Әкім Ұртайұлының әдебиеттен бұрын киноға келуінің бірден-бір себебі: 1964 жылы Мәжит Бегалиннің режиссурасымен жарыққа шыққан «Тұлпардың ізі» фильмнің сценарийі еді. Ол Әкім ағаның 1962 жылы Мәскеуде оқу бітірерде жазған дипломдық жұмысы. Көркемдік ләззаты көрерменге мол әсер әкелген аталмыш кино бүгінгі күн үшін де аса бағалы. Экранға шыққанына 60 жылға жақындаса да, оның көркемдік құпиялары енді ашылып келе жатқандай. «Бүлкілбай» деп еркелетер Мәжит ағасын бүгінгі күндерде аса сағынышпен еске алады. Кейін «Қазақфильм» киностудиясының басшысы болған жұмсақ мінезді Камал Смайыловтың тұсында Ә.Тарази сол киностудияның бас редакторы, Киногерлер одағының он жылдан астам бірінші хатшысы ретінде жұртшылыққа танылды. Саналы ғұмырын ащы бейнетпен өткізуге аса бейім сол кезгі талантты режиссерлер Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Абдолла Қарсақбаев, Сұлтан Қожықовтармен бірлесе жұмыс істеудің нәтижесінде қазақ киносының нағыз классикалық туындылары дүниеге келді. Бұл – әсіресіз шындық.
Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов сияқты көркемсөз алыптарының көзі тірісінде қазақ әдебиетінің ахуалы өзгеше еді. Сол кезде шыққан шығармаларымен жарты ғасырдан бері талай ұрпақ тәрбиеленді. Әкім ағаның кинодағы тұңғыш туындысы «Тұлпардың ізі» болса, ал әдебиетте алғашқы прозалық шығармасы «Құйрықты жұлдыз» 1966 жылы жарық көрді. Биыл өнерге енгеніне 57 жыл толып отырған аталмыш шығарма оқырман қауымның жадында. Жазушы үшін де бұл өте-мөте рухани қымбат дүние болып қалмақ. Жазушы кейде әзіл-шынын араластырып: «Әкім Таразидің ізінен қалмай үнемі Әкім Әшімов еріп жүреді» дейді. Қосақтасып жүретін бұл екі мінез-құлық та бір адамның құзырында. Бұл, әрине екіжүзділікті көрсетпесе керек. Бұл – өзінің шығармашылық жұмыстарына зерделей қарау, тану, талдау, баға беру. Әшімов ешкімнің көңіліне қарамайтын қатал сыншы болса, ал Тарази өзінің де, өзгенің де жұмыстарына жылы қабақ танытып, оң бағасын беріп отырар жүрегі жұмсақ, жайдарлы жан. Яғни, Ә.Таразиде екі таразы бар: біріншісі – сыртқы көз таразысы, екіншісі – ішкі көңіл таразысы. Бірінші көз таразысынан сүрініп кетуің әбден мүмкін. Ал екінші таразыға барынша мән бере тебіренбесең, өмірмен өлшемдес шынай тұжырым жасай алмайсың. Киносценарийлер, пьесалар, яғни көркем шығармалар бет қаратпас әшімовтік сын көзімен оқылады. Иә, «Құйрықты жұлдызға» қанша жерден сын көзбен қарағанымен де, ол бәрібір барлық шығармасының төл бастауы болып қала беретінін жазушы еш жасырмайды. Әкім Тарази кәсіби сыншы емес, бірақ талай үлкенді-кішілі қаламгер өз еңбегіне рецензия жазып беруін өтінген кездері көп болды. Жазушы олардың бірінің ұсынысын құп алса, көбінің өтінішін орындауға аса құлықты емес. Әкім үнемі өзіне сын көзбен қарайды, өзін ешқашан аяған емес. Кезінде ұнатпай жыртып-құртып тастаған шығармалары қаншама десеңізші?.. Оған қапаланып отырар қаламгер де жоқ. Жазушыны өз шығармаларының саны емес, сапасы қатты толғандырады.
