Осынау Қаратау дәстүрлі өнер мектебін басқарып отырған, ақындығы мен қайраткерлікті қоса атқарып жүрген айтыскер ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Біржан Ғаниұлын әңгімеге тартқанбыз.
Әншілер көп болуы мүмкін, бірақ ұстаз жоқ
– Республикада баламасы жоқ дәстүрлі өнер мектебін ашуға не түрткі болды? Ойластырылған жоба нәтижесін берді ме?
– Иә, өңірлерде негізінен классикалық бағыттағы мектептер көптеп кездеседі, бірақ ұлттық өнерді дәріптейтін дәстүрлі мектеп еш жерде жоқ. Идеяның өзі содан туған ғой. Неге ұлттық өнерді дамытпасқа деген ой жылдар бойы санамда жүрді. Кейін оның жоба-жоспарын ойда әбден пісіріп, бұрынғы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Дүйсенбекұлына жеткіздік. Ұсынысымызды қолдап, ұлттық өнер мектебінің ашылуына барынша қолдау көрсетті. Жаңа ғимаратты толықтай өнер мектебіне лайықтап тұрғызып берді. Сол кездегі қала әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның да үлесі көп болды деп айта аламын. Қалалық білім бөліміне қарасты толықтай мемлекет меншігіндегі өнер мектебі алғашқы жылы 660 балаға арналып салынды. Дәл елде ахуал қиындап, карантин болып жатқан кез. Тура сол уақытта ашылды. Бірақ әр балаға жеке кабинеттен жасақталғандықтан барлық санитарлық талаптарды орындай отырып, жұмыс істеуге рұқсат алдық. Сондай қиындықтарды еңсеру оңай болған жоқ. Мұндай мектептің еш жерде үлгісі жоқ, жоспары түзілмеген. Барлығын нөлден бастауға тура келді. Концепциясын жазып, жоспарын түздік, оқу құралдарын жинақтап, оқу бағдарламасын жасақтадық. Бабалардың дәстүрлі өнерін балаларға үйретсек, дамытсақ деген идеяны осылай жүйеледік. Пандемияға қарамастан жыл соңына дейін жоспардағы жүктемеміз бойынша тиісті 660 баланы толтырдық. Содан келушілер көбейе бастады. «Ұлттық өнерге қызығушылық танытып тұрған балалар болса неге шектеуіміз керек?» деген оймен бала санын 800-ден асырдық. Бірақ біз міндетті білім беру ұйымына енбейміз. Сондықтан келушілердің қатары өзгеріп тұрады. Шүкір, қазір бәрі жүйеленді. Биылғы оқу жылы енді басталды. Қызығушылық танытып жатқандар көп. Алайда орналасқан жеріміз – қаланың орталығы. Бізге қаланың шеткі аудандарынан жиі келеді. Тіпті, Шымкент қаласына жақын орналасқан Шұбар, Бадам ауылынан, Төлеби, Қазығұрт ауданының Тұрбат ауылынан келетін балалар да бар. Оларды сонша шақырым жерге өнерге деген махаббат жетелеп алып келеді. Біз Шымкент қаласының білім бөліміне қараймыз, көршілес облысқа есігімізді жауып отырмаймыз. Өнерді сүйетіндерге әрдайым есігіміз ашық.
– Жалпы, өнер мектебінің Қаратау аталуының сырын түсіндіріп берсеңіз... Байқауымызша, мұнда сыныптардың басым бөлігінің атауы бар екен. Тіпті, бірнеше домбыра сыныбы болса, оның әрқайсысының атауы бар...
– Зерттеушілер қазақ даласында 5 мектеп бар дейді. Батыс мектебі, Сыр мектебі сияқты аттармен танылған мектептер. Қаратау да сол сияқты қалыптасқан мыңжылдық мектеп. Мәселен, Сыр мектебінен Нартайлар шықса, Батыс мектебінен Сүгір, Арқадан Біржан сал және т.б. Қаратау мектебінен шыққандар арғысы Ясауиден басталып, бергісі Майлықожа, Әселхан апаларымызбен жалғасып кетеді. Сондықтан ұлттық код дейміз бе, бұл солай тарихи атауды жаңғырту аясында қойылған. Екіншіден, жалпы дәстүрлі өнер тек ән, айтыс емес, 5 бағытта қалыптасқан. Олар – әншілік өнер, дәстүрлі жыр-терме, жыршылық, күйшілік өнер. Жалпы, бізде 30-ға жуық ұлттық аспап болған. Мектепке 20 шақты ұлттық аспапты әкеп қойдық.
