Жер шарының 75 пайызын су алып жатса да әлемде су тапшылығы мәселесі бар. Су ресурсы – өзекті мәселе­лер­дің бірі. Жыл сайын бұл проблема оқ­­тын-оқтын кө­теріліп, сала мамандары дабыл қағып жатады.
Су жаңа министрлік су мәселесін шеше ме?
843
оқылды

Құр­ғақшылық «жағадан алса», инфра­құрылым­дардың ескілігі «етектен тартады». Трансшекаралық су көз­деріне тәуелді мемлекет екеніміз тағы бар. Демо­графиялық өсім жыл сайын артып келеді. Мамандар 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін екенін айтады. Осын­дай қордаланған мә­селелер су саласына айрықша көңіл бөлуді қажет етіп келеді. Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент пала­таларының бір­лескен оты­рысындағы Қазақстан халқына Жол­дауын­да су мә­селесіне ерекше назар аударып, Су ре­сурс­тары және ирригация министрлігі құрылатыны туралы айтқан бо­латын. Ендеше «су жаңа» министрліктің алдында қан­дай міндеттер тұр? Еліміздегі су тапшылығы жуық арада ше­шіле ме? Осы сұрақтар төңірегінде жауап іздеп көр­дік.

Президент Жолдауында шаруа­лар мен өнеркәсіп өкілдеріне суға қатысты сапалы сараптамалар мен болжамдар керек екенін, бұл тал­даулар әр жылы және орта мер­зімді кезеңде судың мөлшері қан­дай бо­латынын да қамтуы қажет екенін жеткізген болатын. Соны­мен қатар суды үнемдейтін техно­логия өте баяу енгізіліп жатқа­нына, суды шақтап пайдалану мәдениеті де жоқ екеніне тоқталған Мемлекет бас­шысы еліміздің кейбір өңірле­рінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруа­­шылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жат­қанын, ал су шаруашылығы ны­сандарының 60 пайызы тозып тұр­ғанын атап өтті. Осы мәселе­лерді шешу жолында 2027 жылға қарай қосымша 2 текше шақырым суға қол жеткізу керек екенін де баса айтқан болатын. «Министр­ліктің аясында Ұлттық гидрогео­логия қызметі қайта жұмыс істейтін бо­лады. Сондай-ақ еліміздің су шаруа­­­­шы­лығын басқару жүйесіне түгел ре­форма жасалады. «Қаз­су­шар», «Нұ­ра топтық су құбыры» және бас­қа да негізгі компанияларда өз­геріс болады», – деді Мемлекет бас­­шысы.

Осы Жолдауда жа­рия­ланған су реформасы, берілген тапсыр­маларының орындалуы туралы Үкімет отырысында Эко­логия және табиғи ресурстар вице-министрі Ғалидолла Азидуллин баяндама жасады. Айтуынша, ве­домство су шаруашылығы проб­лемаларын шешу жөніндегі жұ­мысты жал­ғас­тыратын болады. 

«Қазақстандағы орташа көп­жылдық өзен ресурстары жылына 102,3 текше шақырымды құрай­ды, оның 54,5 текше шақырымы /жыл – жергілікті ағын, ал 47,8 тек­ше ша­қырымы/жыл Орталық Азия мем­лекеттерінен, Ресей Фе­дера­ция­сынан және Қытай Халық Респуб­ликасынан келеді. Осыған бай­ланысты транс­шекаралық ынты­мақтастық жө­ніндегі жұмыс кү­шейтілетін болады. Президенттің 15 қолданыстағы және жаңа 20 су қоймасын салу, кемінде 3 500 ша­қы­­­­­рым каналды жаңғырту және цифрландыру туралы тапсырмасын орындау мақсатында «Жасыл Қа­зақ­стан» ұлттық жобасы шеңбе­рінде 2025 жылға дейін 16 жаңа су қой­масы қайта жаңартылып, 9 жаңа су қоймасы салынады, 212 суа­ру каналы жөнделіп, цифр­ланд­ы­рылады. Осы бағыттар бойын­­ша одан әрі жұмыс су ресурс­тарын басқару жүйесін дамыту тұжырым­дамасы шеңбе­рінде жал­ғасты­рылатын болады», – деді вице- министр өз сөзінде.

