Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер алматылық әріптестерінің көмегімен сектанттарды ұстады. Деструктивті діни ағымның өкілдері – шетелдіктерді ел аумағынан шығару туралы сот шешімін орындамаған.
СҚО-да сектанттар ұсталды
2,914
оқылды

СҚО Полиция  департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қазақстанда тыйым салынған діни-тоталитарлық сектаны ұстанушы екеу - Ресей азаматы. Полицейлер оларды ұстау бойынша жедел-іздестіру шараларын Алматы қаласының аумағында жүргізді. 42 жастағы ер адам мен 60 жастағы әйел осыған дейін де жедел уәкілдердің назарына іліккен. 2022 жылдан бастап олар Петропавл қаласына бірнеше рет келіп, жұртты секталарына шақырған, «рухани тазаруды» уәде еткен.

Нәтижесінде,  осы жылдың басында екеуіне қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 489-бабы 10-бөлігі бойынша хаттамалар толтырылды. Сот құқықбұзушыларға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салып, ел аумағынан шығуға міндеттеді.

Алайда сектанттар Ресейге емес, Петропавлдан Алматыға кетіп қалған. Уақыт өте келе оларды полицейлер тағы ұстады. Бірер күн бұрын Петропавл қаласының мамандандырылған әкімшілік соты оларды ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартты. Заңбұзушылар ел аумағынан әкiмшiлiк жолмен шығарылып, енді 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді және оларға ҚР аумағына кіруге 5 жылға тыйым салынды.

Мамандардың айтуынша, секталар адамды психофизиологиялық жағынан аздырып, сыни тұрғыдан ойлау қабілетіне де әсер етеді.