Қазір мұнда өнердің 18 түрінен сабақ беріліп жатыр. Құрманғазы, Дина атындағы жеке-жеке домбыра сыныптары, Кенен Әзірбаев атындағы ән сабағы, Майлықожа атындағы айтыс сыныбы, Шәмші атындағы ән сабағы бар. Қазақтың өнер майталмандарының есімі ұмытылып кетпесін деген мақсатта осылай атау бердік. Дәстүрлі ән сыныбына да сұраныс көп. Сүгір атындағы шертпе күй сыныбында Сүгір атаның шөбересі сабақ береді. Қала мектептері арасында Сүгір атындағы байқау ұйымдастырып тұрады. Қобыз сыныбы, би сыныбы да балалар қызығатын ортаның бірі. Айтыс сыныбында балалардың сөздік қорын кеңейту, айтыс мақамы үйретіледі. Одан кейін қалаға келген зиялы қауым өкілімен кездесу ұйымдастырамыз. Мұндай кездесулер оқушыларымыздың шабытын оятады.
Иә, өнерді дамытуға жанкештілік керек. Кенжебай шал деген ұстаз бар. Дәстүрлі әннен сабақ береді. Ол – оңтүстіктегі дәстүрлі әннен сабақ бере алатын жалғыз мықты ұстаз. Жәнібек Кәрменовтың шәкірттерінің бірі. Сол кісі сонау Созақтан келіп, аптасына екі күн сабақ береді. Бір күн келіп қонып, ертесіне түске дейін тағы сабағын өтіп қайтады. Ойлаңызшы, айлығы – бар-жоғы 80 мың теңгенің жобасы. Ауылында да жұмысы бар, бірақ өнер үшін келіп жүр. Біз де қолқа салып айттық. «Сіз Созақтың балаларын ғана үйретесіз бе, өнерді сүйетін шымкенттік балаларды да үйретіңіз» дедік. Қазір Оңтүстіктен шыққан дәстүрлі әндегі мықты жігіттердің барлығы – Кенжекеңнің шәкірттері. Әншілер көп болуы мүмкін, бірақ ұстаз жоқ. Өте мықты әнші болуы мүмкін, бірақ ол ұстаз бола алмайды. Сондықтан біз ол кісіні өнер үшін барлық жағдайын жасап, арнайы шақырдық. Жасы 60-тан асса да, өнер үшін деп келіп жүр. Міне, осындай жанкештілікпен жұмыс істеп жатырмыз. Нәтижесі де жаман емес.
Дәстүр сабақтастығының үзіліп қалмауына үлес қосып келеді
– Өнер сыныптарынан бөлек, ұлттық бағытта дәріс оқылатын шеберлік сабақтарды да байқап қалдық...
– Жоғарыда айтып өткендей, жанкештілікпен жұмыс істейтін жанның бірі – «Шамшырақ» қолөнер сыныбының шебері Перизат Саидова. Ол – өз әжесінен мұра болып қалған киіз үйді, оның толық жабдығымен, басқа да ұлттық қолөнер бұйымдарын осында әкеліп құрып, оны балаларға таныстырып, дәстүрлі бұйымдарымыздың өшіп кетпеуіне өлшеусіз үлесін қосып жүрген бірден-бір маман.
Дәстүр сабақтастығының үзіліп қалмауы үшін «Шамшырақ» кабинетін жабдықтап, байырғы қазақ халқының ұмыт болып бара жатқан қолөнері – кесте тігу, түкті кілем, алаша секілді түрлі форматта киізбен, жүнмен жұмыс істеуді балаларға үйрету қолға алынған. Тігістің бірнеше түрі де бар. Әсіресе, бізбен тігу, тоқыманы жібектен тоқу дәстүрі де мүлдем ескерусіз қалған. Қалада жібекпен тоқуды білетін жалғыз 80-ге келген Бибіфатима деген апамыз бар екен. Шеберіміз Перизат Жанғазықызын сонда 1-2 ай оқуға жіберіп үйретіп алдық. Былай қарасаңыз, ол кісілер өмірден өтсе, бір буынмен бір өнеріміз жойылғалы тұр екен. Бізде қазақтың ең құнды дүниелері қолданыстан шығып, тек экзотика үшін көрмеге айналып қалды. Өзіміз де қолдан жасалған дүниені пайдаланбайтын болдық. «Шамшырақ» қолөнер сыныбына келгендер алдымен киіз үйдегі алаша, сырмақ, басқұр, желбау сынды дүниелермен танысады. Қайсысының қай жерде тұратынын, олардың алатын орнының маңызын үйренеді. Онда келі-келсап, иінағаш та бар. Жалпы, Перизаттың нағашы әжесі Балсұлу Болатова он саусағынан өнер тамған шебер болған екен. Жасаған дүниесі ұмыт қалып кетеді деп немересіне тапсырыпты. Перизаттың өзі де көнеден қалған ұлттық дәстүрімізге тән ескі дүниелерді жинаумен айналысады. «Шамшырақта» қолөнер бұйымдарын үйретумен қатар, сурет салу сабағы да болады.