«Мемлекет басшысы өз Жол­дауында жылына 150 мың гектарға дейін озық су үнемдеу техноло­гияларын енгізу қажеттігін атап өтті. Су үнемдеу технологиялары қолданылатын аумақты 2023 жылы 300 мың гектарға, 2025 жылы 450 мың гектарға, 2030 жылға қарай 750 мың гектарға жеткізу жос­парланған. Тиісінше, агроөнер­кәсіптік кешен­ді дамыту жөніндегі бағдарламалық құжаттың қол­даныс­тағы жоспарларын қайта қарау қажет болады. Су кодексінің жобасында «ауызсумен жабдықтау туралы», «суару және дренаж туралы» және «бөгеттердің қауіп­сіздігі туралы» бөлімдерді қосу арқылы коммуналдық-тұрмыстық сумен жабдықтауда және Суармалы егіншілікте суды пайдалану жөнін­дегі нормаларды күшейту жос­парлануда. Бұл ретте бөгеттердің қауіпсіздігін бақылауды өнер­кәсіптік қауіпсіздік органына жүк­теу ұсынылады», – деп атап өтті вице-министр. Сондай-ақ вице-министр «Қазсушар» РМК және «Нұра топтық су құбыры» транс­формациясы оларды Qazsu АҚ-ға айналдыру жолымен жүргізілетінін хабарлады.

«Кәсіпорындарға экологиялық аудит жүргізу бөлігінде 5 жылда бір рет қолданыстағы заңнамаға өзге­рістер енгізу қажет. Көміртекті бей­­тараптыққа қол жеткізу жөнін­дегі мақсаттарды қамтамасыз ету үшін жыл сайынғы СО2 шығарын­дыларын 2,5 пайызға дейін қыс­қарту мөлшерлемесімен парниктік газдар шығарын­дыларының сауда жүйесі жетілдірілетін болады, бұл жүйені шығарындылар саудасының еуропалық жүйесімен жақын­дас­тыру жоспарлануда. Осы ба­ғыттағы жұмыс өте маңызды және декар­бонизация мақсаттарына қол жет­кізуге ықпал етеді», – деп қоры­тындылады Ғалидолла Азидул­лин.

Жаңа министрлік су тап­шы­лығы мәселелері, еліміздегі ес­кір­ген немесе жұмыс істемей тұр­ған су қоймаларын қалпына кел­тіру, суды тиімді пайдалану мәсе­ле­лерімен тікелей айналысады деп күтілуде. Нақты бір бағытта жұмыс істесе, аграрлық сектордың, ауыл шаруа­шылығының, өндірістік саланы дамуына әсері зор екені де айтылып келеді. 

Су министрлігінің құрылуын қолдағандардың, құрылғанын естіп қуанғандардың қарасы көп. Бірақ ведомство төңірегіне сала маман­дары жиналса деген тілектерін жа­­­сырмайды. Соның бірі – Аралды құтқару қорының Атқарушы дирек­циясының бас маманы Әмір­хан Кеншімов. Ол алдымен сонау кездегі Су министрлігінің тари­хынан бастады. 

«Совет кезінде Су шаруа­шы­лығы және мелиорация ми­нистр­лігі болды. Ол дегеніңіз – суды өзеннен алып егістікте пай­далануға дейінгі міндетті бір орган басқарды деген сөз. Кейін Кеңес Одағы ыдыра­ғаннан кейін бұл орган Су ресурс­тары Мем­лекеттік комитеті болып қайта құрылды да, тек суды алып шаруашылықтарға жеткізіп беруге ғана міндетті болды. Бірақ мұның ғұмыры да ұзақ болмады. 1995 жы­лы суға құзырлы орган жай ғана комитет болып қалды да, бі­ресе Ауыл шаруа­шылығы, біресе Эко­логия министр­­ліктеріне бағы­нып отырды. Су саласы өз отауы болма­ғаннан кейін құлды­рады, жетім баланың күйін кешті», – дейді ол. Сондай-ақ оның сөзінше, министр­ліктерден комитетке кура­тор болып талай вице-министр жұмыс істеген. Бірақ барлығы дерлік су маманы болмағандықтан комитеттің мүд­делерін не министр­дің алдында не Үкіметтің алдында қорғай алмаған. Осылайша, су шаруа­шылығы құл­дыраған үстіне құлдырай берген. 

