17 тамызда Қарағанды облы­сындағы Шахтинск қаласында ор­наласқан «АрселорМиттал Темір­тау» АҚ-ға қарасты «Қазақстан» шах­тасында конвейер таспасы өртеніп, үлкен апат болды.
Миллиардер Миттал мәселеге мойын бұра ма?
914
оқылды

Шахтада барлығы 227 адам болған. Сол күні шахтадан 222 адам жер бетіне шығарылды. Екі адамның мәйіті табылып, тағы үш адам іздестіріліп жатыр.  

Осыған орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан» шахтасында болған өртке байланысты Үкіметке және Қарағанды облысының әкімдігіне апат себептеріне жан-жақты тергеу жүргізу, сондай-ақ зардап шеккендерге қажет барлық көмекті көрсету жөнінде және «АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі шахтадағы апаттың жиілеуіне қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысы «Шетелдік компа­нияға тиесілі кәсіпорындарда жиі қайта­ланатын апаттар олардың инвестициялық және өзге де міндеттемелерін өрескел бұзғанын көрсетеді. Аталған жағдайлар олардың Қазақстан нарығында қызмет етуіне қатысты шешім шығаруға ықпал етеді», – деп ашық айыптайды. 

Кешеден бері әлеуметтік желіде қоғам белсенділері «Лакшми Миттал Қазақ­станнан кетуі керек» деп жатыр. Себебі бұл компанияға қатысты адам өлімімен аяқталған алғашқы оқиға емес. 2006 жылдан бері металлургия комбинатында 30-ға жуық апат болып, 100-ден аса азамат қаза тапқан. 

Осы ретте біз экономист Меруерт Махмутоваға хабарласқан болатынбыз. Экономист шахтаны мемлекетке қайтару мәселені түбегейлі шешпейтінін алға тартты. 

«Менің ойымша шахтаны мемлекетке қайтарып алу қауіпсіздік мәселесін шеш­пейді. Ең бастысы, мемлекеттік органдар неге қауіпсіздік мәселесі шахтада шешіл­мегенін, неге Миттал жұмысшылардың ең­бек етіп жатқан орнында қажетті құ­рал-жабдықтарды жаңартпай, сол баяғы барын жамап, қауіпсіздікке көңіл бөл­мегенін зерттеп, келешекте ондай өрт, апат болмайтындай шара қабылдауы қажет. Бұл мәселеде тек өз пайдасын ойлап, жұмысшыларға еңбек етіп жатқан жұмыс орнында технологияларды жаңарт­паған Митталдың ғана емес, мем­лекеттік бақылау органдарының да әлсіздігі, кінәсі бар», – дейді ол.

Компания басшылығын қылмыстық жауапқа тартуды талап етті

Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Ерлан Саиров пен Құдайберген Бек­сұлтанов «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасындағы апатқа қатысты бірлескен мәлімдеме жасады. Олардың айтуынша, көмір шахталарындағы жабдықтардың жай-күйі, сондай-ақ өндірісте еңбек ететін жұмысшылардың бейберекет қыс­қартылуы осындай қайғылы оқиғаға себеп болды.

Осы мәселені кезінде Мәжіліс депу­таты Еділ Жаңбыршин де көтерген болатын. «Шетел инвесторлары елді көркейтеді, әлеуметтік мәселелерді ше­шеді, жаңа технологияларды әкеледі, техникалық және экологиялық қауіп­сіздікті қамтамасыз етеді, мамандары­мызды дайындайды деп әлемде қандай байлар бар, бәрін тарттық Қазақстанға. Енді не болды? «Шеврон» келді, экология салдарынан Сарқамыс ауылын Атырауға көшірдік. Қытай компаниясы «СНПС» келді, стратегиялық ауызсу қоры бар Көкжиде кен орнын бүлдірді, мұнай өндіріп жатқан өлкелердің экологиясы одан түзелген жоқ. Қаржыны компанияға салмай, үнемдеп өліп бара жатыр және жұмысшылардың еңбек ақыларын тө­мен­детеді. 1995 жылы бизнесмен «Ми­талл» келді, Қарағанды облысы қайғылы оқиғалар мен экологиялық проблема­лардан көз ашпады. Тізе берсек, шетел инвесторларының артында проблемалар жеткілікті», – деді депутат. 