Одан кейін «Зере» және «Толағай» дейтін сыныптарымыз бар. Еш жерде үлгісі жоқ бұл сыныптардың алар орны ерекше. Қазір әке-шешенің барлығы жұмыста. Балаға тұрмыстық қажеттіліктерді үйретіп отыруға мұршалары жоқ. Бала сабақтан келеді де, үйде смартфонға үңіліп отырады. Бұл ащы болса да, әр үйдегі күрделі проблема болып тұр. Бала білім алсын деп оқуына көбірек көңіл бөлеміз ғой. Бірақ өмір тек біліммен ғана шектелмейді. Адам тұрмыстық қажеттіліктерге де икемделу керек. Әсіресе, қыз бала тамақ пісіріп, қонақ күтуді меңгеруге тиіс қой. Қазір қарындастарымыз киім үтіктей алмайды, киімі сөгіліп кетсе тіге алмайды. Біз осы олқылықтардың орнын толтыру үшін «Зере» сыныбын аштық. Шүкір, қамыр илеп, бауырсақ та пісіреді, тіпті былтыр демеуші тауып қысқа сақтайтын 100 банка жаптырдық. Дәл сол сияқты ұл балаға арналған «Толағай» деген сынып бар. Мұнда ер жігіттеріміз асық ойнап, садақ атады. Былғарыдан түрлі бұйым жасайды. Қамшы істейді. Ұл бала қолға су құю, амандасу, жілікті қалай атауды, ат әбзелдерін білуге тиіс.
Өнер үйренемін дегенге есік ашық
– Өзіңіз талай жүлдені қанжығаға байлаған елге танымал суырыпсалма ақынсыз. Жасыңыз да әбден бабында тұрған ақындық кезеңде. Қайраткерлігіңіз, яғни мемлекеттік жұмыс сіздің өз деңгейіңізде шабуыңызға қолбайлау болған жоқ па? Жалпы, өзіңіз басқарып отырған өнер мектебіне белгілі ақындығыңыздан титтей болса да үлес бар ма?
– Жасырмаймын, әрине әсер етті. Алғашқы жылдары шақырған айтыстың ешқайсысына бара алмадым. Себебі осынша дүниені тапсырған соң үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын сезіндім. Оның үстіне идея авторы – өзім. 4-5 жыл бойы осындай мектеп ашсақ деп көкейімізде әбден пісіп жүрген жан дүнием қалаған жұмыс. Оған енді қол жеткізгенде өзім бұрын-соңды мектепте істеп көрмегенмін, әрбір бөлшегіне дейін жаңадан құрағандықтан әр минутымыз алтыннан қымбат болды. Мен мұны жұмыс деп емес, махаббатпен істеймін. Біреулер 9-да келіп, 6-да қайтуға асықса, мен мұнда қонуға де пейілмін. Алғашқы жылдары қиын болды. Қона жатып істедік. Талай кедергілерді жойдық. Қазір шүкір, қалыпқа түсті. Махаббатпен жұмыс істейтін мамандардың арқасында жұмысты жүйелеп алдық. Қызметкерлерге де «Басшыдан, талаптан қорқып істемеңіздер, жаныңыздың қалауымен істеңіздер» деп айтып отырамын. Себебі дәл бұл жер тек ұлтқа жаны ашып, ұлттық дәстүрді дәріптеуді мақсат ететіндерге арналған жанкештілікті талап ететін жұмыс.
Бар ықылас-пейілімізді аударып жұмыс істегендіктен, жоғарыда айтқандай, Шымкент қаласына келген зиялы қауымды қалт жібермей, балалармен кездесу ұйымдастырып жүрміз. Айтыс сыныбына өзге де танымал айтыс ақындары сабақ береді. Іс-шараны жиі ұйымдастырамыз, күн сайын өтеді десем де артық емес. Оның барлығына да мемлекет қолдау көрсете алмайды, жиған абырой-атағымызбен талай азаматтардың алдына кіріп, демеуші тартып келемін.