Қазір еліміздегі Жазушылар одағы мүшесінің тізімінде барлардың көбі газет пен журналдарда істейтін қызметкерлер болғандықтан, олардың бірлі-жарым әңгімесін оқи қалсаң, журналистік сарынмен жазылған жеңіл дүниелер екенін бірден байқай қоятынын айтады аға жазушы. Және де Жазушылар одағы мүшелігіне – бірді-екілі өлең жазып, пышақтың жүзіндей жұқа жинақ шығарғандар, тіпті, кітабы шықпағандар да өтіп жатыр. Әлдебіреудің жарық көрген кітабын бүге-шүгесіне дейін баяндап шығып, кішкене оны сынаған болып, мүшелікке өтуіне сыңай танытқандардың барлығы жазушы емес деп өзінің орынды пікірін ортаға салады Әкім аға. Бұл жерде Тарази өзін солардың ішіндегі кереметі менмін деп кеуде керуден аулақ. Тек бүгінде әдебиет дамымай, бүк түсіп жатып қалғанын, нағыз жазушылардың жоғын ащы да болса тіке айтып отыр. Иә, шын әдебиет туындату үшін қажымайтын жігерлілік пен талмай ізденетін жанкештілік қажет. Бірде Тұңғыш Президенттің тапсырмасы бойынша Мұстафа Шоқай туралы киносценарий жазды. Мұстафа – тағдыры өте күрделі болғандықтан, бұл тақырыпқа келуге басында сескенді де. Сондықтан тым болмаса, киносценарий жазуға бір жылдай уақыт сұрап еді, бірақ Нұрсұлтан Назарбаев үш айда бітіріп беруін өтінді. Терең ойларға батқаны сонша, бір күні таңертең төсегінен «Мұстафа, Мұстафа» деп шошып оянғаны бар. Содан кейін үш ай оңаша пәтер жалдап, шығарманы бас алмастан жазып шықты. Ал оны романға айналдыру үшін 8-9 жылдай ізденді. Мұрағаттардан тапқандарын ғана қанағат тұтпады. Күрделі дүниеге қай тұрғыдан келуді ұзақ ойланды, тың бейнелер табуға тырысты. Ұзақмерзімдік қажырлы еңбектің арқасында 2008 жылы «Жазушы» баспасынан Мұстафа Шоқай туралы романы жарық көрді. Иә, жазу өнері оңай емес. Қашанда жақсы ойлар тапшы. Ал басыңдағы құжынаған ой сілемдерін көңілдегідей жазып шыға алмасаң, оның жүйкеңе әсер етері тағы бар. Сондықтан жазушы аға көкейге тұнған өзекті ойларды мұқият ұстап, өте төзімділікпен жазуға кіреседі. Жазғандарым құнды болмаса да, кейінгілерге ой тастап, көңілдерін жұбататын бір нәрселерім есте қалар деген ниетпен жазып жүргенін айтады. Жазушының әрбір шығармасының көркемдігі мен құндылығы оның шынайылығында. Шынайы жазылған жұмыстың жарқын тағы мысалы әкім Таразидың «Қызыл сиырдың құны» деген әңгімесі бар. Осы әңгіменің бас кейіпкері – обкомның бірінші секретары. Былайша айтқанда, «ірі» адам. Оның үйіне басқа облыста тұратын шешесі келіп жатады. Ол аз күннен соң ауылында қалған қызыл сиырын ойлайды, абысын-ажынын сағынады. Қысқасы, секретарьдың тұрмысына төзбей, ауылына қайтқысы келеді. Осы орайда секретарьдың да сол облысқа жолы түсе қалып, шешесін өзі отырған ұшақпен ала қайтады. Мұны әуежайдан әріптестері келіп күтіп алады. Қошеметке еліккен секретарь алды-артына қарамай кете барады. Шешесі тұп-тура дастарқан басында отырғанда есіне түсіп, секретарьдың өңі бозарып кетеді...
Сұмдық қой. Жазушы кейіпкерінің кем-кетігін, асыл-артықтығын тәптіштеп көрсетіп жатпай-ақ үлкен қызметтегі «қайраткер» адамның бейнесін осындай пендешілігі арқылы ашып берген. Адамды адастыратын бір қауіпті нәрсе – қошемет екенін бірден түсіндіреді. Егер қошеметке еліге берсең, тапқан шешеңді де ұмытып кетесің дегенді меңзеп отыр автор. Қандай астарлы, ауыр ой.
Жазушы Әкім Таразидің «ТӘЖ» атты кітабы – әрбір қазақ баласының таным-түйсігін кеңейте түсетін мазмұнды оқулық. Тарихи тұлғалардан бастап көркем әдебиеттің кірпіші боп нық қаланған ірі қайраткерлердің тың ойлары және нұрлы тұжырымдарымен ары қарай тараулармен жалғасатын табысты еңбек. Әкім ағаның тек өнер саласына еңбегі сіңген мықты майталмандар мен тау тұлғалы марқасқалар туралы естеліктермен бірге, әдебиет, кино төңірегіне білдірген оң көзқарастары да оқырмандарына ой салады.
