Қыркүйек айында тірі болғанда 80-нің сеңгіріне шығатын Оралхан Бөкей жайлы айтылып та, жазылып та жатыр. Ол – заңдылық. Өйткені Алла сыйлаған 50 жасқа жетер-жетпес, аз ғұмырында артына өшпес дүние қалдырып кеткен Оралханды айтпау, еске алмау – қазақтығымызға сын.
Өр мінезді Оралхан
805
оқылды

Мен жазушы я ақын емеспін, сон­дықтан Оралхан шығармашылығы жайлы бір нәрсе айту ойымда да жоқ, қолымнан да келмейді. Бірақ Оралхан­ның ішкі жан дүниесінің кейбір сәттері­нің куәсі болғанымды тебірене еске аламын. Соларды бүгін айтпағанда қайда алып кетемін деген оймен қолыма қалам алдым. Оның үстіне, тек Қазақстан емес, әлем білетін Оралханды қасиетті Сыр елінде оған етене жақындау болған екеу­міз-ау деймін. Оның бірі Оралханды оятқан – ғалым, филология ғылымдары­ның кандидаты Өскенбай Көзбеков. Ғылым докторы профессор Майтанов­тың ғылыми жетекшілігімен бірнеше жыл­дар ғылыми ізденісте жүріп: «О.Бө­­­ке­ев прозасының поэтикасы» тақы­ры­бында диссертация қорғап, Оралханмен жүз­десуді армандап кеткен інім еді. Екінші кезекте – өзімді айтар едім. 

Өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында Қызылорда пединститутында (қазіргі Қорқыт Ата университеті) пар­тия ұйымын басқардым. Сол кезде нау­қас­­танып, қара теңіздің оңтүстік жаға­лауын­дағы СОКП орталық комитетінің «ХХІІ партсьезд» атындағы санаторийге облыстық комитеттен жолдама алып, Қы­рымға бардым. Науқасымыздың ерек­­шелігіне қарай жылына екі-үш айдай үш жыл емдейді екен. Қазір ойлап отырсам, жаратушымыз маған сол бір кеселді кездесуге әркімнің қолы жете бермейтін Оралханмен танысып, сыр­ласып жүрсін деп жібергендей көрінеді. 

Санаторийде емделушілерге керемет жағдай жасалынған. Қарақалпақстан Жазу­шылар одағының хатшысы, мемле­кеттік сыйлық иегері, Төлепберген Қайып­бер­генов, жерлес ағам ақын Сейіл Боранбаев жыл сайын осында келіп демалады екен. Бірер күннен кейін қата­рымызға Оралхан қосылды. Жоғарғы талғаммен жастарша киінген мөлдір бұйра қара шашы өзіне жарасып тұрған жазушымен Сейіл аға таныстырды. Мені онша менсініңкіремегенін байқадым да, қырсықтығыма еркіндік беріп тұрмын. Сейіл аға маған: «Оралханды танитын шығарсың», – деп сұрады. Ағаның сауа­лына: «Танымаймын, қазір не көп жазу­шы көп, солардың бірі шығар», – дей салдым. Сол-ақ екен Оралхан: «әдебиет­тен бейхабар, өзің бір кері жүретін қырсық екенсің», – деді. Оралханның шырт мінезін ширата түсу үшін: «сенің «шатпақтарыңды» оқымағанмен естуім бар», – дей салдым. Біздің танысуы­мыздың алғашқы сағаттары осылай басталған-ды. 

Оралхан сырт қарағанда менмен, көкірек, кісікиік көрінгенімен, ішкі дү­ниесі кең, қарапайым жандарға шуағын төгіп тұратын, туған топырағын жанын­дай сүйетін, ұлт тілі десе жанын беретін азамат екенін жүрегіммен түсінетінмін. Екеуміздің осы ойларымыз тоғысып, са­на­торийде өткен үш жылдың алты айында бір палатада жатып айтпаған әңгімеміз, шертпеген сырымыз болған жоқ десем артық емес-ау! 

Осы уақыт ішінде терең оймен жүре­тін Орекеңнің шұқшиып кітап я газет оқығанын көргенім жоқ. Сол кездері Мәскеуден шығатын «Роман газета» жур­­налында орыс жазушысы А.Рыба­ковтың «Дети Арбата» деген романы жария­ланып жатты. Сталиндік репрессия жайлы алғашқы көркем шығармалардың бірі болғандықтан, журнал қолдан-қолға тимей кетті. Бірде кітапханадан жур­налды алуға менің кезегім келіп, бас алмай оқи бастадым. Оралхан менен журналды көріп шығуға сұрап алып, бір-екі сағаттан кейін қайтып әкеп берді. «Қалай оқып шықтын ба?» – деген сауа­лыма: «Неден басталып, қалай бітетінін шамалаған­мын», – деп жауап берді. Сол уақыттағы елді тамсандырған осы шы­ғарма оны еш қызықтырмады. Оралхан­ның жазушы ретіндегі терең логикасы аталмыш орыс жазушысынан да артық еке­ніне еш шүбәм болған жоқ. Қазір ой­ла­сам, Оре­кең жазу үстеліне көп отыр­май. қалаған тақырыбын ойша жан-жақ­ты сараптап, саралап, уақыт деңгейімен үндестіріп, әбден пісіп-жетілгеннен кейін жазуға бірақ отырады екен. Өзінің жазғандарына қайта оралмайтын себебі осы болса керек. 

