1945 жылы 2 қыркүйекте Хо Ши Мин осы алаңда Вьетнамның тәуелсіздігін жариялады.
Президент Вьетнамның бостандығы үшін күресте қаза тапқан батырлардың және осы елдің ұлт көшбасшысы Хо Ши Миннің рухына тағзым етті. Гүл шоғын қою рәсіміне Қазақстанның ресми делегациясы қатысты.
Сондай-ақ Ханой қаласына ресми сапармен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Президенті Во Ван Тхыонгпен келіссөз жүргізді.
Келіссөздер алдында Президент сарайында ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Екі ел басшыларына Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң Қазақстан мен Вьетнамның мемлекеттік әнұрандары орындалды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Во Ван Тхыонг бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Содан кейін Қазақстан мен Вьетнам президенттері келіссөз жүргізді. Келіссөз барысында сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, көлік-логистикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы қонақжайлық көрсеткені үшін Во Ван Тхыонгқа алғыс айтып, осы сапарға баса мән беретінін атап өтті.
– Қазақстан Президенті ретінде Сіздің еліңізге алғаш рет сапармен келіп отырмын. Мен бұл сапарыма баса мән беремін. Қазақстанда Сіздің елге және Вьетнам халқына зор құрметпен қарайтынын атап өткім келеді. Вьетнамның экономикалық жетістіктері елдеріміздің ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға берік негіз болады. Біз екі мемлекет арасындағы экономикалық, саяси қатынастарға баса мән береміз және Вьетнамның экономикалық зор әлеуетін және оның халықаралық аренадағы беделін жоғары бағалаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара сауда-саттық жарты миллиард доллардан асқанына, биылғы алты айдың өзінде 600 миллион доллар болғанына назар аударды. Жыл соңына дейін бұл маңызды көрсеткішті 1 миллиард долларға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздер екіжақты қатынастарды дамытудың жаңа кезеңіне жол ашатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Во Ван Тхыонг екі ел арасындағы ынтымақтастықты жандандыру ісін жоғары бағалап, Қазақстан мен Вьетнамның серіктестігін одан әрі нығайтуға ниетті екенін жеткізді.
– Сіздің елімізге жасаған алғашқы ресми сапарыңыз екі мемлекеттің дәстүрлі достық қарым-қатынасы мен көпжақты ынтымақтастығын жандандыруға тың серпін беретініне сенімдімін. Мен Қазақстанда сапармен болдым. Өте тамаша, ғажап ел, халқының қонақжайлығына тәнті болдым. Вьетнам Қазақстанның дамуын және Сіздің басшылығыңызбен Қазақстан халқының жеткен зор табысын жіті бақылап отыр. Сіздің тәжірибеңіз бен стратегиялық көрегендігіңіздің арқасында Қазақстан одан әрі дамып, әлемдегі және аймақтағы тұрақтылықты сақтауға елеулі үлес қосатынына сенімдімін. Вьетнам ұлт-азаттық күресі мен мемлекеттің бірігуіне және қазіргі дамуына қазақ халқының көрсеткен жәрдемін ешқашан ұмытпайды әрі алғыс айтады. Біз Қазақстанмен арадағы дәстүрлі достық қатынасқа зор мән береміз және еліңізді Орталық Азиядағы маңызды серіктес санаймыз, – деді Вьетнам Президенті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әріптесі Во Ван Тхыонгты Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша президенттер Бірлескен коммюнике қабылдады. Сонымен қатар сапар аясында бірқатар маңызды құжатқа қол қойылды.
Сондай-ақ Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Социалистік Республикасына ресми сапары аясында SOVICO Group компаниясының басқарма төрағасы Нгуен Тхань Хунгпен кездесті.
Кездесу барысында энергетика және логистика салаларындағы ынтымақтастықтың перспективті бағыттары талқыланды. Мемлекет басшысы компания экономиканың түрлі секторында зор тәжірибеге ие екенін атап өтіп, еліміз ірі инвестициялық жобаларды бірлесе жүзеге асыруға мүдделі екеніне назар аударды.