Түрік халқының тарихын зерттеген ұлы ғалымдар: Бичурин, Бартольд, Гумилевтер қазақ тілін жетік білген болса, онда көпшілікке әлі беймәлім (Әкім Таразидің жазбаларынан ғана хабардар болып отырмыз) хандардың азан шақырып қойған есімі, олардың рулары, мекен еткен жер-су атаулары нақты қазақ еліне жетер еді. Ғасырдан-ғасырға әріптері біртіндеп өзгеріп, тек қытай жылнамаларының тарихында қала берген. Сол ұмыт болып бара жатқан бұрынғы қазақ хандарын, батырларын қайта жаңғырту үшін тарих зерттеушілердің төл міндетіне жатса керек. Бірақ ұзақ жыл бойы үздіксіз ізденуді, жалықпай жанкешті еңбек етуді, талмай қарекет қылуды талап ететін жауапты жұмыстарға баруға олардың жүректері дауаламай ма деймін?! Әлбетте, бұл оңай жұмыс емес. Дегенмен тамыры тереңге кеткен тарих қоймасына қомағайлана түсіп, түбін қопсытып, қопарып, шындыққа жанасатын деректерді тауып, қалың оқырманға таныту – тарихшыларымыздың зертханалық жұмысы.
Есте жоқ ескі заманға көз жібертіп, көне шежіреден сыр шерткен Әкім аға тарих зерттеушісі болмаса да қазақ халқының намысы үшін бар білгенін баршаға баяндайды. Т.Ахметжанға берген сыралғы сұхбаттың тақырыбы да «Егер Гумилев қазақша білсе...» деп бекер аталмаса керек. Әкім Таразиді білмейтін пенде кемде-кем. Жазушы, драматург – әрбір адамзатқа ауадай керек бұл құнарлы сұхбатында астын сызып нықтап айтатыны, өзін тарихшылардың санатынан емес екенін. Тек қазақ болып туылған соң қазақ елінің, жерінің сыр-сипаттары халықтың назарынан тыс қалмай, ұмыт бола бастаған тарихи тұстары көпшілік үшін құпия болып қалмай, мен сияқты жүрегі қазақ деп соғатын әрбір намысты азамат өзінің қазақ тарихын, шыққан тегін білуге міндетті болғандықтан да көрген, білгенін, оқығанын, дәлелімен көкейге тоқығанын өз оқырмандарымен бөлісуді адамшылық борышым деп есептейді.
Қарымды қаламгер Шыңғыс ханға дейінгі бабалардың атын тізіп, олардың қоныс тепкен жерлері, жер-су атаулары ауыздан-ауызға ауысып, ұрпақтан-
ұрпаққа бұрмаланып жеткен көп тұсына түзету енгізген. Сол атаулардың түп-төркінін, төл мағынасын табуға күш салған. Шыңғыс ханның кезінде өмір сүрген кісі аттарымен бірге олардың руларын да тәптіштей түскен. Бота хан, Киелі хан, Қаблан хан, Бағлан хан, Бұлан хандардың туған кездерінен бастап олардың таққа қандай жолдармен қол жеткізгендері жайында кеңінен сөз етіледі. Олардың жекелеген мінез даралықтарына тоқталып, кейбір хандар мансап-даңқтың салмағын көтере алмай қалай масайрағандары я болмаса дұшпандарымен беріспей шекісіп, әділетсіздіктерді жою жолындағы аяусыз қан төгістері мен билік басында қабылдаған оңды-солды шешімдері турасында, сонымен қатар ішкі-сыртқы жауларымен күресудегі күш-қайраттары, білектерімен бірге жүректері, ақыл-парасаттылықтары да түгелдей тегіс қамтылған.
Әкім аға қиял құбылыстарына арқа сүйеп, құрғақ сөзбен ғана ауыз кептіруді емес, Л.Гумилев, Н.Бичуриндердің зерттеу жұмыстарына сүйене отырып сілтеме келтіріп, дәлелді түрде ой қорытқан. Ең бастысы, еңбектің сапасын арттырып тұрғаны – «Гумилев ананы айтқан», «Бичурин мынаны айтқан» деген ойларымен ғана шектеліп қалмай, олардың пікірлерімен не келісетінін, не келіспейтінін айтып, өзінің ұтымды тұжырымын жасағандығында. Тіпті, өздеріне дейін бұрын жазылған қытай жылнамаларында – тоңын айналдырып, өңін өзгертіп, өздеріне ыңғайлап алған кейбір олқылықтарына да сын көзбен қарап, оң көзқарасын білдірткені еңбектің мазмұнын тереңдете түскен.