Біздер бірге болған уақытта кеңестік идеологияның нағыз қаһарына мініп тұрған кезі. Оның санамызда сонша­лықты орныққанынан болар, аталмыш идеологияға сын көзбен қарау деген мүлдем ойымызда болған жоқ. Оралхан­мен өткізген сағаттарымды қазіргі уақыт мінберінен сараптасам, ол сол кездің өзінде-ақ бүгінгі болашақты болжап біл­гендей. Әсіресе, тіл мәселесіне байла­нысты көп толғанып, тебіренетін. «Қазақ әдебиеті» газеті Бас редакторы орын­басары ретінде апта сайын оны алып, әрбір қатарының астын сызып оқитын. Әлі есімде, «Қазақ әдебиеті» газетіне про­фессор Р.Сыздықованың тіл мәсе­ле­сіне байланысты мақаласы жарық көр­генде  балаша қуанды. «Рабиға апай кө­кейде жүрген мәселелерді көтеріпті, ризамын, ойымды білдіріп, апама хат та жазып жібердім» дегені есімде. Целино­град облысының бір аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшы­сы қазақ қызы екен, бірақ бір ауыз қазақша білмейді. Бір-екі күннен кейін-ақ Орекең оған: «түп-тамыры жоқ иде­ология кімге керек?» – деп тиісе бастады. Тіптен «өз ана тілімізді білмейтін саған  хатшылық неге керек?» дегенге дейін барды. Біз Орекеңе басу айтып, оның жолы жіңішке әйел екенін алға тарт­қанымызда: «Ой, байғұс қазақтар-ай, бізді құртатын осы ғой», – деп таусыла сөйлегені бар. 

1991 жылы Оралхан «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторына келгенінде елдегі жағдай қиын кез болатын. 125 мың оқырманы болған газеттің таралымы 5 мың данаға дейін құлдырады. Оқырман жинау мақсатында Оралханның бір­бет­кейлігімен ақындар айтысы ұйымдас­тырылды. Бұған лауазымды министрлік­тен бастап, көп ұйымдар қарсы болды. Биліктің жазасынан тайсалмай бәріне басын тіккен Оралхан көп кедергілерге қарамастан айтысты өткізіп, газет та­ралымы 67 978 данаға жетті.

Қара теңіз жағасында серуендеп жүріп, алыстан мұнартқан таудың басына қыран көзін қадап, Оралханның тұра қалғаны есімде. Сәл үнсіздіктен кейін: «Қазеке, тау басында қойшы тұр деп көз алдыңызға елестетіңізші! Біздер оны тек кәсібіне қарап қойшы деп қабылдаймыз. Ал оның өзіміздей адам екенін, оның да рухани дүниелерге зәру екенін еске алмаймыз. Жүз қойдан 150-160 қозы алып жатқан олардың еңбектерінің қайтарымы жоқ. Бұл біздің халқымыздың көмбістігі. Неге біздің маңдайымызға қойшылық, мал бағу жазылған? Қазақ­стан­да қойды елу миллионға жеткіземіз деген ұран бәрімізді қойшы болуға жете­лесе керек. Етті барлық ұлттар жақсы көреді, ал солардан бір қойшы тауып берші! Болашақ аналар – қыздарымыз мал бағып, ат жалына жармасып, трактор рөліне отыруда. Бұл да біздің бола­шағы­мызды бұлдырлан­дыру­дың бір жолы ғой. Қазақтардың тез қабылда­ғыштығы мен ермелігін, көмбістігі мен аңқаулығын мемлекет жақсы пайда­лану­да, ал ғылыми шығарма­шылық қаси­еттерін неге пайда­ланбасқа?» – деп  қынжыла сөйлегені бүгінде құла­ғымнан кетпейді. Кеңестік идеологияның біздер үшін кері тартпа тұстарын Оралхан сол кезде-ақ болжаған екен. Не деген көре­генділік?! 

