Polisia.kz-тің дерегінше, 30 жастағы қала тұрғыны қоғамдық тамақтану орнында тегін ас ішіп, азық-түлікке ақша үнемдеген.
Кассирлерге төлем жасау кезінде ол электронды аударымның жалған түбіртектерін көрсеткен. Екі күн ішінде 5-6 рет тегін тамақтанған.
Тұрақты келушіге алданғанын білген дәмхана қызметкерлері бұл туралы полицияға хабарлады.
Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркелді. Полицейлер күдіктінің жеке басын анықтады.
«Ұсталған адам көктемде кісі тонаған. Сот тағайындаған бас бостандығын шектеу жазасын әлі де өтеп жатқаны белгілі болды. Аталған жазаның өтелмеген мерзімін қосу арқылы сотталушы 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды», – деді Тұран АПБ-ның анықтаушысы Ернұр Әбубәкір.
Бұған дейін тегін көкөніске таласқан қала тұрғындары туралы жазған болатынбыз.
Фото: polisia.kz