Елге белгілі гитарист Бауыржан Әшіғалиевтің өмірі талқыға салынуы жұрттың пікірі себеп болды.
Әлсіз сот, сатылған судья: Біреудің көзін шығарып, әйелін өлтірмек болған музыкант жазасын алды ма?
1,962
оқылды

Жақында ол «Азия Дауысы» фестивалінің ресми парақшасында қазақстандық әнші Парвиз Назаров екеуі бірге өнер көрсететіні айтылып, насихатталды. Әлеуметтік желі қолданушылары түрлі пікір білдіре бастады. Соның арасында «Немолчи.кз» қорының басшысы, белсенді Дина Таңсәрінің пікірі елдің наразылығын тудырды.

– «Азия Дауысы» фестиваліне деген құрметім зор. Бірақ осындай әртістердің  оған қатысуын жанданған фестивальдің атына кір келтіреді деп санаймын! Бауыржан Әшіғалиев әйелін жертөлеге сүйреп апарып, азаптап, өлтірмек болған, мойнынан қылғындырған. Тіпті, қолын кісендеп, аузын скочтамақ болған. Музыканттың кесірінен жұбайы қатты зардап шеккен, – деп жазған белсенді.

Оның айтуынша, Әшіғалиев тым жеңіл жазамен құтылып кеткен. Онда да келіншек аулада өтіп бара жатқан жандардың полицияға хабарлауынан аман қалған. Полицейлер болса, сол сәтте қылмысқа қатысы бар жандарды тұтқындамақ түгілі, қылмыс болған жерді тексеріп, мүлдем қарамаған. Ал болған оқиғаны отбасылық-тұрмыстық жанжал деп көрсеткен. Сөйтіп, музыкант 2 айға қамауға алынды.

Іс сотқа дейін жетті. Тіпті, прокурор Бауыржан Әшіғалиевті «алдын-ала сөз байласу арқылы жігіттермен топтасып адамды ұрлап қана қоймай, оған зорлық-зомбылық көрсетіп, өлтірмек болғаны үшін» 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыруды талап еткен. Алайда судья бұрынғы әйеліне қатысты істе Әшіғалиевті «қылмыс құрамының жоғынан» кінәсіз деп тауып, медициналық сараптамадағы күн дұрыс көрсетілмегені үшін әртіс ақталып шықты.

Әшіғалиевтің бұрынғы келіншегі Ксения сот үкіміне қайта шағымданған. Бірақ сот алқасы бұрынғы шешімді күшінде қалдырды.

– Бірінші сатыдағы сот қылмыстың себебін дұрыс бағаламады. Бұл жерде Бауыржан балалармен кездесуге мүмкіндігі болмағандықтан емес, музыкалық топтағы вокалистің жоғынан табыс таппай қалған соң мені жақтырмады, – деді әнші Ксения Әшіғалиева.

Бұл жағдай 2019 жылдың маусым айында болған. Жеті жыл отасқан ерлі-зайыптының екі баласы бар.

Арада екі жыл өткенде, 2021 жылы әртістің үстінен тағы да іс қозғалды. Осы жолы ол қол астында жұмыс істейтін, яғни жүргізушіні қатты соққыға алған. Салдарынан жігіттің бір көзі көрмей қалды. Алматыдағы Алмалы аудандық соттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқыс жағдай әртістің анасының үйінде болған. Негізі Бауыржан Әшіғалиев анасымен татуласпақ болып, соның үйіне барған. Сөз арасында әртіс анасымен тағы да сөзге келіп қалады. Екеуінің арасына түскен жүргізушінің әрекетін әртіс өзін қорлағаны деп тауып, оны сол жақ көзінен жұдырықтай жөнелген. Анасы да ұлын тоқтатпаған. Музыкант болса, өзін кінәлі деп санамайды. Тіпті жүргізушіні айыптап отыр. Айтуынша, ол шешесін қорқытып, үйін тонамақ болған. Қылмыстың үстіне түскеннен кейін анасын қорғамақ болыпты-мыс. Сөйтіп соттан өзін ақтауын сұраған.

Дегенмен ҚК-тің денсаулыққа ауыр зиян келтіру туралы бабы бойынша 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру керек еді. Бірақ сот айыпталушының екі жас баласы барын ескеріп, оның үстіне оның ісі амнистияға түсіп, 2 жыл 4 айға сотталды. Сондай-ақ жәбірленушіге 3 миллион теңге төлеуге міндеттелді. Тіпті, бұл шешімді аппеляциялық сот та өзгеріссіз қалдырды. Сол кезде әртіс қашып кетіп, біраз уақыт іздеуде болды. Нәтижесінде, ол 2022 жылдың 26 маусым айында ұсталды. Бірақ әртіс түрмеде 6 ай ғана отырып шықты.

– Өзімді кінәлі деп санамаймын. Менің орнымда кез келген адам анасын қорғар еді. Өзімді тәртіп бұзбай, жақсы жағынан көрсеткенім үшін көтермелеу алдым. Сөйтіп, жазамды айыппұлмен өтеу өтінішім қабылданды. Сондықтан заң бойынша жазамды өтедім. Ал үстіме жала жапқандарды сотқа беремін, – дейді Бауыржан Әшіғалиев.

Қызығы, әртіс тергеу изоляторында отырса да, екінші рет үйленіп үлгерген. Жарының есімі – Сабина Жакупова, өзі жүргізуші. Жасы бар-жоғы 19-да. «Жасыратын несі бар, күнделікті киімі мен тамағын апарып жүрдім. Арасында тергеу изоляторында талай қондым. Бауыр сол жақта отырса да, маған гүл жіберіп, сыйлап отырды» деген ол босанған соң, күйеуінің сотты жеңіп, бостандыққа шыққанын сөз етті.

Дегенмен осыған байланысты «Азия Дауысы» ұйымдастырушылары мынадай мәлімдеме жасады: «Музыкант Әшіғалиевке қатысты даулардан соң оны қатысушылар тізімінен алып тастау туралы шешім қабылданды. Фестивальге 2000-нан астам адам қатысады, біз әр қатысушыны қадағалай алмаймыз. Жұртшылықтан осы үшін кешірім сұраймыз». Сөйтіп, әртіс фестивальге қатыстырылмады.

фото: /www.caravan.kz