Өкінішке қарай, түйсік танымымызды пендешіліктің алдында тізерлетіп, табиғатқа орасан зиян тигізіп жатырмыз. Әрекетіміздің жауабын да алдық. Табиғат талай рет адамзаттың осындай іс-әрекетіне тиісінше жауап берді. Біздің жадымызда дүниенің түкпір-түкпірінде болып жатқан табиғи катаклизмдер, техногендік апаттар сақталды. Өзге құрлықты айтпағанда, өз еліміздегі талай апаттардың артында адам баласының үлесі тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Адам мен табиғаттың қарым-қатынасы біздің еліміз үшін өте өткір мәселе болып отыр. Әсіресе, су ресурстарының есепсіз жұмсалып, табиғаттың тегін беретін тамаша сыйын тиісті дәрежеде бағалай алмай жүрген секілдіміз бе дейсің...
Бүгінде еліміз бойынша жерүсті су ресурстарының жалпы көлемі 100,9 текше километрді құраса, оның 56,2 пайызы республика шеңберінде қалыптасып, қалған көлемі көрші елдердің аумағынан бастау алып, бізге келеді екен. Су ресурстарының басым көлемі Ертіс, Балқаш-Алакөл су шаруашылығы алқаптарында шоғырланған. Ал жерасты суларының Қазақстан бойынша жылдық болжамды көлемі 64,28 текше километрді құраса, оның бүгінгі күні пайдаланылып жүрген қоры жылына 15,56 текше километр мөлшерінде. Жерасты тұщы суының негізгі қорлары еліміздің оңтүстігі аумақтарында орналасқан. Бұл шамамен 54%-ы құрайды. Еліміздің батысы және теріскейінде жерасты тұщы су қорларының тапшылығы әзірден байқалады.
Жерүсті су ресурстарының көпжылдық динамикасына қарасақ та су көлемі жылдан жылға азайып бара жатыр. Егер 2000 жылдары жерүсті су ресурстарының көпжылдық орташа көлемі 120 текше километрді құраса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 102 текше километр деңгейінде болып отыр. Бұл негізінен климаттың өзгеруімен және шаруашылық субъектілерінің суды тиімсіз пайдалануымен байланысты факторлардың әсерінен болған құбылыс. Салдарынан қазір Жайық, Тобыл, Іле, Ертіс, Есіл өзендерінің де таяздануын байқап отырмыз.
Еліміздегі су ресурстарының азаюы, өзендер деңгейінің қатты төмендеуі тек қана климаттың өзгеруіне ғана байланысты емес екенін ескерген жөн. Бұл процеске өзінің елеулі үлесін қосып отырған тағы бір жай бар. Ол бізге сырттан келетін өзендердің бас жағында отырған көршілеріміздің сол ортақ, трансшекаралық су көздерін пайдаланудағы, біздің мүдделерімізді толықтай ескермей жүргізіп отырған саясаттары. Мысалы, Жайық өзенінің бас жағында отырған Ресей облыстары салып тастаған, әрқайсысы кем дегенде 10 млн текше метр су ұстайтын 12 су қоймасы бар екен. Нәтижесінде, соңғы 15 жылдың ішінде Жайық өзенінің деңгейі үш есеге төмен түсіп кеткен. Дәл осындай жағдай оңтүстіктегі ұлы көршімізбен арада да қалыптасып отыр. Синьцзян-Ұйғыр автономдық ауданының ауыл шаруашылығы мен өндірісінің қарыштап дамуына байланысты Іле мен Ертіс өзендері арқылы бізге келетін су мөлшері де жылдан жылға азаюда. Соңғы жылдары іргедегі көршілеріміз – қырғыз ағайындарымыздың Шу мен Талас өзендерінен бізге тиесілі су көлемін бермей отырғаны да осының бір айқын мысалы.
Әрине, бүгінгі күні мұздақтардың еселеп еруі әлемдегі суға деген сұранысты белгілі бір мөлшерде қанағаттандырып отыр. Бірақ 2030–2050 жылдарда мұздақтардың еруінің жылдамдығы өзінің жоғары деңгейіне жеткенде әлемнің көптеген елдері, оның ішінде біздің Қазақстан да бар, су тапшылығын айқын сезінетін болады. Ал осы ғасырдың аяғына қарай мұздақтардың көпшілігі толығымен еріп кетуі де ғажап емес. Осы сала мамандарының зерттеулері бойынша, Жоңғар мұздақтар жүйесі 2080, ал Іле мен Алтай мұздақтар жүйелері 2085 жылдарға қарай толық жоғалуы мүмкін.
