Сағат 22.00-де Жәнібек ауылының 1991 жылғы тұрғыны хабарласып, 3 жасар Айару есімді қызының жоғалып кеткені жөнінде полицияға жүгінген.
БҚО-да жоғалған 3 жасар қыз иісшіл иттің көмегімен табылды
843
оқылды

Батыс Қазақстан облысында кешкісін жоғалып кеткен 3 жасар қыз 8 сағаттан кейін даладан табылды.

БҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, оқиға 28 тамыз күні Жәнібек ауданы аумағында болған. Сағат 22.00-де Жәнібек ауылының 1991 жылғы тұрғыны хабарласып, 3 жасар Айару есімді қызының жоғалып кеткені жөнінде полицияға жүгінген.

«Кеше түсте әйел Ұзынкөл ауылына қонаққа бара жатқан. Жолшыбай мінген автокөлік әйел мен қызды ауыл шетіне түсіріп кеткен. Ымыртта әйел қызынан көз жазып қалады. Бойын үрей билеп, жан-жағын қарап, іздейді. Бірақ одан ештеңе шықпаған соң полиция қызметкерлеріне хабарласады. Кішкентай бүлдіршінді іздеуге полиция бөлімінің барлық жеке құрамы жұмылдырылды. Түнімен жүргізілген іздеу іс-шарасына 200-ден астам адам, аудандық полиция, ТЖ бөлімі, шекара қызметі, әкімдік және жергілікті ауыл тұрғындары, аудан мекемелері атсалысты. Соның нәтижесінде Айару таңғы сағат 04.00-де шекара қызметі кинологы иттерінің көмегімен аман-есен табылды. Аудандық ауруханаға жеткізілген қыздың өмірі мен денсаулығына қазір еш қауіп төніп тұрған жоқ», – деп хабарлады ведомстводан.

Жәнібек ауданы ТЖ бөлімінің мәліметіне қарағанда, 3 жасар қыз шамамен 18.30-да жоғалып кеткен. Бүлдіршін Ұзынкөл ауылынан 7 шақырым қашықтықта табылған.

Тұрғындардың нақтылауынша, Айаруды Жәнібек шекара басқармасы Қайрат шекара бөлімшесінің кинологы Рафхат Тайкенжин тапқан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын жазғы Батыс Қазақстан облысында 200 тоннаға жуық пішеннің отқа оранғанын жазған едік.