Ару қалаға арман қуып келіп, соңында арба сүйреп жүрген жастар көп. Әсіресе, елдегі ең ірі қалаларда қалауын тауып мақсат еткен мамандығына қол жеткізгенімен, кәсіби салада қызмет істеуде түрлі кедергіге тап болатындардың қатары жиілей бастаған.
Дәуірі дипломның өткені ме?
5,032
оқылды

Салдарынан салы суға кеткен жас мамандардың дені күндік жұмысқа жалданып күнелтуге мәжбүр. Себебі тәжірибесі жоқ жас мамандарды тосырқап қабылдайтын жұмыс берушілердің ұсынатын айлығы шайлыққа жетпейтіні жасырын емес. 

Төрт жыл көз майын тауысып оқыған бір жапырақ қағаздың қызығын көрмеген алматылық Шыңғыс қазір қаладағы сауда орталығында күзетші болып жұмыс істейді. Бүгінде жасы қырықтан асқан ол да өзгелер секілді жоғары оқу орнында білім алып, армандаған мамандығы бойынша қызмет етуді мақсат етіпті. Алайда алған білімін кәдеге жаратамын деп жүргенде, дипломының жарамдылық мерзімі өтіп кеткенін айтады. «Мектеп бітірген жылы екі жыл әскерде болып, Отан алдындағы міндетімді өтеп келдім. Сол жылы жазда өз бетімше дайындалып, қалаған оқу орнына оқуға да түстім. Инже­нер-механик маманы екенімді дәлелдейтін қағазды алғашқы 4-5 жыл бойы құшақтап, мемлекеттік те, жекеменшік те мекеме­лерге бардым. Бірақ түйіндемемді алып қалып, айнала бере қоқыс жәшігіне лақтыратындар да болды. Бос орындарға көкенің көмегі арқылы ғана кіруге бола­тынына көз жеткізген соң дипломымды сандыққа салып, алдымда кездескен кез келген жұмысқа кіруге бел шештім. Базарда арба сүйреп, құрылыс саласында сантехник те, электрик те болып көрдім. Соңғы екі жылдан бері ары-бері жүгіріске денсаулық жарамайтын болған соң күзетші болып жұмысқа тұр­дым. Осы күні маман­дық бойынша жұмысқа кіруге құлшыныс та жоқ. Дипломымның қайда қалғанын да білмеймін», – дейді Шыңғыс. 

Астаналық Әділ Елзат былтыр ғана Астана халықаралық университетінің көркем еңбек және бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі мамандығын тәмамдапты. Сту­дент кезден бастап мамандыққа қатысы жоқ болса да әртүрлі жұмыс істегенін айтқан ол: «Үлкен қалада күнделікті қажетіңе қаражат керек. Оның үстіне, оқуым ақылы болған бос уақытымда жұмыс істеп жүрдім. Оқу бітірген соң жұмыс беру орындарына барып көрдім. «Жас мамансың. Бірден жақсы жалақы болмайды. Алғашқы бір жыл 100 мыңның ар жақ, бер жағын бере аламыз», – деді. Мұндай жалақыға өзім барғым келмеді. Өйткені 100 мыңмен қалада жан бағу мүмкін емес. Екінші жағынан өз мамандығыммен жұмыс істеуге деген ниет те аз болды», – дейді. 

Оның айтуынша, мамандық бойынша жұмыс істейтін жастар аз екен. «Бүгінгі заман дипломның көгі мен қызылына қарамайды. Қазір кімнің миы жұмыс істейді, сол озады. Адамзат үшін қажетті нақты мамандық иелері болмаса, қазір дипломдылардың дәуірі өтіп бара жатқан секілді. Мен үшін мамандық бойынша емес, өзіме ұнайтын салада жұмыс істеген әлдеқайда дұрыс. Өзіме ұнайтын салада жұмыс істеп, адал еңбекпен халыққа пай­дамды тигізсем деймін. Ең бастысы, жала­қыға емес, табыс тауып, өз-өзіме жұмыс істегенді жөн көрем», – деп ағынан жарылды Әділ Елзат. 

