Осы және өзге де өзекті мәселелер 18 тамызда «АМАNАТ» филиалдары жанындағы экономиканы, кәсіпкерлікті және аграрлық секторды дамыту жөніндегі өңірлік кеңестердің кеңейтілген отырысында талқыланды.
Жиында Қарағанды, Павлодар және Ұлытау облыстарының кәсіпкерлері мемлекеттік органдарға өз мәселелерін жеткізді.
«Қарағанды облысының кәсіпкерлері этил спиртіне акцизді енгізу Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыруға кедергісін келтіреді деп есептейді. «Президент ішкі нарықтағы отандық өндірілетін дәрілердің үлесін 50%-ға дейін арттыруды тапсырды. Алайда акциздің пайда болуы белгілі антисептиктер мен йод, зеленка, шөптен жасалған дәрілер бағасының өсуіне әкеледі. Осы және өзге де дәрі-дәрмектердің 75%-ға қымбаттауына әкеп соғады», – дейді олар.
«Фармация 2010» ЖШС директоры Серік Қуанышевтың айтуынша, бұл отандық дәрі-дәрмекке деген сұраныстың төмендеуіне және соның салдарынан олардың нарықтан жойылып, Мемлекет басшысының тапсырмасының орындалмауына алып келеді.
«2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап сатылған немесе медициналық және фармацевтикалық препараттарды дайындау үшін пайдаланылатын денатуратылмаған этил спиртіне 600 теңге көлемінде акциз енгізілмек. Қазір бұл спиртті 25 қазақстандық дәрі өндіруші пайдаланады. Бұл арзан дәрілерді өндіруге мүмкіндік береді: валерианның тұнбалары, қырмызы, долана, корвалол, салицил спирті, камфора спирті және т.б. күнделікті өмірде қолданылатын дәрілер. Осы акцизді енгізу арқылы қазақстандық құрамында алкоголі бар өнімдер 75 пайызға қымбаттайды, оны алып тастауды сұраймыз», – деді ол.
Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитеті төрағасының орынбасары Мирас Зерипбаев бұл мәселеде Қазақстанда алкогольдің барлық түрлеріне акциздік салық салынатынын атап өтті.
«Фармацевтика саласының пайдасы көп. Заңнама деңгейінде олар импортқа қосылған құнға салықтан босатылған. Акциздер мәселесі одан әрі зерделеуді және талқылауды қажет етеді», – деді ол.
«АМАNАТ» партиясы Хатшысы Эльдар Жұмағазиев бұл мәселе Үкіметтің назарына ұсынылатынын, партия мәселені шешуге күш салатынын айтты.
«Мәселені шешуге ескі көрсеткіштермен қарауға болмайды. Себебі біз бір орында тұрмай, дамып келеміз. Жаңа тауарлар мен қызметтер, жаңа препараттар пайда болуда, нарықтағы «ойын ережелері» де күн сайын өзгереді. Ал біздің фармацевтика өнеркәсібіміз шетелдік өндірушілермен тең емес екендігі белгілі. Мәселені Ұлттық экономика министрлігімен, Денсаулық сақтау министрлігімен талқылаймыз», – деді ол.
Ал Ұлытау өңіріндегі кәсіпкерлер пайдалы қазбаларды өндіретін корпорацияларға шағымданды. Олар жер қойнауын пайдаланушылар көбінесе қазақстандық компанияларға жеткізілген тауарлар мен көрсетілген қызметтер үшін ақы төлеуде қысқамерзімді келісімшарттар жасайтынын айтады. Бұл туралы «АнМарк» ЖШС директоры Думан Жаманов мәлімдеді. Оның айтуынша, жер қойнауын пайдаланушылар келісімшарттарға қазақстандық тауарларды, жұмыстарды және қызметтерді жеткізушілерді банкроттыққа жақын жағдайға әкеліп отыр.
«Осы ретте бізде мынадай сұрақ туындап отыр. Жер қойнауын пайдаланушылар шағын бизнеске қолдау көрсете ме, әлде шағын бизнес жер қойнауын пайдаланушыларға қолдау көрсете ме? Мысалы, наурыз айында орындалған жұмыс үшін төлем мамыр айының басында ғана алынады. Бізде барлығы тек Қазақмыс арқылы жүзеге асады. Жергілікті кәсіпкерлер 3-5 жылға тауар жеткізуге, жұмыс істеуге және қызмет көрсетуге ұзақмерзімді келісімшарттар алғылары келеді. Бизнестің жол картасы бойынша біз 3-5 жылға несие аламыз, бірақ жоба өзін-өзі ақтағанша көп уақыт қажет. Сондықтан ұзақмерзімді келісімшарттар қажет. Жер қойнауын пайдаланушыларды үш және бес жылға дейінгі мерзімге келісімшарт жасасу туралы заңнамалық норманы қолдануға міндеттеуді сұраймыз», – деді ол.