Сонымен қатар Кәсіподақтар феде­рациясы болған қайғылы оқиғаға бай­ланысты мәлімдеме жасап, онда апаттың басты себебінің бірі шетелдік инвес­тор­дың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын елемеуі деп айыптайды. 

«Жыл сайын өндірісте 100-нан астам жазатайым оқиға тіркеліп, 200-ге жуық адам көз жұмады. Әзірге «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында бұрын болған қайғылы оқиғаларға кінәлілерді жауап­кершілікке тарту шаралары бойын­ша нәтижелер жарияланған жоқ. Әлі де белгісіз себептермен тергеу созылуда, бұл ретте адамдардың өліміне әкеп соқтырған жазатайым оқиғалардың орын алуына жол берген шетелдік басшылардың жауапқа тартылатыны анық емес. Бүгінде қоғамда біздің заңдарды сақтап, өз міндеттемелерін орындауға ұмтылмайтын «АрселорМиттал Теміртау» компания­сының меншік иесін ауыстырудың орын­дылығы туралы мәселенің көтерілуі әділетті», – дей келе, «Азаматтарымыздың өмірін қиған оқиға бізді Кәсіподақтар федерациясы бірнеше жылдан бері қол жеткізуге талпынып келе жатқан қажетті шараларды қабылдауға назар аударуға мәжбүр етеді», – деп онда бірнеше мә­селені назарға алады. Мәселен, Тау-кен құрал-жабдықтарын жаңартуға тез арада кірісіп, үздіксіз материалдық-техникалық жабдықтауды қамтамасыз ету қажеттігі айтылып, көптеген кәсіпорынның негізгі қорларының тозу дәрежесі критикалық деңгейде екенін айтады.

Сонымен қатар Кәсіподақтар федера­циясы қауіпті өнеркәсіптердегі еңбекақы төлеу жүйесінде өндірілген өнімнен жалақыны байланыстыруды алып тастау қажет деп санайды. Себебі бірінші ке­зекте жоспарлы өндірістік көрсеткіш­терге көз жұма ұмтылу емес, еңбек қауіп­сіздігі басым болуы тиіс. Сондай-ақ мем­лекеттік бақылау және қадағалау шараларын күшейту және Еңбек пен Кәсіпкерлік кодекстерінде көзделген мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметінде бар шектеулерді алып тастау қажеттігі айтылған. 

Заңбұзушылықтарға ескерту көп, нәтиже аз

Осыдан дәл бес жыл бұрын, яғни 2017 жылдың 31 тамызында дәл осы «Арселор­Миттал Теміртау» АҚ көмір департамен­тінің «Қазақстан» шахтасында қайғылы оқиға болып, онда метан газының кенет­тен бөлінуінен үш кенші: Рустам Ахметжанов, Валерий Руденко және Максим Шебанов қайтыс болған еді. Соған сәйкес, комиссия құрылып, ко­миссия шешімі жұмыс берушінің кінәсі 100% құрайды деп есептеген болатын. Мұны бір деңіз...

Былтыр Төтенше жағдайлар ми­нистр­лігі Өнеркәсіптік қауіпсіздік коми­тетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің мемлекеттік инспектор­лары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласын­дағы ерекше тәртіп бойынша жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша берілген 2022 жылғы 4 наурыздағы №53 анықтал­ған бұзушылықтарды жою туралы нұсқа­ма­ның орындалуын бақылау мақсатында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің «Восточная» ОБФ жоспардан тыс тексеру жүргізген еді. Тексеру барысында 43 объект тексеріліп, тексеру нәтижелері бойынша бұрын анық­талған бұзушылықтар толық көлем­де жойылмағаны анықталған болатын.