Біліктілігі жоқ кадрға сұраныс жоғары

 2018 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасы 4 жыл бойы жоғары оқу орнын бітірген жастардың жұмысқа орналасуына зерттеу жүргізген. Нәтиже­сінде, елдегі жастардың 60 пайызы мамандық бойынша жұмыс таппаған.  Зерттеу қорытындысына сенсек, жұмыс берушілер жас мамандардың кәсіби біліктілігіне көңілі толмапты. Ал 2020 жылы палата сарапшылары жұмыс берушілердің қазақстандық түлектердің көпшілігіне «сұранысқа ие емес» деген баға бергенін айтқан болатын. Яғни, жұмыс берушілердің 68%-ы білім беру бағдарламаларының өзектілігі мен сапа­сына риза болмаған көрінеді.

Ал жақында Finprom сарапшыларының мәліметі шықты. Оған сенсек, елдегі 2 млн адам өз мамандығымен жұмыс істемейді.  Бұл бес жыл бұрынғы кезеңмен салыстыр­ғанда 25 пайыздан асып кеткен. Айталық, осы күні оқу орындарын бітірген түлек­тердің 40 пайызға жуығы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді екен. Жұмыс­пен қамтамасыз ету орындары ұсынатын сұранысқа ие мамандықтар бойынша бос орындар әлі де толған жоқ. Өйткені дипломы бар түлектер әлгінде айтқандай азын-аулақ ақшаға айлап жұмыс істеуге құлықсыздық танытады. Мәселен, биыл жоғары оқу орындары мен колледждерді 300,7 мың студент бітірсе, оның төрттен бірі –  бастауыш сынып мұғалімдері, пән мұғалімдері мен тәрбиешілер. Одан кейін қызмет көрсету, өндіріс, бизнес, басқару және құқық мамандығын алғандар да әрқайсысы алты пайыздан үлес алып отыр. Сарапшылардың айтуынша, заңгерлер сұранысқа ие мамандықтар тізімінде бірінші ондыққа да, тіпті екінші ондыққа да енбейді. Бірақ экономистер, заңгерлер мен қаржыгерлерге сұраныстың аздығына қарамастан, бұл мамандықтар әлі де көп таңдалады. Биылдың өзінде 12,4 мың түлек сертификатталған заңгерлер мен экономистер қатарына қосылған. Оның ішінде 7,6 мың адам заңгер дәрежесін алып отыр. Алайда былтыр қазақстандық еңбек нарығының заңгерлерге деген нақты қажеттілігі шамамен 5 есеге аз болған. Есесіне қазақстандық еңбек нарығының негізгі сұранысқа ие бөлігі – арнайы біліктілігі жоқ кадрлар. Яғни, сұраныстың алдыңғы қатарында күзетшілер, дүкен сатушылары мен жүргізушілер тұр. 

Еңбек нарығы тар

Жалпы алғанда, жастар арасындағы жұмыссыздықтың соңғы жылдары күрт өсуіне пандемияның әсері болған. Бұл біздің елде ғана емес, әлем елдерінде де байқалыпты. Әлеуматтанушы Айгүл Сәдуақасованың сөзінше, кез келген салада қысқарту жүргенде алдымен жастар ілігеді. Ал қазір жастардың көбі қызмет ету саласында жүр. Мәселен, пандемия кезінде жастардың басым бөлігі жұмыс істейтін шағын бизнесте қысқарту жүрді. Екіншіден, елдегі еңбек нарығы мен білім жүйесінің әлі де бір-бірінен алшақтығын алға тартқан маман: «Экономикаға қажетті мамандар нақты деңгейде дайындалмайды. Жұмыс берушілердің талаптарымен жас мамандардың білім деңгейі, дағдылары бір- бірімен сәйкес келмейді. Жұмыс нарығы тар. Нақты өндіріс саласының сыйымдылығы толыққанды жастарды алуға мүмкіндігі жоқ. Сондай-ақ қазіргі жастар нарықта болып жатқан жағдай­ларды көріп, біліп отыр. Олар да бірінші қатарда бос уақытын жоғалтқанды жөн көрмейді. Төмен жалақымен бастапқы базалық қажеттіліктерін қамтамасыз ете алмайды. Бұдан бөлек, меритократия әлі де қалыптаспаған. Қазір меритократияны мемлекеттік қызметпен ғана байланыс­тырады. Басқа салаларда қарастырылмаған. Ашық вакансия формалді түрде жария­ланады. Толыққанды конкурс арқылы өтуге мүмкіндіктер өте төмен. Сондықтан мамандық бойынша орын табу қиын», – дейді.