«Құрғақшылық, міне, бесінші жылға созылып келеді. Биыл ерек­ше құрғақ жыл болды. Көктемгі үміт ақталмады. Әсіресе, Шу мен Талас бойынша. Егер су саласына дұрыс көңіл бөлгенде, судың өз отауы болғанда, мамандарды уақы­тылы сапалы дайындағанда, тап осы жағдай болмас еді. «Министр­лік керек» деп сан мәрте айтылды. Тыңдайтын құлақ болмады. Прези­дентке жазылған талай хат оның аппа­ратынан Президентке жетпей кай­тып жатты. Әрине, ештен кеш жақ­сы. Мамандардың айтуы, шаруа­­лардың зары биыл Прези­денттің құлағына жетті. Міне, көп­тен күткен күн де келді. Осы күн­­ді қанша күттік», – дейді Әмір­хан Қадірбекұлы. 

Бас маман ендігі үміт министр болып нағыз маман тағайындалса, бармақ басты, көз қысты болмаса екен дейді. Ал Президент жа­нын­дағы Мемлекеттік басқару ака­де­миясы Дипломатия инсти­туты­ның ассистенті Бауыржан Баг­лай Су министрлігінің құрылу маңызы­на тоқталды.

«Әлемдік тәжірибеде water governance ұғымы мемлекет тарапынан су ресурсын жүйелі басқару мен тиімді падалануды көздейді. Қазақ­станға Орталық Азиядағы су ре­сурс­тарының 18 пайыздан аста­мы ғана тиесілі екені мәлім, сәйке­сінше еліміздегі су қорының 40 пайыз­­ға жуығы көрші мемлекет­терден келеді. Жаңадан құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі еліміздегі су саясатын ілгерілететін, су инфрақұрылымын жетілдіру бойынша ұсыныстар беріп, оның орындалуына жауапты болуы қажет. Сонымен қатар өз құзыреттілігі шеңберінде транс­шекаралық су ресурстары бойынша келіссөздер мен талқылауларда мем­лекеттік мүддені қорғауда ба­сым­дыққа ие болмақ. Сонымен бірге салалық ведомства ретінде су мәселелері бойынша халықаралық және өңірлік ұйымдар мен өзге де мүдделі тараптармен байланысты жаңа деңгейге көтеруге, сол арқы­лы елімізге суды тиімді пайдалану бойынша жаңа технологиялар ен­гізуге мүмкіндік тумақ. 

Орталық Азия өңірінің ауыл шаруашылығының 75 пайызы суармалы екенін әрі еліміздің тө­мен­гі ағыста орналасуы су ресур­сы бойынша көрші елдермен тиімді әрі жүйелі байланыс орнату, достық пен серіктестікке негізделген «су дипломатиясын» жүргізуді қажет етеді. Осы ретте аталмыш ведомство өзге де мүдделі мемлекеттік орган­дармен бірлесіп әрекет етуі тиіс», – дейді ол. 

 

ТҮЙІН:

Әлемде 3 млрд-қа жуық халық өзеннің бойына қоныс тепкен, оның тең жартысы трансшекаралық саналады-мыс. Біздің еліміздегі су ре­сурсының жартысы көрші өзен­дерден, яғни Ресей, Қырғыз, Тә­жік, Қытай, Өзбекстан мемле­кет­терінен келеді. Біз шектесетін төрт мемле­кеттен трансшекаралық Шу, Ертіс, Еділ, Жайық, Сырдария, Іле, тағы басқа еліміздегі ірі су бассейн­дері бастау алады. Оған қоса, же­ріміздің 60-70 пайызы шөл және шөлейт далалардан тұрады. Бірақ Мемлекет және қоғам қай­раткері, Қазақ­станның Еңбек сіңірген гид­ро­технигі Нариман Қып­шақ­баевтың журналистерге берген сұхбатында шөл-шөлейтті аймақ­тардың астын­да да су бар екенін, Кеңес Одағы кезінде 100 мың нысаннан су анық­тағанын айтқан болатын. Өкінішке қарай, тәуел­сіздік алғаннан кейінгі 30 жылда бәрі де құртылған. Бұдан бөлек, гидрология саласында ма­мандар да тапшы болып отыр. Енді жаңадан құрылған министрлік осын­дай мәселелерді жүйелеп, ше­ші­мін шеш­се деген тілек қана бар. Ал суды үнемдеп пай­далану мәсе­лесі үшін тек министр­лік емес, қоғам болып атсалысқа­ны­мыз жөн болар. 

Наурызбек САРША

© коллаж: Елдар ҚАБА