Қытай шенеуніктерге iPhone смартфонын пайдалануға тыйым салады деген ақпарат таралды. Екі күнде Apple компаниясының акциялары 200 миллиард доллар жоғалтты. 12 қыркүйекте жаңа iPhone-15 смартфонын әлем назарына ұсынуды жоспарлап отырған компания үшін бұл күтпеген соққы болды
Қытайда iPhone ұстауға тыйым салынады
3,045
оқылды

iPhone-15 жаңа моделін шығаруға санаулы күндер қалғанда Apple күтпеген қиындыққа кезікті. Financial Times жағымсыз жаңалықтың Қытайдан келгенін жазды. Aikyn.kz осы басылымға сілтеме жасап Apple-дің акциялары неге 200 млрд долларға арзандағанын түсіндіреді. 

Фото Getty Images сайтынан алынды. Авторы: Zhang Peng

Қытай үкіметтік шенеуніктерге iPhone смартфонын пайдалануға тыйым салады деген ақпарат технологиялық нарықты біраз әбігерге салды.

Бір ғана сәтте әлемдік қор биржасындағы Apple компаниясының акциялары 200 миллиард доллар жоғалтты. 12 қыркүйекте жаңа өнімдерін әлем назарына ұсынуды жоспарлап отырған компания үшін бұл күтпеген соққы болды.

Бейжіңнің шенеуніктерге iPhone смартфондарын шектеуі, Huawei өнімдеріне қытайлық нарықта басымдық берілуі Apple-дің бұл елдегі стратегиясын өзгертуге түрткі болатын сияқты. Samsung-ты әлемдік смартфондар нарығындағы көшбасшылық позициясынан тайдыруға бағытталған Apple-дің жоспарларына да қауіп төнді.

Фото Bloomberg агенттігінен алынды. Авторы: Brent Lewin

Қытайдан шыққан дүрбелеңге дейін сарапшылар iPhone-15 шығарылымы Apple-ді алғаш рет сатылым бойынша әлемдегі ең ірі смартфон өндірушісі жасайды деп болжаған еді. Енді мұның бәрі бұлыңғыр болып қалды.

Apple акциялары соңғы екі күнде шамамен 6 пайызға арзандады, өйткені инвесторлар оның табысының бестен бір бөлігін құрайтын Қытайдағы тағдырына алаңдап отыр. Bank of America мамандарының айтуынша, Apple жылына Қытайда 50 миллион iPhone сатады екен.

Apple акцияларының төмендеуіне Қытай юанінің соңғы 16 жылдағы ең төменгі деңгейге жеткені де айтарлықтай әсер еткен.