Аталған жоғары оқу орнынан оқиғаның 28 тамызда ахуалдық орталықта болғаны мәлім етілді.
«Университеттің 5 жатақханасындағы төсек-орындар бірінші курстан бастап халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан студенттерге үлестірілді. Жатақханадан орын алмаған 150-ге жуық студент пен ата-ана орталыққа келіп, орын беруді талап етті. Университет басшылығы жатақханадан орын ала алмаған студенттер мен олардың ата-аналарына жалға алынған бірнеше хостел мен жатақханалардан орын ұсынып, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Алайда, көптеген ата-ана орындардың жетіспеушілігіне қарамастан, балаларын университеттің жатақханаларына орналастыруды талап етті», – деп хабарлады оқу орнының баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда жағдай тұрақталды. Студенттердің басым бөлігі хостелдерге қоныстанды. Дегенмен, хостелдердегі ұсынылған орындардан бас тартып жатқан ата-аналар мен студенттер бар.
«4 қыркүйекте бірінші курс студенттеріне жатақханаға жолдама беру жұмысы аяқталады, одан кейін талдау жасалып, оның негізінде оқу орнының жатақханасына орналасудан бас тартқан студенттердің тізімі жасалады. Резервтегі студенттер босаған орындарға орналастырылады. Жатақханаларда орындарды бөлу кезінде бірінші кезекте көпбалалы отбасылардан шыққан студенттерге, жетімдерге, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға және басқа да жеңілдіктер берілген бірінші курс студенттеріне басымдық беріледі», – деп атап өтті университет өкілдері.