Сапар барысында депутат бұрғылау кезінде апат болған «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнына барды.
Олигополияны жойып, кәсіпорындарды тәртіпке келтіру керек — Еділ Жаңбыршин
610
оқылды

Мәжіліс депутаты, "AMANAT" партиясы фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында өңірдегі бірқатар нысанға барып, мәселелерді анықтады. 

Сапар барысында депутат бұрғылау кезінде апат болған «Оңтүстік Қаратұрын» кен орнына барды. Кен орнында бұрқасын газ алауымен қатар жерасты суы да шығып жатыр. 

Еділ Жаңбыршиннің айтуынша, атмосфераға жану өнімдерінің таралуынан басқа қоршаған ортаның тұзбен ластануы да байқалып отыр. 

Жұмыс алаңында бұрғылау жұмыстарымен айналысып жатырған жұмысшылармен кездескен депутат  олардың проблемаларын тыңдады. 

«Шыдамды арнайы киімнің және тиісті аяқкиімнің жоқтығы. Бұрқасын түтінінен тыныс органдарын қорғайтын аппараттың берілмегені. Сүтпен қамтамасыз етілмей жатқаны. Компания басшыларының уәде еткен сыйақылардың әлі төленбегені.

Компания басшысы Тельман Сафинов сыйақылардың екі күнде, ал қалған мәселелерді осы апта аяғына дейін шешіп береміз деп уәдесін берді. Осындай ауыр жағдайда жұмыс атқарып жатқан персоналдың жағдайын айтқызбай-ақ жасау керек емес пе?! — дейді депутат.  

  Одан әрі Еділ Жаңбыршин «Бозашы-Мұнай» ЖШС және «Атырау Құрылыс ЛТД» серіктестіктерінің жұмысшыларымен кездесті. 

Олар мұнай игерудегі жұмысшылардың қолға алатын жалақысы 300 мың теңгедей, әлеуметтік көмек жоқ, лауазымы мен разрядқа байланысты жалақының тарификациясы жасақталмағанын, еңбек қауіпсіздік нормаларының сақталмай отырғанын айтты. 

«Сервистің қызмет көрсететін компания мәселелері: техникалары ескі, жалақы 150-200 мың теңгейдей, жыл сайын компания аты ауысады, бірақ адамдар мен техника сол күйінде қалады. 

Екі компанияда да мереке, түнгі уақыт сияқты заңда көрсетілген үстемеақылар төленбейді», – деді Е.Жаңбыршин. 

Өз кезегінде «Бозашы-Мұнай» ЖШС өкілдері аталған мәселелерді шешу жағын қарастырып жатырмыз деген уәждерін айтты. 

Сонымен қатар Еділ Жаңбыршин Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылар, энергетика, мұнай-газ, химия және басқа да қауіпті өндіріс ошақтарында апаттар оқтын-оқтын болып, жұмысшылар жарақаттанып және қаза болып жатқанына тоқталды. 

Өндірістік қауіпсіздік қызметкерлерінің айтуынша, бұрын ұңғыны қазудың жобасын меморгандармен келісетін еді, енді компанияның бірінші басшысы өзі бекітіп жұмыс істей береді. 

«Өткенде АГЗС-тардың газ баллондарға газ құюын тыйым салатын заң қабылдадық, ал оны бақылайтын жергілікті әкімдіктерде арнайы орган да, маман да жоқ. 

Қазақстан азаматтарының денсаулығы мен өмірі  – ең басты құндылығымыз. Сондықтан өндіріс пен экология қауіпсіздігін бақылау мен қадағалауды күшейтуіміз керек. Жалпы алғанда,  заңдарымызды қайтадан қарап, олигополияға ыңғайланған нормаларды жойып, кәсіпорындарды мемлекет тарапынан тәртіпке келтіру керек!»,– деді Еділ Жаңбыршин.