Өз кезегінде Нгуен Тхань Хунг компанияның Қазақстан аумағында сауда-логистикалық орталығын ашуға ниеті барын айтты. Бұдан бөлек, SOVICO компаниялар тобына кіретін VietJet Air лоукостері Қазақстанмен арадағы әуе қатынастарының санын арттыруды жоспарлап отыр.
Президент вьетнамдық компанияның алдағы жоспарларын құптап, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін еліміздің Үкіметі тарапынан жан-жақты колдау көрсетілетініне сенім білдірді.
SOVICO Group – Вьетнамдағы ең ірі әртараптандырылған конгломераттардың бірі. Компания энергетика, құрылыс, банк және қаржы, авиация салаларында түрлі жобаны жүзеге асырады. 2022 жылы компанияның табысы 20,6 миллиард долларды құрады.
Сонымен бірге Президент Petrovietnam мемлекеттік корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Хоанг Куок Выонгпен кездесті.
Компания – Оңтүстік Шығыс Азияның мұнай-газ өнеркәсібіндегі басты ойыншылардың бірі. Активтерінің жалпы құны 40 милллиард долларға бағаланады.
Кездесу барысында энергетика және мұнай-газ химиясы салаларындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.
Мемлекет басшысы мұнай мен газ өңдеу және геологиялық барлау салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытқан инвесторларға салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсыну мүмкіндіктері бар екеніне назар аударды. Өз кезегінде Хоанг Куок Выонг Қасым-Жомарт Тоқаевқа компанияның энергетика және мұнай химиясы салаларында жүзеге асырып жатқан жобалары туралы баяндады.
Іс-сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Премьер-министрі Фам Минь Чиньмен кездесті.
Кездесуде Мемлекет басшысы бүгін Президент Во Ванг Тхыонгпен нәтижелі келіссөз жүргізгенін және оның барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі бағыттары талқыланғанын атап өтті.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, еліміз Вьетнамды Оңтүстік Шығыс Азиядағы ең басты серіктестерінің бірі ретінде қарастырады. Президент Ханойға жасаған сапарының нәтижесін жоғары бағалады.
– Бүгін таңертең Президент Во Ван Тхыонгпен өте нәтижелі келіссөз жүргіздім. Біз көптеген саладағы қарым-қатынастарымыз бен ынтымақтастығымызды нығайтуға ықпал ететін өте маңызды уағдаластықтарға қол жеткіздік. Жан-жақты ынтымақтастығымыздың негізгі бағыттары айқындалған Бірлескен коммюнике қабылдадық. Сондай-ақ Вьетнам кәсіпкерлерімен кездесу өткіздім. Олардың Қазақстан нарығындағы қызметін қолдауға дайынмын. Біз елімізде вьетнамдық бизнестің ұзақ уақыт жұмыс істеуіне шын мәнінде мүдделі болғандықтан көмек көрсетеміз. Вьетнам – экономикалық өсім тұрғысынан қарқынды дамып келе жатқан ел, – деді Қ.Тоқаев.
Мемлекет басшысы бүгін қол қойылған Сауда-экономикалық ынтымақтастықты жедел дамыту жөніндегі үкіметаралық бірлескен іс-қимылдар жоспары сауда, инвестиция, технология, ауыл шаруашылығы, транзит және туризм сияқты маңызды салалар бойынша екі елдің өзара байланыстарын жандандыруға ықпал ететін негізгі құжат болатынына сенім білдірді.
Өз кезегінде Вьетнам Премьер-министрі Фам Минь Чинь Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Қазақстан мен Вьетнамның екіжақты ынтымақтастығына тың серпін беретінін атап өтті.