Үшінші тарауында әдебиет мұхитындағы алып кит тектес ірі тұлғалардың бүгінгі жас ұрпақ біле бермейтін шығармашылықтарынан тыс жан сырларын жазады. Шығармашылықтарынан тыс дейтіндей жеке өмірлеріне, жеке бастарының қайсыбір кемшіліктерін қазбалау емес. Өнердегі ізденістері мен ұтымды әзіл-қалжындары, кісілік қасиеттері қамтылған. Ұлы кісілердің табанын турашылдан тайдыруға талпынған базбіреулердің бықсық ойлары, жымысқы саясаттарын сезе қойып, одан оңай сытылып шыққандарын немесе тығырыққа тірелген шарасыз жандардың жанайқайларын қысқаша ашық жазады. Қазақша еске алуында (Б.Момышұлы туралы...) Мәуіті қалпақ атаның әңгімесі де өте қызық. Мен оқып күтіп отырдым. Батыр Бауыржан атамыз туралы бір керемет естелік айтатын шығар деп. Сөйтсем, ол әпенді кісі Б.Момышұлын мүлдем танымайтын болып шықты. Көрші ауылға келіп қалған батыр атамызға арнайы сәлем бермекші болған ана шал, жол-жөнекей кездескен кедергілердің кесірінен онымен жүздесе алмай өкініште қалады. Бауыржандай ұлы ақсақалдың қолын ала алмай қапыда қалған қарттың ебедейсіз тірліктерін Әкім аға әзілмен әдемі көмкере білген. Нағыз анекдот.
Әкім Ұртайұлы «өмірімде екі-ақ рет көз жасыма ерік бердім» дейді. Оның бірі – асқар таудай әкесінен айырылғанда, тауы шағылып, беттің жүзін жасы шайғанын ешбір жанға байқатпады. Тек сұм соғыстан жаны аман қалған Мәжит ағасына ғана ағыл-тегіл болып ентігіп жылағаны бар. Сол кезде ішінде қалған шерін бір шығарғаны бар. Жазушы ыстық сағынышпен еске алатын Мәжит ағасының ерлігін, кеңдігін, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығын кеңінен айтады. Мәжит Бегалиннің атқарған жақсы жұмыстарын бағалап, мақтап мадақтаса, бірде әркімнің басынан өтер әлдебір жайттардың түндігін түреді...
Негізінде, автор не жазам десе де ол өз еркінде. Нұсқаумен жазған қаламгердің ой кеңістігіне нұқсан келуі мүмкін. Әкім аға көбіне ой, сезім, жүрек қалауына жол беріп, көңілі тартқан тақырыптарға ғана қалам тербейді.
Әлі толық танылмаған, ашылмаған, зерттелмеген әлемдік құбылыс. Адам табиғатына терең үңілуге тырысады. Ақылды – ақымақ, кішіпейіл – тәкаппар, момын – бұзық, тағы басқа толып жатқан мінез-құлықтар жиынтығы тек повесть, романдар арқылы оқырман қауымына жетіп отырған жоқ, олар сонымен қатар театр сахнасында да көрініс тауып, көрермендер жүрегіне жол тартуда. Кеңестік жылдарда Қолмерген Кейкі батыр туралы жазылған пьесасын Арқалық театрының ұжымы ұнатып, бірден дайындыққа кірісіп кеткен-ді. Кейін белгісіз себептермен облыстық партия комитетінің екінші хатшысы театрға арнайы келіп жаптырып тастапты. Бірақ Әкім аға бұл кедергіге түк те өкінген жоқ. Тек сол пьесасының із-түзсіз жоғалып кеткеніне өкініш білдіреді. Драматургтің қолында қолжазбасы да қалмағандықтан, екі рет шығарылған оның пьесалар жинағына ене алмады. Жалпы, мұндай тосқауылдар жазушының жолында көптеп кездесті. 1989 жылы идеологиялық қысым күшейіп тұрған тұстарда, драманың не екенін біле бермейтін базбіреу: «Қазақстанның он екі театрында, Ә.Таразидің сегіз пьесасы жүріп жатыр, одан басқа драматургтер құрып қалған ба?» деп соңғы бір пленумда. Содан Әкімнің пьесалары екі-үш премьералардан кейін жабылып қалып жатты. Театр актерлері, көрермендер жылы қабылдаса да, пьесалары театр репертуарынан не себептен түсіп қалып жатқаны түсініксіз күйде қала берді. 1970 жылы Семей театры сахнасында режиссер Б.Омаров қойған «Жақсы кісі» спектаклінің де ғұмыры ұзақ болмады. Алайда мұндай тосқауылдарға Әкім аға мойымады. Керісінше, сол шымшыма әрекеттер оның шығармашылық тұрғыда ширай түсуіне, қатая түсуіне үлкен себепші болды. Және тәуір дүние түптің түбінде қылт етіп жарық көреріне кәміл сенді. Ол сенімі ақталды да. «Жақсы кісі» араға 24 жыл салып, талантты режиссер Ж.Хажиевтың режиссурасымен Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры сахнасына қайта шықты. Иә, шыдамды кісінің ой түкпірінде ғаламат ғажап сырлар мен сенім жатады. Алдағы уақытта да «Күлмейтін комедия», «Жолы болғыш жігіт», «Қос боздақ» т.б. пьесалардың сахнаға жол тартатынына еш күмәні жоқ.