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 5 бұзушылығын анықталып, ол өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарын бұз­ғаны үшін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығына қатысты әкімшілік ықпал ету шараларын қабылдау үшін Қарағанды облысының Абай аудандық сотына жолданды да. Мұны екі деңіз...

Дәл осындай тексеру «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Тентек» шахтасына да жүргізілген болатын. Тексеру барысында 305 объекті тексеріліп, бұл ретте өнеркәсіптік қауіп­сіздік саласындағы заңнама талапта­рының 151 бұзушылығы анықталды. 

Сонымен қатар былтыр дәл осындай «Арселор Миттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті «Абай» шахтасының қауіпті өндірістік нысандарына тексеру жүргізіп, онда қауіпті өндірістік нысандарында қауіпсіздік талаптары сақталмаған деп қорытынды шығарған болатын. Тексеру барысында Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптарының 200 бұзушылығы анықталған. 

Күні кеше ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облы­сы бойынша департаментінің басшысы Кеңгірбай Есенеев өткен жылдың қара­ша-желтоқсан айларында «Қазақстан» шахтасында тексеру жүргізіліп, 168 заң­бұзушылық анықталғанын, заңды тұлға айыппұл ретінде әкімшілік жауапқа тар­тылғанын айтты. Сондай-ақ комитет өкілі апат болған шахтада тексеру жүр­гізілгенін атап өтті. 

«Биыл шілде айында мемлекеттік органдардан «Қазақстан» мен «Тентек» шахтасындағы газ дренажды ұңғыма­ларын бұрғылау фактілер бойынша ша­ғым түсті. Осыған байланысты биыл 31 шілдеден 11 тамызға дейін тексеру жүр­гіздік. Газ дренажды ұңғымаларын бұр­ғылау жұмыстарын жүргізу кезінде ша­мамен 40-қа жуық бұзушылық анықталды. Тексеріс нәтижесі бойынша талап арыз материалдары сотқа жіберілді. Қазір материалдар газдренажды ұңғымаларын бұрғылауды тоқтату үшін экономикалық сотта қаралып жатыр», – дейді Кеңгірбай Есенеев.

Жыл сайын осыншама өрескел заң­бұзу­шылықтар анықталып, тиісті ескер­тулер берілгенімен, нәтиже неге жоқ?

Сіз кімсіз, Миттал мырза?!

Лакшми Миттал – үндістандық кә­сіпкер, әлемдегі ең ірі металлургиялық компания саналатын Mittal Steel Company N.V мен Arcelor Mittal металлургиялық компаниясының иесі. 2008 жылы «Форбс» журналының рейтингіне сәйкес, ең бай адамдардың ішінде әлем бойынша 4-орында (45 миллиард доллар) болған. 

Алғаш кәсіппен Индонезияда ай­налыса бастаған. Лакшми Митталдың Ispat International компаниясы 30 жыл бойы қарқынды дамып, әлемнің түкпір-түкпірінде пайда болған. Митталдың әкесі де Үндістанда кәсіппен айналысқан. Алайда жергілікті үкіметпен проблемалар туып, кәсібін сатып жіберген. 

90-жылдары жекешелендіру кезінде жабық тендер өтіп, «Испат Кармет» АҚ құрылды. Бұл компания «Қарағанды метталургия комбинаты», электрос­тан­салар, кен орындары, шахталарды және өзге де өндіріс орындарын иелігіне алды. Дәл осы 1990 жылдардың екінші жарты­сында Қазақстанда тапқан ақшасының арқасында Миттал әлемдегі №1 болат өндіруші болу мүмкіндігін алды.