Су ресурстарының бар нақты көлемін тиімді пайдаланып жүрміз бе? Күні ертең басымызға келетін су тапшылығына дайынбыз ба? Бұл өте үлкен және маңызды сұрақ. Мамандардың болжамы бойынша, 2040 жылы елімізде су тапшылығы елеулі түрде байқалып, ол қажетті мөлшердің 40 пайызын құрауы мүмкін. Ел экономикасының барлық саласы су ресурстарына тәуелді екенін ескерсек, 2050 жылдың деңгейінде, су тапшылығынан еліміздің ішкі жалпы өнім мөлшері 6 пайызға төмендеуі де ақиқатқа айналуы ғажап емес. Ал бүгінгі күні мемлекетіміздің осы мәселелерге қатысы бар лауазымды тұлғалары да, қарапайым халық та осы проблеманың қаншалықты айрықша маңызы барын, оны ертеңге қалдырмай бүгін қолға алу қажеттігін жете түсініп отырмаған сыңайлы. Айта берсек, тіпті бүгінгі күні Қазақстанда осы су проблемаларын жете түсінетін, трансшекаралық су мәселелері бойынша Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан су мамандарымен тең дәрежеде келіссөз жүргізе алатын мамандар қалмады десем артық айтқандық емес. Су ресурстарын үнемді де тиімді пайдалануға бағытталған нақты шаралар қолданбаса, еліміз жақын болашақта өте қиын жағдайларға ұрынуы әбден мүмкін.
Елімізде су ресурстарын ең көп пайдаланатын тұтынушы ауыл шаруашылығы екені даусыз. Ал осы салада суды ысырап ету деңгейі 50 пайызды құрайды екен. Оның негізгі себептері – инженерлік жүйелердің, каналдардың, гидротехникалық құрылғылардың ескіргені. Сонымен бірге суармалы жерлерде суды пайдаланудың шетелдерде өзін жақсы танытқан технологиялық әдістері қолданысқа баяу енгізілуі де суды тиімді пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Ал қалалар мен елді мекендерде де су ысырабының деңгейі өте жоғары. Су құбырлары мен кәріз жүйелерінің тозығы жетуі себебінен су ысырабының көрсеткіші 40-45 пайыз мөлшерін құрап отыр. Ал батыстың дамыған елдерінде, мысалы Германияда, бұл көрсеткіш 5-7 пайыздың төңірегінде екен.
Қазақта мынадай «Үш күндігін ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без» деген қанатты сөз бар. Ал мемлекет кем дегенде 30-40 жылды алға салған болашақты жоспарлауы тиіс. Үкімет осы бір кезек күттірмейтін мәселені ертеңге қалдырмай, бүгін қолға алып, тиісті шаралар қол-дануы тиіс. Ал мен өз тарапымнан, осы салада көп жылдар қызмет істеген маман ретінде, кезек күттірмей қолға алуды қажет ететін бірқатар іс-шаралар пакетін ұсынғым келеді. Егер тиісті мемлекеттік органдар қажет деп тапса, керегіне жаратар деген сенімдемін.
Біріншіден, бір кездері республиканы су ша-руашылығы мамандарымен толық қамтамасыз етіп келген, ал 90-шы жылдары биліктің шолақ саясаты-ның нәтижесінде оптимизацияға ұшырап, Тараз қаласының басқа да жоғарғы оқу орындарымен біріктіріліп жіберілген, Гидромелиоративтік-құрылыс институтын қалпына келтіріп, оған дербес ЖОО мәртебесін берген жөн.
Екіншіден, Үкімет жанынан су ресурстарын тиімді пайдалану, оның ішінде трансшекаралық су ресурстарын бөлу мәселелері бойынша консультативтік кеңес құрғаны дұрыс. Оның төрағасы Премьер-Министрдің орынбасары деңгейінде тағайындалу қажет. Сонымен қатар осы кеңес құрамына еліміздегі су шаруашылығы мәселелерін бүге-шүгесіне дейін білетін, трансшекаралық су ресурстары сұрақтарының қалтарыс тұстарын кезінде жақсы игерген Нариман Қыпшақбаев, Төлеген Сәрсембеков, Құдайберген Асқаров, Ислам Әбішев сияқты және де басқа осы саланың ардагерлерін қосу керек деп санаймын.
