«Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласының активімен кездесу өткізіп, оның қорытындысы бойынша, қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және ескерту жұмыстарының тиісінше ұйымдастырылмауына, қала тұрғындары үшін облыс орталығын дамыту және абаттандыру жөніндегі маңызды жобалардың іске асырылуына қажетті бақылаудың болмауына, қала әкімдігінің Павлодар қаласы тұрғындарымен коммуникациясының әлсіреуіне байланысты Павлодар қаласының әкімі Ержан Иманзаиповты лауазымынан босату туралы шешім қабылданғанын мәлімдеді», – деп жазылған Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі жіберген хабарламада.
Облыс әкімінің аппаратына Президент Әкімшілігіне тиісті ұсыныс енгізу тапсырылды.
Айта кетейік, Е.Иманзаипов қала әкімі қызметіне 2022 жылдың соңында тағайындалған еді.
Ержан Бейбітұлы Иманзаипов 1984 жылы туған, екі жоғары білімі бар. 2006 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетін өнеркәсіптік жылу-энергетика мамандығы бойынша, 2010 жылы Алматы экономика және статистика академиясын қаржы мамандығы бойынша аяқтаған.
Еңбек қызметін 2006 жылдың наурызында Павлодар қаласы «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамының машинист-қараушысы болып бастады.
«Павлодар қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде тұрғындармен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас маманы; Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Құрылыс істері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің жетекші маманы болып істеді.
2007 жылдың наурызынан бастап 2014 жылдың сәуіріне дейін Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің құрылымдық бөлімшелерінде жетекші маман лауазымынан Департамент директорының орынбасары лауазымына дейін қызмет етті.
2014-2017 жылдары Павлодар және Екібастұз қалалары әкімінің орынбасары;
2017-2019 жылдары Павлодар облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы;
2019-2020 жылдары Екібастұз қаласының әкімі болған.