Олимпиадалар мен әлем чемпионаттарында, құрлықтық, халықаралық додаларда топ жарған дүлдүлдерімізбен жиі мақтанатынбыз. Шеберліктері шыңдалған балуандарымыз, боксшыларымыз, велошабандоздарымыз және басқа да спорт саңлақтары ел намысын қолдан бермейтін.
Осынау жылдар бойы қалыптасқан жемісті де жеңісті қарқыннан Жетісу жеке облыс болған бір жылдан астам уақытта да тайған жоқ. Аймақтың ұйымшыл спортшылары жыл басынан бері өздері қатысқан халықаралық және республикалық жарыстарда барлығы 1 380 медаль, яғни 495 алтын, 435 күміс, 450 қола медаль жеңіп алыпты. Әлемдік, құрлықтық бәсекелерде топ жарғандар қатарында да жетісулық жүйріктердің көптеп саналатындығы көңіл қуантады. Сондай жеңімпаздар қатарында жақында ғана 17-19 тамыз күндері Йорданияның Амман қаласында грек-рим күресінен өткен Әлем чемпионатында алтын медаль таққан Исхар Құрбаев та бар екенін айта кеткен жөн.
Облыста спорттың командалық түрлері де дамуда. Жетісу волейболшы қыздарының қарқыны әлі тамаша, жетістігі жоғары. Футболшыларымыз да мүмкіндігінше жерлестерін жерге қаратпауға күш салуда. Кез келген спорт түрінен жетістікке жету үшін жергілікті жерлердегі спорттан дарынды балаларды іздеп тауып, баулу қажет екені айтпаса да түсінікті. Соған сай облыс аудандары мен қалаларында заманауи спорт кешендері көптеп ашылып жатқаны, бұл бағытта мемлекет тарапынан үлкен істер қолға алынып отырғаны қуантады. Сонымен бірге жетісулық жомарт азаматтар да жерлестерінің салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік етуіне шамалары жеткенше жағдай жасап, қамқорлық пен қолдау танытып, стадиондар мен спорт кешендерін тарту етуде. Осындай игі істерге қарап отырып, Жетісу спортының жеңісті күндері әлі алда дегің келеді.
Күні кеше Талдықорғандағы Салтанат сарайында Спорт күніне орай өткізілген салтанатты жиында жетісулық жеңімпаз спортшылар мен олардың жаттықтырушылары марапатталды. Өмірлік мұраты ретінде спорт саласын таңдағандардың ел намысын қорғаудағы абыройлы қадамдары көпшілік алдында паш етіліп, еңбектері бағаланды. Атап айтқанда, Мәдениет және спорт министрлігінің «Дене шынықтыру және спортты дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгілері, сол сияқты аталған министрліктің, Жетісу облысы әкімінің, облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары және басқа да ұйымдардың марапаттары ең мықты спортшылар мен олардың осындай жетістіктерге жеткізген білікті жаттықтырушыларға тапсырылды.
Спортшыларды кәсіби мерекемен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл құттықтады. Оның айтуынша, биыл Әлем және Азия чемпионаттарында облыс спортшылары үлкен жетістіктерге жеткен. Олардың қатарында велоспорттан Әлем чемпионы атанған Евгений Федоров, ауыр атлетикадан Азия чемпионының күміс жүлдегері Карина Горичева, қола медальға ие болған Андас Самарқанов, Азия чемпионатында жеңіл атлетикадан күміс жүлде алған Айана Болатбекқызы, грек-рим күресінен жеңімпаз атанған Диас Қален, велоспорттан Азия чемпионатының чемпиондары Игорь Чжан, Екатерина Удовыкина, Евгения Заам, күні кеше Йордания елінде өткен жастар арасындағы Әлем чемпионатында грек-рим күресінен топ Исхар Құрбаев және басқа да саңлақ спортшылар бар.
Алайда жетістіктерге тоқмейілситін уақыт жоқ. Жетісу спортшыларын келер жылы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына лицензиялар ұтып алу міндеті күтіп тұр. Жолдамасыз қалмаймыз деген үкілі үміт үлкен. Спорт мерекесіне орай өз ойларын ортаға салып, тілектерін білдірген сала ардагерлері мен спортшылар да жеңісті күндердің жалғасатындығына сенімдерін білдірді.
Жалпы қазіргі уақытта облыста 819 дене шынықтыру және спорт ұжымы және 1 715 бірлік спорттық құрылымдар бар. Оларда 262 568 адам спортпен шұғылданады. Бұл көрсеткіш облыс халқының 37,6 пайызын қамтиды. Жыл басынан бері 15 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 85 спорт шебері, 586 спорт шеберіне кандидат және 202 бірінші разрядты спортшы дайындалыпты. 2023 жылы облыста дене шынықтыру және спортты дамытуға бюджеттен 20,5 млрд теңге бөлінген.
Болат АБАҒАН,
Жетісу облысы