Жауап ретінде, QazIndustry АҚ жергілікті қамтуды дамыту және мониторингілеу дирекциясы басшысының орынбасары Гузалия Сыздықова «Индустриялық саясат туралы» заң аясында ұзақмерзімді шарттар жасасу мәселесі пысықталып жатқанын, мұнда «кепілдендірілген сатып алу» сияқты келісімшарт түрін енгізу жоспарланып жатқанын айтты.
«Жер қойнауын пайдаланушылар импортталатын тауарлардың тізбесін жасақтауда, ал оларды сатып алуға басымдық отандық өндірушілерге беріледі», – деді ол.
Сондай-ақ Ұлытау өңірінің кәсіпкерлері жер қойнауын пайдаланушыларға тауар жеткізу және қызмет көрсету келісімшарттарын біржақты тәртіппен бұзуға тыйым салуды және келісімшарттағы бағаларды валюта бағамына байланыстыру шартын қолдануды сұрайды. Өз кезегінде Индустрия министрлігі бұл бастамаларды қарастыруға уәде берді.
Сонымен қатар Қазақстандық жиһаз өндірушілер де өзекті мәселелерін айтты. Жиһаз жасаушылар гильдиясының президенті Қарлығаш Байбоченованың айтуынша, отандық кәсіпорындар «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына қатысуға үлкен қызығушылық танытып отыр. Бірақ әзірге мектептерден де, жобаның үйлестірушісі Samruk-Kazyna Construction АҚ-тан да тапсырыс түспеген.
«Жүйелілік пен кадрлардың болмауы бұл жобаны әзірлеуді қиындатады. Жиһазды шетелден сатып алу қаупі бар. Қазір жиһаз шығаратын фирмалардың бәрі тым-тырыс станоктарды сатып алып, өндірісті кеңейтіп жатыр. Бірақ жиһазды кессек те, оны құрастыратын ешкім жоқ. Қазақстанда құрастырушы, механизатор, жиһаз жасаушы мамандар даярланбайды. Біз жиһаз өндірісінің стандарттарын дайындап жатырмыз. Өйткені олар қазір Қазақстанда жоқ. Ұлттық жобаның техникалық ерекшелігі жоқ. Сондай-ақ «Жайлы мектеп» жобасын жүзеге асыру бойынша өңірлік комиссиялардың құрамына біздің өкілдер де әлі күнге кірген жоқ», – деді ол.
«АМАNАТ» Хатшысы Эльдар Жұмағазиев Білім министрлігіне отандық жиһаз өндірушілерді қолдау мақсатында «Жайлы мектеп» жобасы бойынша комиссиялардың құрамына Гильдия өкілдерін енгізу қажеттігі туралы облыс әкімдіктеріне хат дайындауды ұсынды. Сонымен қатар Білім вице-министрі Еділ Оспан колледждерде жаңа «жиһаз» мамандықтарын ашу мәселесін пысықтайтынына сендірді.
Қарағанды облысындағы «Шанс» шаруа қожалығының басшысы Игорь Жабяк бүгінде облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің мемлекеттік қолдау шараларымен толық қамтамасыз етілмегендігіне, төленбеген өтінімдер қорының бар екеніне назар аударды.
«Пестицидтердің құнын субсидиялау бағдарламасы бойынша 520 млн теңгеге 370 өтінім, минералды тыңайтқыштар құны бойынша 463 млн теңгеге 111 өтінім, ауылшаруашылық жануарлары мен құрал-жабдықтарын сатып алуға лизингке 111 өтінім төленбеген, тапшылық шамамен 1,5 млрд теңге. Барлық шаруаларға субсидия жеткілікті болуы үшін республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді сұраймыз», – деді ол.
Осы ретте Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков тек Қарағанды облысы ғана емес, әр облыста осындай қарыздар бар екенін атап өтті.
«Жалпы субсидиялар бойынша шаруалардың жалпы қарызы шамамен 165 млрд теңгені құрайды. Бөлшектеп өтейміз. Осы жылдың соңына дейін қарыздың басым бөлігін жабуға тырысамыз», – деді ол.
Сондай-ақ отырыс барысында салық кодексін жетілдіру, жер телімдерін тіркеудегі мәселелер, сәулет-жобалау ұйымдарының қызметін реттеу және басқа да бірқатар өзекті мәселелер көтерілді. Атап өтейік, «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасы аясында партия бизнес үшін ұзақмерзімді және қолжетімді несие ресурстары мәселелерін шешуге ұмтылатын болады. Өндірістік бизнес өнеркәсіптік, көліктік және коммуналдық инфрақұрылымға қолжетімділікті қамтамасыз ету арқылы қолдау көрсетілетін болады. Ал аграрлық кешен мен жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін жеңілдетілген салық ставкалары енгізіледі. 2027 жылға дейін «AMANAT» шағын және орта бизнес үшін кем дегенде 15 000-нан артық кедергілерді жоюды көздеп отыр.
Нұрлан ҚОСАЙ