Отандық металлургияның көшін бастап тұрған, сол кезде КСРО-дағы ең ірі кен орындарының бірі болған метком­бинат небәрі 225 млн долларға бағаланған әрі ол соманы бірден емес, 4 жылға бөліп төлеген. Ол кезде әлі танылып үлгермеген үнді бизнесмені Лакшми Миттал бұрынғы КСРО-дағы ірі металлургиялық комби­наттың бірін осындай шартпен сатып алған. 1995 жылғы 17 қарашада Ispat International UK Қазақстан Республи­ка­сымен жекешелендіру келісімін жасаған. Бұл келісімге сәйкес Қазақстан сатып алушыға «Қарағанды металлургиялық комбинатын» («Қармет») МАҚ меншікке беруді қамтамасыз етуге міндеттеме алған. 

1996 жылғы 17 қарашадағы жағдай бойынша «Қарметтің» шұғыл қажетті­ліктерге берешегі 50 млн долларға жетті және келісімшартта олар «жалпы бере­шек» деп аталды. Бірақ «шұғылдығына» қарамастан бұл сома он айлық жарналар арқылы төленген, бірінші төлем келісім­шарттың 3.1.2.1 тармағына сәйкес тек 1996 жылдың 30 мамырында ғана төленуі қажет екен.

«Қарметтің» еңбекақы бойынша да жалпы сомасы 11 миллион доллар көле­мінде берешектері болған. Миттал оларды өзінің өлшемі бойынша тез өшіріп отырған: 2 миллионнан 5 рет ай сайынғы транш, оған қоса 1 миллион доллардан 1 транш, бірінші төлемі 1995 жылдың 30 қарашасында жүргізілген.

90-жылдардан бері есептегенде, Лакшми Миттал Қарағандыдағы өндіріс, шахта, комбинаттарға 30 жылдан астам уақыттан бері иелік етіп келеді. Осы жыл­дар ішінде ол әлемдегі ең ірі байлардың қатарына еніп, Форбстың мәліметіне қарағанда, әлемдегі ең бай адамдардың ішінде 6- орында. Миттал Қарағандыдағы өндіріспен ғана шектелмей, Каспий ай­ма­ғындағы мұнай саласына да инвестиция салған. 

 

Түйін:

Өндірістік қауіпсіздік сақталмауы салдарынан 2004 жылы «Шахтинская» шахтасындағы метанның жарылуынан 23 кенші қаза тауып, 2006 жылы Ленин атындағы шахтадағы жарылыста 41 кенші жан тапсырды. Жалпы, 2005-2021 жылдар аралығында «АрселорМитталТеміртау» кәсіпорнының шахталарында 100-ге жуық адам қаза тапқан екен. Мәселен, 2016 жылғы қарашада балқытылған шойынның төгілуі, 2018 жылғы наурыз айында ЖЭО-ПВС шатырының құлауы, 2018 жылдың шілдесінде бункерлердің құлауы, 2018 жылдың қараша айында газ құбырының жарылуы және 2019 жылдың қазан айында №3 цехтағы табақша металды илемдеу цехындағы өрт... Айта берсе, таусылмайтын апаттар... 

Қазақстан Германиядан сәл-ақ аз көмір өндіреді. Бізде жылына 117 млн тонна болса, оларда 132 млн тонна. Бізде жылына қанша адам қаза тауып жатса, оларда ондай ақпарат таппайсың. Қытай 2008 жылы талаптарға сай келмейтін 1000 шахтаны жапқан болатын. Қондыр­ғылар­дың жаңартылмауы, модернизация жүр­гізілмеуі, еңбек қауіпсіздігінің сақталмауы секілді мәселелер тез арада шешімін тап­паса, мұндай трагедиялық оқиғалар қайта­лана бермек.  Мәселен, АҚШ-та 1 шахтер­дің өлімі жұмыс беруші үшін  40 млн доллар шығын әкеледі екен. Сол үшін Америкада шахтада жазатайым оқиғаны болдырмауға тырысады. Ауыр өтемақы сол үшін қойыл­ған. Ал бізде ше? Конституциямызда көрсе­тіл­гендей, біздің елімізде ең биік құндылық — адам. Ендеше адам тағдырына жанашыр­лықпен, үлкен жауапкершілікпен қарау әр инвестордың басты міндеті болуы тиіс.

Наурызбек САРША