Оның үйіне шұғыл тінту жүргізу кезінде «ИЖ-18 ЕМ-М» маркалы бір ұңғылы аңшылық мылтықты, 12 калибрлі үш гильза мен 8 оқты тапқан
ШҚО-да көршісінің үйіне оқ атқан жігіт ұсталды
704
оқылды

Шығыс Қазақстан облысы Алтай ауданында бір қабат жоғары тұратын көршісімен ерегесіп қалып, мылтықпен терезеге оқ атқан 23 жастағы жігіт ұсталды.

ШҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Алтай қаласында полицияға қоңырау шалған азамат кешкі уақытта пәтерінің терезесіне белгісіз біреудің оқ атқаны жайлы хабар берді.

Полиция қызметкерлері көпқабатты үйге барып, жедел іздестіру шараларын жүргізді. Соның барысында күдікті ретінде көрші подъезде тұратын 23 жастағы жігіт ұсталды.

Оның үйіне шұғыл тінту жүргізу кезінде «ИЖ-18 ЕМ-М» маркалы бір ұңғылы аңшылық мылтықты, 12 калибрлі үш гильза мен 8 оқты тапқан.

«Белгілі болғандай, ұсталған ер адам жәбірленушіден бір қабат жоғары тұратын көршісімен ерегесіп қалған. Аулаға шыққан ол қарама-қарсы үйдегі әлгі көршісінің терезесін нақтыламақ болады. Мылтықты нысанаға бағыттағанымен атылған оқ еш кінәсі жоқ басқа тұрғынның терезесіне тиіп кеткен. Ал сөзге келіп қалған көршісінің терезелері ауланың басқа жағына қарайтын болып шықты», - делінген ақпаратта.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігімен (бұзақылық) сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.