Қазақ деген халықтың ұлы болып келгенін мақтан тұтатын Әкім аға ұлтымыздың бас бірлігінің берік болуын және тірнектеп жиған қазынамызды көбейтіп, өрістетіп, өрісімізді ұзартатын өрелі жастардың көп болуын армандайды. Жаманшылық жойылып, көреалмаушылық кеміп, күндестік кетіп, орнына адамдардың біріне-бірі көрсетер жақсылығы молайып, қуанышпен құшақ жая қарсы алар асыл адамзаттардың қатары молая түсуін тілеуде. Жаратқаннан адамдықтың белгісі ретінде үйде де, түзде де кедей болмай жомарт болуға, жоқ болмай бар болуға, тар болмай кең болуға, кем болмай мол болуға өзін тынымсыз, толассыз тәрбиелеумен келеді. Өмірде болмай тұрмайтын түрлі күйзеліске кезіксе де, өзінің ішкі дүниесімен үздіксіз кеңесуін бір сәтке де тоқтатпақ емес. Арсыз болып өмір сүру тіршіліктің тауқыметі екенін ерте түсініп, інге кірген аңдай арам болуға емес, ағарып атқан таңдай адал болуға ниеттенуде. Қолында қола болса да, оны алтынға балап, еңбек құшағында, еркін шалқып рақаттана, рухтанып жүруді жөн көреді.
Әдебиет – ұлан-асыр бәйге. Шығармаң – сол бәйгеге қосқан жүйрік сәйгүлігің. Кім болса да атының бәйгеден озып келгенін қалайды. Алайда Әкім аға қайтсе де өзгеден оза шабу үшін адамшылық шеңберден шығып кететіндердің қатарынан емес. Атақ-даңқ үшін емес, оқырманның есінде ұзақ сақталу үшін қаламын серік етуді жөн санаған жан. Бірінші, (Әуезовтің шығармасы бойынша жазылған) Әкім ағаның сценарийімен, режиссер Б.Шәмшиев түсірген «Қараш-қараш оқиғасымен» қырғыз әртісі мен операторды және сценарий авторын мемлекеттік сыйлыққа ұсынған, бірақ Әкім Ұртайұлы ондай құрметке әлі лайық емеспін деп тізімнен өзін сыздыртып тастаған. Ал авторы болмаған жерде фильмге сыйлық берілмейтінін кейін біліп, екі жігіттің обалына қалғанын кеш түсінді. Дегенмен жазушының бар арманы мансап қуып, құрғақ құрметке ие болу емес, өмірдің, өнердің мәнін біліп, бақытты болу ғана еді. Жазушылар одағының хатшысы кезінде, сыйлықтың түр-түрін алуға талай мүмкіндік болса да, екі рет өз еркімен бас тартып, өнердегі ағаларынан аттап кете алмай өз жолын берді. Адам болған соң үлкенді ардақтап, кішілік ілтипатын көрсете білуі, бұл Әкім ағаға ата-бабасынан борышты болып, бойына сіңген ұлттық қасиет болса керек. Адамның тұла бойында тұрақталып қала бермейтін осынау ұлы қасиет ұрпақтан-ұрпаққа жалғасса нұр үстіне нұр.
Айзат ҚАДЫРАЛИЕВА,
театртанушы