Одан бөлек, үлкендер арасында өтетін «Алтын домбыра» байқауының жастар арасындағы түрі «Күміс домбыра» байқауын тұрақты түрде өткізіп тұруды қолға алғанбыз. Бұл елімізде қызу пікірталас тудырған, ақындық қабілеті бар республика жастарын елең еткізген керемет авторлық жобамыз болды. Айтыскерлер арасынан жаңа есімдер тауып, дарынды жастарды қолдау аясында осыдан екі жыл бұрын бастаған жобамыз бүгінде әжептеуір нәтижесін беріп, сұранысты арттырып тұр. Сонымен бірге «Алтын қалам» байқауының қалам ұстаған жастар арасындағы республикалық поэтикалық «Күміс қалам» сайысын өткізу де дәстүрге айналды. Мұнда өлеңнің әдемі болуымен қатар, оны нақышына келтіре жеткізу, сахна мәдениеті сияқты өнерпаздың қырлары ескеріледі. Сонымен бірге қарсыласың оқыған өлең тақырыбына сай, оған сол төңіректегі өзіңнің шығармаңмен жауап беруің керек. Байқау осындай ережелері арқылы жас қаламгерлердің жаңа мүмкіндіктерін ашады.
Сондай-ақ мұнда «Қаратау фильмі» киностудиясының ашылғанын мақтанышпен айтқым келіп тұр. Мұнда баланың тілін дамыту бойынша актерлік сынып бар. Ол жерде сахна тілі деген бар. Сахна тілі деген баланың дұрыс сөйлеуіне, сахнада өзін ұстауы сияқты дүниелерді де үйретеді. Актерлік сыныпта балалардың ата-анасына өтініш жасап, кастинг жасап кино түсірдік. Содан YouTube әлеуметтік желісіне салғанымызда 200 мың қаралым жинады. Демек, балалар фильміне сұраныс бар деген сөз. Осыдан кейін кино түсіру қолымыздан келеді екен деп кірісіп кеттік. Ғабит есімді өзі режиссер әрі ұстаз ағайымыз бар. Жалпы, балалар киносы өте керек. Өзіңіз ойлаңызшы, кішкене ғана бір мектептің түсірген киносы 200 мың қаралым жинап отыр. Ата-аналар да балаларын актерлік шеберлік сыныпқа беруге құмбыл. Қазіргі балалар да киноға түсуге қызығады. Заманның талабы солай шығар. Ұрпақ үшін, балалар үшін деп жан-жақты жұмысты тоқтатпай ұйымдастырып отырмыз. Қазіргі балалардың сұранысы не, соған қарай ұлттық дәстүрімізді үйлестіре отырып, атқарып жатырмыз. Алда да жоспарлар көп.
– Мұндай дәстүрлі өнер мектептері ешқандай өңірде жоқ деп қалдыңыз. Жалпы, қызығушылық танытып, сұрап жатқандар бар ма?
– Жыршылар мен айтыс ақындарының құрылтайы өткенде осы мәселені қозғадық. Неге әр облыс орталығында дәстүрлі өнерді дәріптейтін өнер мектебі болмасқа?! Егер жаңадан салуға жағдайы келмейтін облыстар болса, бұрынғы музыкалық мектепті қайта жасақтап, реттеуге болады ғой деген ойларды ортаға салдық. Тек қайта бейімдеу керек. «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібекке осы идеяны айттық. Дәулет Жамаубайұлы бізді қолдап, тиісті министрлікке ұсыныс жасайтын болды. Ал өткен оқу жылының соңында қызылордалық Мамыр Байдаулет есімді кайраткер ұстаз арнайы келіп, мектепті көріп, жоба-сызбасын алып кетті. Облыс әкіміне ұсынатынын айтты. Семейден хабарласты, жаңа облыс құрылды, біздің де осындай мектеп ашқымыз келеді деді. Оларға да жобамызды түгелдей бердік. Петропавлда қазақтың өлмеуіне үлес қосып жүрген Жарқын Жұпархан есімді қайраткер жігіт бар, ол да арнайы делегациямен келем деп отыр. Біз осылайша көптеген азаматтардың мектеп ашуға бастама көтеруіне түрткі болып жатырмыз. Болашақта барлық өңірде ашылып жатса, Қаратаудың үлесі бар деп айта аламын. Алғашқы болып ашылды, алғашқы жүгін көтердік, жолға қойдық, бізге ешкім үйреткен жоқ. Республикада қозғалыс бар.
Алайда бір ғана кемшілік бар. Бұл мектеп Шымкент қаласында біреу ғана, ол барлығына жетпейді. Қала шетінен келгісі келетіндер көп. Бірақ жолдың шалғайлығы, бірнеше бағыт ауыстыратыны қолбайлау болып тұр. Сондықтан мұндай өнер мектептерінің көбейгені игі. Тіпті, жеке мектептердің өзі бізбен жұмыс істегісі кеп жатыр. 200 баланы берсек деп отыр. Келісім бар. «Өнер-білім бар жұрттар» дегендей, үйренем деген баланың бетін қақпаймыз!
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Назгүл НАЗАРБЕК,
Шымкент қаласы