Үшіншіден, ел аумағындағы жерасты ауызсу қорларын зерттеу және осы су қорларын халық игілігіне кең пайдалану жұмыстарын қайта қолға алып, бұл жұмысты жандандыру қажет.
Төртіншіден, Парламент деңгейінде Ауыл шаруашылығы мен коммуналдық шаруашылық салаларында және өндірістік кәсіпорындарда, сонымен қатар қала мен ауыл тұрғындарының су ресурстарын үнемді де тиімді пайдалану мәселелері бойынша қатайтылған заң актілерін қабылдау уақыт күттірмеу керек.
Бесіншіден, БАҚ-да су ресурстарын үнемді пайдалану туралы халыққа түсінікті тілде және әсерлі мағынада дайындалған жарнамалық мақалалар мен бейнеклиптерді ұдайы оқырмандар мен көрермендердің назарына ұсынып отырған артық болмайды.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында атқарылуы қажет шаралар да бар. Оның ішінде суармалы жерлердегі егіс алқабына егілетін дақылдар құрылымын қайта қарау керек. Күріш, мақта секілді суды көп талап ететін дақылдар егілетін алқапты мейлінше азайтып, басқа дақылдармен ауыстыруы тиіс. Су ресурстарын пайдаланатын шаруашылықтарға, шаруа қожалықтарына суды лимитпен бөлуді қатаң тәртіпке көшіретін уақыт келді. Ал ауыл шаруашылығы дақылдарын суғарудың шетелдерде өз тиімділігін көрсеткен суды үнемдеп пайдалануға мүмкіндік беретін технологияларды, бірінші кезекте Израиль мемлекетінде қолданылатын, тамшылап суғару әдістерін барынша кең көлемде енгізген дұрыс. Республика көлемінде суармалы жерлерге инвентаризация жүргізу. Оның нәтижесіне байланысты суармалы жерлер массивтері мен сол жерлердегі инженерлік, гидротехникалық нысандарды күрделі жөндеуден өткізу, қайта құру жөніндегі мемлекеттік бағдарлама қабылдап, оған бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінгені абзал. Жобасыз салынған суармалы жерлерге су ресурстарын беруді тоқтататын уақыт келді деп есептеймін.
Сонымен қатар қалалар мен елді мекендер тарапынан қолданылуға тиіс шаралар да шаш етектен. Мәселен, қалалар мен елді мекендерді сумен қамтамасыз ететін магистральды және қалааралық су жүйелері мен олардың құрамындағы инженерлік нысандарға инвентаризация жасау, олардың техникалық жағдайын анықтау және аталған нысандарды жаңалау немесе ағымдық және күрделі жөндеуден өткізу бағдарламаларын жасау керек. Инвентаризация барысында қалааралық су тарату құбырларында бұрын пайдаланылып, кейін қолданыстан шығарылған жүйелерді (бросовые) анықтап, оларды жұмыс істеп тұрған су тарату жүйесінен ағытып, демонтаж жасалғаны дұрыс. Одан бөлек, инвентаризацияның нәтижесінде қалааралық су беру мен таратудың, кәріз жүйелерінің компьютерлік картасын жасау және ақпараттық мәліметтер базасын жинақталса нұр үстіне нұр. Ал қалалардағы су пайдаланатын тұтынушылардың толықтай суды есепке алу аспаптарымен қамтамасыз етілуін қатаң қадағалануы тиіс. Қалалар мен елді мекендерде су тарату жүйелеріндегі су ысырабын кезең-кезең бойынша қысқарту мәселесі бойынша арнайы бағдарлама қабылдап, оның орындалуын қатаң түрде бақылауға алынуы қажет-ақ. Қалалардағы су беру мен тарату мәселесімен айналысатын мекеме басшыларының өз міндеттерін атқару деңгейін бағалаудың ең басты критерийлерінің бірі су ысырабының көлемін қысқартуы тиіс болғанда да су ысырабының алдын алған болар едік. Біздің көзқарасымызда табиғаттың суы тегін шығар. Алайда судың да сұрауы барын қаперден шығармаған дұрыс-ау.
Сәмет БАЙҚОҢЫРОВ,
Ақтау қаласы