Ол екі бап бойынша кінәлі деп танылды.
Түркістанның экс-әкімі Рашид Аюповқа сот үкімі шықты
3,528
оқылды

Түркістан, Кентау қалаларының бұрынғы әкімі Рашид Аюпов 10 жылға сотталды, – деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Соттың шешімімен Рашид Аюпов Қылмыстық кодекстің 28-бабы және 312-бабы бойынша (1997 жылғы редакциясы) кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Сондай-ақ бұрынғы шенеунік 7 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтын болды.

Қылмыстық кодекстің 41-бабына (1997 жылғы редакциядағы) сәйкес, Аюпов мемлекеттік қызметті 7 жыл атқара алмайды. Сондай-ақ ол ҚК 177-бабы бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Сот бұл бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту уақыты өтіп кеткенін айтты.

Сот үкімі оқылғаннан кейін судья Рашид Аюповтан үкімге қатысты сұрағының бар-жоғын нақтылады. Аюпов сұрағы жоқ екенін, алайда сот үкімімен толық келіспейтінін жеткізді.

Тергеу мәліметіне сәйкес, 2012 жылдың 1 наурызынан 2013 жылдың 31 шілдесіне дейін Аюпов премьер-министрдің кеңсесінде жұмыс істеген. 2013-2015 жылдары академиялық демалыс алып, Лондондағы Мэри патшайым университетінде (Queen Mary University of London) оқыды.

Іс бойынша жәбірленуші – Сайдулла Қожабаев. Ол Alageum Group-тың бақылаушы акционері. Оның құрамына «Кентау трансформатор зауыты» АҚ, «Орал трансформатор зауыты» ЖШС, «Ақтау трансформатор зауыты» ЖШС, «Алматы электромеханикалық зауыты» ЖШС, «Электромонтаж» АҚ, «ПромЭнерго» жобалау институты және Шымкенттегі Asia Trafo трансформатор жабдықтарын өндіретін зауыт кіреді. Тергеу мәліметіне сәйкес, 2013 жылы Англияда жүрген Аюпов кәсіпкер Сайдулла Қожабаевпен байланыста болған.

"Аюпов Қожабаевтың компаниясы туралы ақпарат жинай бастайды. Оның ішінде қаржылық жағдайы туралы ақпарат жинаған. Қожабаев пен оның компаниясы туралы ақпарат жинап болған соң Аюпов Қожабаев пен Ғабидолла Әбдірахымов арасында кездесу ұйымдастырған. Кездесу Астанадағы Үкімет үйінде өткен. Әңгіме барысында Әбдірахымов компанияға қолдау көрсетуге, түрлі тендерді жеңуге көмек көрсетуге дайын екенін айтқан", – деді мемлекеттік айыптаушы Раушан Ақшораева.

Прокурордың айтуынша, кәсіпкер Қожабаев тендерде жеңіске жету үшін Аюповке бірнеше адам арқылы 2,8 миллион доллар берген.

Айыптау актісіне сәйкес, Рашид Аюповтың досы Бауыржан Тәжібеков 1 млн долларды алғаннан кейін бірден Аюповтың атына 13,4 млн теңгеге Land Cruiser сатып алған. Аюпов бұл уақытта Англияда болған, алайда сатып алу құжаттары Аюповтың атына толтырылған. Содан кейін Тәжібеков Кентауға барып, қалған ақшаны гаражында сақтаған.

"2013 жылдың 6 және 8 шілдесінде Бауыржан Тәжібеков (Аюповтың досы – автор) Аюповтың тапсырмасы бойынша Аюповтың шотына тағы 15 мың доллар аударған. Ал әйелі Гүлзира Аюповаға 4,5 млн теңге аударған. Содан кейін Аюпов Лондоннан Астанаға ұшып келген. Тәжібековке ақша мен отбасын Шымкенттен Астанаға алып келуді тапсырған. Тәжібеков қалған ақшаны алып, Аюповтың отбасымен бірге Астанаға келген. Олар жалдамалы пәтерге барған, ол жерде Тәжібеков қалған ақшаны Аюповке берген. Аюпов депозитке 30 млн теңге салған, 26 млн теңгеге үш «КамАЗ» жүк көлігін сатып алды, 90 млн теңгеге BI Village-де үй сатып алған, Астанада 12 млн теңгеге үй-жай сатып алған", – деді мемлекеттік айыптаушы.

Прокурор Рашид Аюпов шенеунік ретінде Сайдулла Қожабаевты аса ірі көлемде пара беруге итермелеген деп санайды.

"Аюпов Қожабаевтың жалпы сомасы 2,8 млн АҚШ долларын заңсыз алды, бұл 422 млн 800 мың теңгеге тең", – деді прокурор.

Фото: baribar.kz