Батыс Қазақстан облысында спорт күні кең көлемде аталып өтті. П.Атоян атындағы стадионда өткен мерекелік шара спорт арда­гер­лерінің, әлем чемпиондарының шеруінен басталды.
БҚО-да спорт күні аталып өтті
1,115
оқылды

Ел намы­сын қорғап, көк Туымызды желбіретіп жүрген талантты спортшыларды кә­с­іби мерекесімен аймақ басшысы Нариман Төреғалиев құттықтады. 

Спорт күніне арналып өткен бұл жол­ғы іс-шара ерекше өтті. Ар­да­гер спортшылардың шеруін елге та­ны­мал спортшылар бастады. Атап айт­сақ, самбодан 6 дүркін әлем чемпионы Қа­болат Құрмашев, самбодан 4 дүркін әлем чемпионы, ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері Ерболат Байбатыров, Грек-рим күресінен жастар арасындағы әлем чемпионы Артур Үмбетқалиев се­кіл­ді талантты спортшылар шеруді бас­тап жүрді. Шеруге мүгедектігі бар адам­дар­ға арналған спорт клубының мүше­лері де қатысты. 

БҚО-да мүмкіндігі шектеулі адам­дар­ға арналған спорт клубы 2016 жылы ашыл­ған. Бүгінде 225 спортшы тәрбие­ле­ніп жатыр. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл сайынғы Жолдауларында бұқара­лық спортты дамытуды тапсырады. Се­­бебі дені сау ұлт – ел болашағы. «Бү­гін­де облыста 270 мың адам спортпен ай­­­налысады»,  –  дейді мамандар. 

Осы салтанатты жиында сөз алған ай­мақ басшысы Нариман Төре­ғалиев бұл күннің маңызына тоқ­талды. 

– Президент Қасым-Жомарт Кемел­ұлы жыл сайынғы Қазақстан халқына Жол­дауында бұқаралық спортты дамыту, ұлт саулығын нығайту, қазақ­стан­дық­тар­дың белсенді өмірлік ұстанымын қа­лыптастыру міндеттеріне ерекше на­зар аударатыны белгілі.

Ұлт саулығы мен халықтың өмір­шең­дігінің кепілі, еліміздің  бә­се­кеге қабілетті 30 спорттық державалар қа­тарына кірудің басты шарты ретінде спорт мемлекетіміздің негізгі стра­те­гия­лық ұстанымына, тәуелсіз мемлеке­тіміз­дің идеологиясына айналды, – деді На­­­риман Төреғалиев. 

БҚО-ның спортта жеткен жетіс­тік­тері үлкен. Атап айтсақ, соңғы екі жылда өңір­дің 33 спортшысы Әлем чемпионы, 14 спорт­шысы Азия чемпионы, 479 спорт­шы­сы  Қазақстан чемпионы атан­ған. 

Дәл осы күні облыс әкімі өңірде спорт­­тың дамуына үлес қосып жүр­ген талантты спортшыларды мара­пат­тады. Олар «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін» жә­не «ҚР құрметті спорт қызметкері» төс­белгілерімен марапатталды. 

Спорт күніне орай өткізілген ша­ра­лар легін екінші күні көпшілік ве­лошеру жалғады. Велошеру Орал қала­сындағы Абай алаңынан басталып,  Тұңғыш Президент атындағы алаңда аяқ­талды. Оған  барлығы 350-ге жуық адам қатысты.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА