Титаннан жасалған жаңа iPhone 15-ті жоғалтып алсаңыз, оны табу оңай. Жаңа смарт сағат смартфоныңыз қайда жатқанын, оған дейін қанша метр екенін дәл айтып береді. Бұл ғажайып функциялар қалай жұмыс істейді?
Смарт сағат жоғалған телефонды тауып береді
1,409
оқылды

Екі күн бұрын ғана таныстырылған iPhone 15 пен жаңа Apple Watch 9-сериясы туралы әлемдік бұқаралық коммуникация құралдары жарыса жазуда. Gizmodo.com технологиялық жаңалықтар сайты да екі өнімнің ғажап мүмкіндіктері туралы видео жариялады. Aikyn.kz жаңа өнімдердің техникалық сипаттарын gizmodo.com материалына сілтеме жасай отырып толықтырады.

Фото apple.com сайтынан алынды

Жаңа iPhone 15 Pro және iPhone 15 Pro Max корпустары титаннан жасалғандықтан, керемет тартымды көрінеді. Бұл модельдер табиғи титаннан басқа ақ титан, көк титан және қара титан деген түстер палитрасымен шығарылған. Жаңа материалдың арқасында 15-нұсқа iPhone 14 Pro-мен салыстырғанда 20 грамға жеңілдеді.

15 iPhone Pro смартфоны Pro желісі тарихындағы ең жеңіл смартфон саналады: бұған дейін ең жеңіл модель iPhone 11 Pro 188 грамм болса, iPhone 15 Pro 187 грамм. Міне, жаңа технологиялық әлемде 1 грамды да елеулі жетілдіру деп бағалайтын болдық.

Қуат көздері де біршама жақсарған: толық қуатталған батарея 15 Pro үшін 23 сағат видео көруге, Pro Max үшін 29 сағат көруге жетеді.

Фото 9to5mac.com сайтынан алынды

Енді сағаттар туралы. Бұл жолы Apple Watch Series 9 және Apple Watch Ultra 2 нұсқалары таныстырылды. Ең ғажап функция Apple Watch Series 9 жаңа қимылмен – сұқ саусақ пен бас бармақты екі рет түрту арқылы басқаруға болады. Осылайша, музыканы ауыстыруға, хабарландыруларды өшіруге немесе қоңырауды қоюға болады. Мұның бәрі толығырақ мына видеода көрсетілген:

 

 

Ақылды сағаттар пайдаланушыға жоғалтып алған iPhone-ды табуға көмектеседі: Apple Watch телефоннан қашықтықты, сондай-ақ оған баратын бағытты көрсетеді. Жаңа сағат бірнеше түсті болады – қызғылт, алтын, графит және тағы бірнеше түс бар.

Siri жүйесі денсаулық деректерімен байланысты болады – осылайша, Apple Watch көмегімен пайдаланушы өз организмінің көрсеткіштері туралы сұрақтар қойып жауап алады. Мысалы, қанша сағат ұйықтағаныңызды, жүрек соғу жиілігінің қандай екенін немесе дәрі-дәрмекті қашан қабылдау керектігін сұрауға болады.

Apple Watch Ultra 2-де алдыңғы нұсқамен салыстырғанда сөзді тану сапасы жақсарған, экранның максималды жарықтығы өсті және машиналық оқыту технологияларын қолдану арқылы жұмыс жылдамдығы артты. Сағат үлкен тереңдікте немесе биіктікте жұмыс істейді және төмен қуат режимінде 72 сағатқа дейін жұмыс істей алады.