– Екі тарап қол қойған құжаттар мен келісімдер келешекте ынтымақтастығымызға берік негіз болады. Сізбен Қазақстан мен Вьетнамның саясат, дипломатия, инвестиция және сауда салаларындағы қарым-қатынасын одан әрі дамытып, тереңдету жолдарын талқылауға мүдделіміз, – деді Фам Минь Чинь.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасы Выонг Динь Хюэмен кездесті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Вьетнам Ұлттық жиналысының төрағасы Выонг Динь Хюэмен әңгімелесу барысында Қазақстан екі ел арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға баса мән беретінін айтты.
Президенттің айтуынша, Вьетнам – Қазақстанның Оңтүстік Шығыс Азиядағы негізгі серіктесі. Екі елдің бір-бірінен үйренетіні көп.
Мемлекет басшысы Қазақстанда халқының игілігін арттырған Вьетнамның экономикалық даму тәжірибесіне зор құрметпен қарайтынын атап өтті.
Президент екіжақты күн тәртібі аясында Вьетнаммен парламентаралық байланыстарды дамытуға баса мән беретініне назар аударып, заң шығару органдары арасындағы өзара сапар алмасу ісін жандандыруды ұсынды.
Выонг Динь Хюэ парламенттер арасындағы екіжақты қарым-қатынасты тереңдету жөніндегі Президент Қ.Тоқаевтың ұсынысын қолдады.
– Сіздің сапарыңыз елдеріміз арасындағы достық қатынастарды нығайтуға деген шынайы ниетіңізді білдіреді. Сондай-ақ сапарыңыз алға қарай басқан маңызды қадам және Вьетнам мен Қазақстан арасындағы дәстүрлі әрі көпжақты ынтымақтастыққа тың серпін береді деп ойлаймын. Сонымен қатар сіздің Парламентте ұзақ жыл қызмет етіп, мол тәжірибе жинағаныңыз мәлім. Бұл біздің заң шығару органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту үшін пайдалы болады деп санаймыз, – деді Ұлттық жиналыс төрағасы.
Сапар аясында Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Нгуен Фу Чонгпен кездесу өткізді. Әңгімелесу барысында қазақ-вьетнам күн тәртібіндегі өзекті мәселелер қарастырылды.
Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ халқы вьетнам халқы мен елдің жетістіктеріне зор құрметпен қарайды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев өз сапарының негізгі мақсаттарының бірі барлық саладағы ынтымақтастыққа, соның ішінде экономикалық қатынастарға тың серпін беру екенін жеткізді. Президент екі елдің көпжақты байланыстарын нығайту үшін бірлескен жұмыстарды белсенді жүргізуге дайын екеніне тоқталды. Сонымен қатар Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және экономикалық өзгерістер туралы айтты.
Өз кезегінде Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы Нгуен Фу Чонг Қазақстан мен Вьетнам арасында берік достық пен ортақ құндылықтарға негізделген тығыз әрі үйлесімді қатынас орнағанын атап өтті. Сондай-ақ Вьетнам халқы және жеке өзі Қазақстан мен оның халқына әрдайым ерекше құрметпен қарайтынын жеткізді.
Президент сапардың бірінші күніндегі ресми кездесулерден кейін *Вьетнамның әскер тарихы музейіне барды.
Мемлекет басшысына музейдің ашылу тарихы таныстырылды, сондай-ақ Дьенбьенфу түбіндегі ұрыс» атты қыс қаметражды деректі фильм көрсетілді. Содан кейін Президент экспонаттар қойылған залдарды аралап көрді.
Әскер тарихы музейі орналасқан Корольдік цитадель ЮНЕСКОның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген.
Отыз залы бар әскери музейде 160 мыңға жуық жәдігер мен құжат сақталған. Олар Вьетнамның құрылу және қарулы күштерінің даму тарихымен байланысты.
Сонымен қатар музейден елдің тәуелсіздігі үшін болған ұрыстарда пайдаланылған соғыс машиналары мен қаруларын көруге болады.