Әлеуметтанушының сөзінше, мемле­кеттік басқару жүйесіндегі жастар бағдар­ламаларына бағалау жасаудың мүмкіндігі қарастырылмаған. Десе де, елдегі жұмыс­сыз жастарға арналған кейбір бағдар­ламалар тиімділігін көрсетіп те келеді. 

Кәсіби бағдар берілу керек

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев жастар арасындағы жұмыссыздықтың басты себебін мектепте дұрыс берілмеген бағыт-бағдардан іздеу керек дегенді айтады. Себебі бүгінгі ата-аналар мен мектептің басты жұмысы – баланы грант­қа іліндіру ғана болып кеткен. Депутаттың айтуынша, ең бірінші кезекте мектеп табалдырығын бітіретін түлекте мамандық таңдауда дұрыс таңдау болу керек. Бұл орайда баланың жақсы көретін пәніне, бейіміне қарап мұғалімі мен ата-анасы мамандық таңдауда қызығушылығын оятқаны дұрыс. «Сол үшін мектеп кезіндегі кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізу қажет.  Бізде мұндай бағыт-бағдар жоқ. Тек мектеп бітіретін жылы таңдау жасап, бөлінетін грант санын есептеп әуреге түсіп кетеміз. Ары қарай бала ол мамандықты алып кете ала ма, жұмысын жүрек қалауы­мен орындауына бас қатырмайды. Кезінде оқытушы болғанда аудиторияда 20 студент отырса, соның 4-5-і жүрек қалауымен, қалғаны өзгелердің ықпалымен түскендер еді. Өкінішке қарай, қазір жүрек қалауына емес, әке-сәкесіне сенетіндер көп. Мы­салы, оңтүстік өңірлерде парасыз жұмысқа қабылдану қиын деп жатады. Ол да шындық. Екіншіден, бізде адам еңбегі бағаланбайды. Сол үшін қазіргі жастар азын-аулақ ақшадан гөрі шетелде арамшөп жұлып, қарға қуып тапқан қаржыны әлдеқайда құп көреді. Себебі біздегі минималды жалақымен жан бағу мүмкін емес», – дейді Дәулет Мұқаев. 

Алайда депутат «еңбек биржасы ұсы­натын түрлі вакансия арқылы мамандық бойынша жұмысқа орналасу мүмкіндігі бар» деп отыр.  Мәселен, бір ғана Қызыл­жарда мемлекеттік қызметте 417 орын жетіспейді екен. Сондықтан ірі қалаларда қалмас бұрын мамандық бойынша бос орындарға сұраныс жоғары Қостанай, Қызылжар, Павлодар секілді аймақтарда бақ сынауға болатынын жеткізді. 

Ресми мәліметтерге сүйенсек, елдегі жастардың 96 пайызы жұмыспен қамтыл­ған. Әйткенмен, бұл көрсеткішке өзін-өзі жұмыспен қамтып, басқа салада бағын сынап жүргендер де кіріп отыр. Оның ішінде барлығы қалаған мамандығында немесе лайықты жалақы алады деген сөз емес. Жоғары білім берудің қазіргі жүйесі еңбек нарығының қажеттіліктерін өте­мейді. Себебі түлекте таңдау жоқ, ал жоғары оқу орындарының кем дегенде жартысы диплом беретін орынға ғана айналып отыр. Осы «диплом зауыт­тарындағы» білім сапасы мен еңбек нары­ғындағы жалған статистика жойылмай, сандықтағы дипломның саны арта бермек. 

Жадыра МҮСІЛІМ

© коллаж: Елдар ҚАБА