Президент ел экономикасын дамытуға қатысты нақты зерттелген, есептелген ауқымды жоба-жоспарымен таныстырып, бұл бағыттағы әрбір проблемаға жеке-жеке тоқталды. Әрбір өзекті түйткілдің экономикамыздың дамуын қалай тежеп отырғанына мысалдар келтіріп, оны шешудің нақты жолдарын көрсетті.
Менің байқағаным, бұл Жолдауда, ең алдымен, ұлттық экономиканың құрылымына қатысты реформаның басты бағыттары ашық айтылды. Еліміздің экономикалық қауіпсіздігі, азық-түлік қауіпсіздігі, ұлттық экономиканың ішкі және сыртқы сын-қатерлерге төзімділігі алдыңғы қатарға шығарылды. Мұның себебі, қазіргі кезде геосаяси ахуал ушығып, әлемдік нарықта экономикалық тежелу анық байқалады.
«Барша адамзат түрлі сын-қатермен бетпе-бет келуде. Көптеген ел табиғи апатты, электр қуаты мен азық-түлік тапшылығын бастан өткеруде. Мамандардың айтуынша, биылғы шілде әлем тарихындағы ең ыстық ай болды. Көптеген елде инфляция өршіп, қымбатшылық болып жатыр. Мемлекеттер арасында түрлі текетірес, қарулы қақтығыс белең алды. Босқындардың саны 110 миллионнан асты. Мұның бәрі Қазақстанға да салқынын тигізеді» деп Президент әлемдегі ахуалдың бізге де жағымсыз жағынан ықпалы болатынына назар аударды.
Мемлекет басшысы «Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді» дей келе біз барлық экономикалық жүйені шұғыл түрде түпкілікті қайта қарап, өзгерту жолымен ғана өркендейтінімізді қадап айтты. Өз экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету үшін қандай қадамдар жасауымыз қажеттігін жіпке тізгендей етіп, егжей-тегжейлі түсіндіріп берді. Мысалы, жаңа өнеркәсіп саясатын жүргізіп, еліміздегі жұмысқа отандық шикізатты, тауар мен кадрларды пайдалану керектігін айтты. Шындығына келсек, қазір біз аулаларды абаттандыруға қажетті тауарларды (балалар алаңындағы құрал-жабдықтар) Ресейден тасымалдап отырмыз. Арзан жұмыс күші есебінде құрылысқа кадрларды Өзбекстан, Қырғызстаннан шақыртамыз. Бұл үрдіске тосқауыл қоятын кез келді.
Президент ұлттық қауіпсіздік мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл бағыттағы маңызды мәселенің бірі – қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту. Жасыратыны жоқ, біз қазір қорғаныс өнеркәсібінде импортқа тәуелділіктен арыла алмай отырмыз. Әскери техниканы көршілес елдерден сатып аламыз. Президент өз әскерімізді заманауи әскери техникамен, қару-жарақпен қамтамасыз ету үшін жергілікті өндірісті дамытуды бірінші орынға қойып отыр. Бұл орайда Арнаулы қорғаныс-өнеркәсіп кешенін дамыту қоры арқылы өз кәсіпорындарымызға тікелей қаржылық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Бұл Жолдаудың екі жаңалығы – жаңадан екі министрлік құрылатын болды. Президент экономиканың стратегиялық жағынан маңызы зор екі саласы – көлік-логистика жән су шаруашылығын дамытуға айрықша тоқталды. Қазіргі таңда еліміз көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалана алмай отырғанына дәлел-дәйектер келтірді. Соның бірі – сын көтермейтін автожолдар құрылысы, осы саладағы жемқорлықтың артуы. Президент саланы тиімді басқару үшін Көлік министрлігі құрылып, оған жол инфрақұрылымын салу міндеті де қосылатынын айтты.
Соңғы кездері біздің баспасөзде жиі көтерілген мәселенің бірі – су. Өйткені, күн сайын күллі әлемде судың құны да, маңыздылығы да бірнеше есеге артып барады. Халық саны өссе, суды да көбірек тұтынамыз. Соның бір дәлелі, елордадағы су мәселесінің бірінші орынға шығуы. Президент 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін екенін мәлім етті. Суға келгенде трансшекаралық су көздеріне тәуелді болғандықтан әділ, тиімді су саясатын жүргізбесек, кейін бармақ шайнап қалатынымызды алға тартты. Бұл салада бізде мәселе шаш-етектен. Сол себептен Мемлекет басшысы Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылып, ведомство аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтінін сүйіншіледі.
Бұдан бөлек, Президент елімізде IT-саланы дамыту, экожүйеге дұрыс көзбен қарау, креативтік индустрия мен орта кәсіпкерлікті өркендету және т.б. түйткілі мол мәселелерге кеңінен тоқталды. Бұл жұмысты атқару үшін бізге бірлік, ынтымақ, ықылас, күш-жігер, отаншылдық сияқты қасиеттер қажеттігін айтты. «Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек» дей келе бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету деген перзенттік парызымызға баршамызды адал болуға үндеді.
Бибігүл Жексенбай,
сенатор