Қырымдағы демалыстың алғашқы жылы артымнан Әлия мен Айнұр қыздарым келді. Әлия – студент,  Айнұр – мектеп оқушысы. Олардың келгеніне Орекең балаша қуанып, Симферополь вокзалынан бірге күтіп алып пәтерге орналастырдық. Жұбайым Жақсыбике сәлемдеме ретінде қазы-қарта, Қазақстан коньягін молынан жіберіпті. Кейде Оре­кең балдарға барып, «қазы мен «кәртішкі» қуырып жейік», – деп қолқа салады. Тамақ үстінде Сырдың дәмін Алтайдың қазы-картасымен салыс­тырып, бізді тамсандырып қояды. Сыр елін де асыра мақтап, біраз жерге апарып тастайтын. Өзінің тауын биіктеткенмен, өзге­нің тауып аласартпайтын ғажайып жан еді. Туған жері Тарбағатай табиғатын, асқар Алтайын Орекеңдей жүрегімен сезініп, жан-тәнімен сүю – әркімнің маңдайына жазыла бермеген-ау, сірә! Оның қай шығармасын алсаң да кейіпкерлері туған Қатонқарағай мен Шыңғыстай ауылынан бастау алып жатады.    

Бірде санаторийге жақын Симеиз деген елді мекендегі дүкендерді  аралап жүрдік. Сөрелердегі жас нәрестелердің киімдерінен көз тұнады. Балаларымның бәрі ересек болғандықтан, оларға ың­ғай­лы ештеңе кездескен жоқ. Ойымда еш­тене жоқ: «Оралхан, жас балаларыңа мыналардан алмайсың ба?» – деп қал­дым. Кенет жанары мені тесіп жіберетін­дей бір қарады да, бірден пәс түсіп: «Қазеке, менде перзент жоқ қой әлі», – деп мұңая қалды. «Ұйқым келмейді» деген әңгімемді оқымапсыз ғой», – деді. Қайдан білейін? Аңдамай сөйлеп, жазу­шы жүрегін сыздата қойған сол бір сауал ұсынысыма осы кезге дейін өкінемін. Бірақ өмір шындығынан ешкім асып кете алмайды ғой. 

Осы бір тосын әңгімеден кейін отбасымыз, жұбайларымыз жайлы ашық сөйлесетін болдық. Алғашқы жұбайы Айман өзімен жерлес, Мәскеуде оқыған, орысша білім алған, бірауыз қазақша білмейтін, жүзіктің көзінен өтетіндей сұлу болғанын, үйіне тез сіңісіп кеткенін тамсана айтатын-ды. Бірақ балалы болу бақыты екеуіне бұйырмағанын, бірақ әзірге ажырасу жайлы араларында еш әңгіме болмағанын айтушы еді. Туған ағасындай болған жерлесі Ғаббас Қабышұлының естелігінде: «Ораштың  маған бірде бар мұңын шағып, Аймаш екеуінің айырылысуға келіскендерін, «менен ең соңғы белгі осы болсын!» деп алғашқы кітабына қоштасу сөзін жазып бергенін, бірақ айырылысуға өзінің дәті шыдамағанын айтқаны бар. Мен не дейін?! «Бастарың жас түңілмеңдер» деген жолдарды оқимыз. 

Жылда баратын Қырымдағы сана­торийге 1989 жылы бір уақытта баруға Нұрымгереев Шамиль ағамен, Оралхан­мен телефон арқылы келіскенбіз. Өкі­ніш­ке қарай, мен межелеген уақыты­мыздан екеуінен де бір апта кейін бар­дым. Санаторийге  келісімен Шамиль ағамен кездесіп, «Оралхан қай палатада?» деп сұрағанымда «жұбайы Айман қайғылы қазаға ұшырады деген хабар келіп, кеше ғана жедел түрде Алматыға ұшып кетті», – деді. Сонау Қырымда болсақ та, Оралханның қайғысына іштей ортақтастық. Алматыдан осы бір суық хабар келерден бірнеше күн бұрын барлық жағдайды айтып, Айманға хат жазатынын айтқан болатын. «Оралхан, асықпа амандық болса, екі-үш айдан кейін Алматыда боласың ғой. Айманға сонда айтарсың деп ақыл бергенмін», – деп сөзін сабақтады Шамиль аға. Менің ойымша, өр мінезді Оралхан сол бір хатты жиырма жыл отасқан сүйген жары Айманға жолдап жіберген болуы керек. Ағасы әрі әріптесі Қуаныш Құрман­ғалиев­тің естелігінде Айманды жерлейтін күннің түнінде Оралханмен бірге жат­қаны жайлы, оның түнімен өкініш өксі­гінен арыла алмай, таң атқанша жылап шыққанын айтады.

Алғашқы жұбайының қазасынан кейін Оралхан екі жылдан кейін  Ардаққа үйленеді. Көп ұзамай Айхан атты ұл, Айжан атты қыз дүниеге келеді.  Перзент­терінің есімдерін «Ай»-дан басталып, Хан, Жан ұғымдарымен аяқталуы, Оре­кеңнің сүйген жары Айманды ұмытпау үшін қойған рухани ескерткіші-ау деген ой келеді маған. 

