Жаңа оқу жылы қарсаңындағы өзекті мәселенің бірі – оқу орындарының, оның ішінде жатақханалардың студенттерді қабылдауға әзірлігі. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ақпаратына сәйкес, жаңа оқу жылында жатақханаға мұқтаж студенттер саны 134 мыңнан асады. Студенттер баспанасы жаңа оқу жылына дайын ба, барлық жатақхана қауіпсіздік нормаларына сай келе ме және онда жататын жастарға қолайлы жағдай жасала ма? Осы мәселелерді «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты өз бақылауына алды.
Заң бұзушылықтарды анықтау және жатақханалардың тиісті нормаларға сай келуін бақылау мақсатында «Жастар рухы» Жастар қанаты ел аумағындағы ЖОО-лар мен ТжКБ-ның студенттік жатақханаларда кезекті мониторингті жүргізіп жатыр. Бүгінде мониторинг жұмысына жергілікті атқарушы органдар, жастар ұйымдары, депутаттар және белсенді азаматтар қатысуда.
– «Жастар рухы» ұйымы осы мәселеге жыл сайын дәйекті түрде тоқталып, оны шешуге барынша қолғабыс жасап келеді. Еліміздегі жастардың басым бөлігі – студенттер. Олардың саны қазір 1 миллионнан асып жығылады.
«AMANAT» партиясы кейінгі үш жыл бойы жатақханадағы орын тапшылығы, олардың жағдайына қатысты мәселелерді жүйелі түрде көтеріп, өзінің сайлауалды бағдарламасына қосып, студенттерді жатын орынмен қамтамасыз етуді қолға алған болатын.14 тамыздан бастап жергілікті жерлерде мүдделі азаматтармен бірлесе отырып, еліміздегі жатақханалардың жағдайына мониторинг жүргізуге кірісіп кеттік. Бүгінде 237 жатақхананы тексеріп үлгердік, тағы 426-сы осы аптаның соңына дейін қаралатын болады. Жалпы алғанда жағдай көңілден шықпай отыр. Әрқайсысында әртүрлі мәселелер бар. Су, жылу, электр энергиясымен жабдықтау, санитарлық талаптарға сай келмеуі сияқты мәселелер жиі кездесті. Сонымен қатар кейбір жерлерде мүлде тұруға келмейтін жатақханаларды да көрдік», – деп түсіндіріп өтті «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.
Н. Жетпісбаевтың айтуынша, мониторинг жүргізілген ЖОО жатақханаларының ішінде 70-інің жағдайы толығымен жақсы, 39-ы орташа деп бағаланған. Ал колледждер бойынша тексерілген 126 жатақхананың 75-і жақсы 36-сы орташа, 13-нің жағдайы нашар, ал екеуінде мүлдем тұру мүмкін емес деген шешім шығарылған. Сонымен қатар 11 жатақханада қауіпсіздік және санитарлық нормалардың сақталмауы, су крандарының жұмыс істемеуі, оқу залдарының өз мақсатында пайдаланылмауы, студенттердің бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындардың болмауы сынды мәселелер анықталды.
Студенттік жатақханалардағы мониторинг ЖОО немесе орта арнайы оқу орындарынан құжат түрінде немесе ауызша келісімін алу арқылы жүргізіледі. Егер қандай да бір кемшіліктер анықталса, сол мекемеге және мемлекеттік мүдделі органға 15 күн ішінде кемшілікті түзету туралы талап-сұраныс жолданады. Белгіленген аралықта мониторингтік топ сол жерге қайта барып, тексеру жүргізеді.
«Бұл жерде ең тиімді тәсілдердің бірі – «AMANAT» партиясының Мәжілістегі және жергілікті мәслихаттардағы фракциясының бірлесе жұмыс істеуі. Сол жердегі депутаттарды әрбір білім мекемесіне жауапты ретінде бекітіп, қандай да бір шектен шыққан жағдай болса осы мәселені депутаттық сауал ретінде Үкіметке жолдап, сәйкесінше заңнама аясында жауапқа тартуды талап етеміз», – деп атап өтті Н. Жетпісбаев.
«Министрлік берген ресми ақпаратқа сәйкес, дәл қазіргі сәтте 19 мың студентке жатын орын жетіспейді. Оның 13 мыңы тек Алматы қаласы бойынша. Сондай-ақ Астана қаласында – 2200, СҚО-да – 2318, Абай облысында – 1100, Түркістан облысында – 987 студент жатын орынға мұқтаж», – деп нақтылады студенттік омбудсмен Айсұлу Ерниязова.
Мониторингтік жұмыстар биыл алғаш рет әр өңірде студенттік омбудсмен институтымен бірлесе жүргізілді. Бұл тез арада әрі тиімді кері байланыс орнатуға, сол ескертпені түзетуіне мүдделі мемлекеттік органдар атынан бірлесе қарқынды түрде жұмыс жасауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда 11-ден астам аймақта омбудсмендермен бірге ауқымды мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.