құрылысын биыл қараша айын­да аяқтау жоспарланған. Жобаға тар­тылған инвестиция көлемі  – 3,9 мил­лиард теңге.

Мемлекет басшысы Prometheus School мектебіндегі білім беру және оқу­шыларды даярлау форматының ерек­шелігін атап өтті. Сондай-ақ ұстаздарға табыс тілеп, олардың қызметі қоғам үшін маңызды екенін айтты.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Алматыны дамыту жөнінде кеңес өткізді.Жиынды ашқан Мемлекет басшысы былтыр күзде Алматы жұртшылығымен  кездесу барысында қаланы дамытудың басты бағыттары айқындалғанын атап өтіп, нәтижесінде Алматыны дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабыл­данып, шаһардың 2040 жылға дейінгі Бас жоспары бекітілгенін айтты.

– Алдағы 20   жылда  Алматы халқының саны  3 миллионға жуықтайды деген болжам бар. Болашақта қала ішіндегі бес аумақ  орталық ретінде дамиды. Сонда орталықтағы қазіргі ахуал біршама жеңіл­деп, барлық ауданға бірдей салмақ түседі. Соңғы 10 жылда қала өте жылдам әрі ретсіз өсті. Алматының аумағы  екі еседен астам кеңейді. Бірақ инфрақұрылымның дамуы әр жерде әртүрлі болып отыр. Қалада  тұр­ғындар саны орташа алғанда  жыл сайын 70 мың адамға көбейіп келеді. Жұмысқа, сабаққа бару үшін іргелес елді мекендерден күн сайын 500 мың адам Алматыға келіп кетеді. Мұндай түйткілдерді уақытылы анықтап, дер кезінде шешіп отыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Кеңес барысында қаланың комму­налдық, жол және әлеуметтік инфрақұры­лымын дамыту, сондай-ақ білім, экология және медицина салаларында қордаланып қалған проблемаларды шешу жолдары талқыланды.

Президент Алматы қаласын дамытуға қатысты негізгі проблемаларды шешу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет екенін айтты.

Мемлекет басшысы таяуда «Ақкент» ықшам ауданындағы көпқабатты тұрғын үйде болған өртті мысалға келтіріп, өрт қауіпсіздігі саласындағы ахуалды сынға алды. Президент Төтенше жағдайлар ми­нистрлігіне өрт кезінде сақталуға тиіс қауіпсіздік шаралары жөнінде халықтың сауатын арттыру үшін жаппай оқу-жаттығу шараларын ұйымдастыруды тапсырды. Ал қала әкімдігіне өртке қарсы күрес қызме­тінің материалдық-техникалық базасын күшейту үшін пәрменді шаралар қабылдау міндеті жүктелді.

Президент Алматының экологиялық ахуалын жақсарту үшін қаладағы көлік қозғалысын реттеп, электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту қажет деп санайды.

Қала әкімі Ерболат Досаев 2025 жыл­дың соңына дейін қаладағы қоғамдық көлік саласы толықтай экологиялық стан­дартқа көшірілетінін баяндады. Бұдан бөлек, қажетті инфрақұрылымды дамыту арқылы халықтың электромобильге деген сұранысын арттыру мүмкіндіктері қарас­тырылып жатыр.

Алматы қаласындағы инженерлік ин­фрақұрылымның жай-күйі де Президент назарынан тыс қалмады. Мемлекет бас­шы­сының айтуынша, еліміздегі ең басты сын-қатердің бірі – сапалы ауызсу­мен қамтамасыз ету. Тәжірибе көрсеткен­дей, Алматыда да  бұл тұрғыда жағдай мәз емес.  

Мемлекет басшысының айтуынша, шаһарда судың үздіксіз берілуіне кедергі келтіретін апатты жағдайлар тым жиілеп кетуі сумен қамтамасыз ету саласындағы проблемаларды кезек күттірмей шешу қажет екенін көрсетеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы кезде сел жүріп, өзен суларының лайлануы жиілеп кет­кені алаңдаушылық туғызатынын айт­ты. Соның салдарынан шілде айының соңын­да коммуналдық қызметтер қаланың жоғарғы бөлігіндегі аудан тұрғындарына су беруді шектеуге мәжбүр болды. Медеу ау­да­нын­дағы 50 көппәтерлі үй мен 4 мың­нан астам жеке тұрғын үй сусыз қалды. Бұл тұр­ғын­дардың  орынды наразылығын  туғызды.

Президент еліміздің ең үлкен шаһарын­дағы су шаруашылығын ретке келтіру үшін атқарылуға тиіс негізгі міндеттерді ай­қындап берді. Атап айтқанда, Үкімет пен қала әкімдігіне мердігерлердің кінәсінен кешіктірілген Қарғалы су жинақтау ны­санын биыл қазан айының соңына дейін пайдалануға беру, қаланың су шаруа­шы­лығына толық тексеріс жасау және Ал­матының жоғарғы бөлігін сумен толық қамту үшін жерасты су көздеріне гидро­геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, сондай-ақ «Балқаш» станциясындағы  резервуар мен төрт скважинаның құры­лысын аяқтау міндеттері жүктелді.

Сонымен қатар Президент тұрғын­дар­дың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты бірқатар проблемаға тоқталды. Мемлекет басшысының пікірінше, ең ал­дымен, NEET санатына жататын жастар­дың арасындағы жұмыссыздық мәселесіне айрықша назар аудару қажет. Үкіметке және әкімдікке жастарды жұмыспен қамту үшін арнайы бағдарлама әзірлеу жөнінде тапсырма берілді.

Президент көтерген тағы бір маңызды мәселе – Алматының денсаулық сақтау саласындағы ахуал. Мемлекет басшысы­ның айтуынша, қазір қаладағы денсаулық сақтау ұйымдары шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатыр. Әбден тозығы жеткен инфрақұрылымды Әлеуметтік медици­налық сақтандыру қорының қаржысы есебінен және мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізіндегі жобаларды жүзеге асыру арқылы кешенді түрде жаңғырту қажет. Президент Денсаулық сақтау министрлігіне медицина  мекемелеріндегі қаржы тапшылығын жою үшін кешенді шаралар қабылдауды тапсырды.

Бұдан бөлек, кеңес барысында Алматы экономикасын әртараптандыру мә­селе­лері талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев ша­ғын және орта кәсіпкерліктің даму әлеуе­тіне оң баға берді.  Келтірілген мә­лі­меттерге сәйкес, 2022 жылдың өзінде Ал­ма­ты мемлекеттік бюджетке төрт трил­лион теңгеден астам қаржы құйды. Қа­лада­ғы салық түсімдерінің басым бөлігі шағын және орта бизнестің төлемдеріне тиесілі.

Президент мегаполистегі бизнес-ахуалды жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылдау жөнінде міндет жүктеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, жеке капи­талды тарту, кәсіпкерлікті дамыту бағдар­ламасын күшейту, жаңа көлік-ло­гис­тикалық орталықтарына қолдау көр­сетудің тың шараларын қарастыру, креативті индустрия, туризм салаларын дамыту Алматы экономикасына тың серпін беруге тиіс.

Сонымен қатар жиын барысында Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрі Тамара Дүйсенова сөз сөйледі.