1993 жылы Қазақстанға Үндістанның Премьер министрі Нарасимха Рао ресми сапармен келетін болды, соған орай «Қазақ әдебиетіне» үнді елі жайлы мате­риал жазып қайтуға Оралхан Бөкей бастаған бірнеше журналистер Үндіс­танға жіберіледі. Бұл сапардың алдында бір айдай қан қысымы жоғарылап, науқастығы жайлы куәлік пен жүрсе де, Оралханға Дели шаһары қол бұлғап тұрғандай қуана келіседі. Бірақ ол 17 мамыр күні өзінің бұл дүниемен қош­тасатынын білмесе керек. Бір естелігінде: «Календарьдың әр бетін жыртқан сайын тағы бір тамаша күнімді өз қолыммен жерлегендей саусақтарым дірілдеп кетеді. Қазір адамдардың барлығы асы­ғыс. Бірақ қайда асығып бара жатқан­дарын өздері де білмейді. Білсе, асықпас еді ғой», – деп жазыпты. Елу жылға толар-толмас аз уақыт ішінде соңында қы­руар іс қалдырған Оралхан қайда асық­ты екен?! Оның соңғы демін Алла­ның құзырына тапсырар уақытта қа­сын­да журналист жерлесім Нұртөре Жүсіп інімнің бол­ғанына іштей тәубе еттім. Бел­гілі жазушы Әмірхан Меңдеке Орал­ханның қазасы жайлы: «Қиян шеттегі Үндістанның Делиінің «Тәжі-Махал» қонақүйіндегі оңаша бөлмеде жападан-жалғыз, сапарлас серіктеріне де жалғыз ауыз сөз айтпай, жым-жырт қалыпта, тыныш, оқшау күйде жылжып келіп, фәни дүниенің өлшеулі сүрлеуін артқа тастап, бақи дүниенің болжаусыз соқпа­ғына бет бұрар ақтық сынның үстінде дәл осылай байсал тауып баз кеше алу, дауасыз өлімді де дәл осылай жүрегі дауалап жым-жырт қалыпта, тыныш күйде қарсы алу ірілердің ғана үлесі ғана шығар» деп жазыпты.

Оралханның артында ұлы Айхан төрт жасында, қызы Айжан үш жасында жетім қалса, ал жұбайы Ардақ жастай жесір атанды. Оралхан қызы Айжан қатты ауырғанда жаратушымызға: «Қайтейін? Қайсыбірін айтайын? Өзімді алып, баламды қалдырсаңшы, Аллам!» – деп жалбарыныпты. Оның осы өтініші орын­далғанмен, оның қазасын тек отбасы емес, бүкіл қазақ елі аза тұтты. Ақын Жүр­сін Ерман жазған жоқтауды халық хор­мен айтқанда, бүкіл ел күңіренді. Алла Тағалам Оралхандай тума талант­тарға мүмкіндікті молынан бергенімен, ғұмырын қысқа етіп құзырына тездетіп алуға асыға ма қалай? Ұлыларды кіндік қаны тамған туған топырағында, Жер-Ана құшағына алуға асықпайтындай. Алаш арыстарының біразын айтпағанда, ұлы Мұхтар соңғы демін Мәскеуде, адам­заттың Айтматовы Германияда, қазақтың Қалтайы Мәскеуде, Алтайдың ақиығы Оралхан Делиде Алланың құзырына тапсырды. 

Оралханның кеткеніне 30 жыл то­лып­ты. Қыркүйек айында тірі болғанда сексеннің сеңгіріне шығар еді. Өр мінезді Оралханды қазақ халқы мәңгі ұмытпай­тынына бек сенімдімін. Сыр елінде де оның өмірі мен творчествосына арналған мәдени-танымдық іс-шаралар өтуде. Үш жылдың ішінде Қырымның оңтүстік жағалауында танысқан, талай сыр шер­тіс­кен Оралхан бейнесі көз алдымда. Ол «Қазақ әдебиеті» газетін басқарған жылдары Алматыға барған кездерімде бірге болып, Қырымда айтылмай қалған әңгімелерімізді жалғастыратынбыз. Ал бүгінгі көңіліме медеу тұтатыным – бірге түскен суреттеріміз. «Күллі Қызылор­дадан келген досым Қазыбайға құрметпен ұсынамын» деген қолтаңбасы. Бұған да шүкір!

– Сексеннің сеңгіріне жетпей кеттің,

Құрбаны болдың досым ауыр дерттің.

Шуағын жақсылықтың елге септің,

Ал қазаңмен барша елді еңіреттің, – деген өксікке толы өлең жолдарыммен ойымды тәмамдаймын. 

Қазыбай ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ,

профессор