Қобыз – Қорқыт бабамыздың ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап қалдырған қастерлі мұрасы. Ел аузында Сыр бойында ізі қалған абыздың өзі осы қобыз үнінің құдіретін пайдаланғаны жайында аңыз әңгімелер аз емес.
Қорқыт мұрасы құнды қазына
1,330
оқылды

Қорқыт кешені қастерлі орынға айналды

Ежелден  халқымыз қобызды қастер­леп, киелі  санаған. Бақсы-балгерлер бұл аспаптың құдіреті арқылы талай жанды ауру-сырқаудан айықтырғаны айтылады. Тіпті, бір кездері қобызды той-томалақта пайдалануға тыйым салған көрінеді. Содан да болар, түркі әлемінің рухани тәлімгері Қорқыт бабаның мұрасы Сыр өңірінде ерекше құрметке ие. 

Негізі, ел аузында Қорқыт  жайында аңыз әңгіме көп. Соның ішінде түгел түркінің киесі, қобыздың иесі атанған  Қорқыт атаның Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданы аумағында жерленгені айтылады. 1980 жылы сол маңнан Қорқыт ата мемориалды кешені бой түзеп, ел мінәжат ететін қастерлі орынға айналды. 

Қазір осы орынға елімізбен қатар, алыс-жақын шетелдерден арнайы көруге келетін қонақтар қарасы сиреген емес. Әсіресе, кешенге келетін туристер сол аумақта қобыз бейнесіндегі ескерткішке ерекше қызығушылықпен қарайды. Өйткені ерекше ескерткіштен жел ескенде қобыз үніне ұқсас тылсым әуен ойналғандай әсер қалдырады.  Ал кешен маңындағы мұражайдан ажалдан қашқан абыз жайында көптеген мағлұмат алуға болады.

Қазір Сыр өңірінде осы кезге дейін сақталып келген бақсы-балгерлер пайдаланған ежелгі қобыз түрлері аз емес. Осындай бабадан қалған асыл қазынаның әрбірінің өзіндік тарихы да бар. 

«Қорқыт мұрасы ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енген құнды қазынамыз саналады. Осыған орай жуырда Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі «Қорқыт мұрасы және Сыр өңіріндегі бақсылық өнер» жобасымен танымдық экспедиция ұйымдастырды. Соның негізінде ХІХ-ХХ ғасырларда өмір сүрген бақсы баба­лары­мыздың өмір жолынан құнды мәліметтер жинақтадық. Олардың тұтынған қобыз­дары туралы тың деректерге қанықтық. Көнеден жеткен құнды мұраны көздің қарашығындай сақтаған ұрпақтары бабалары төңірегінде сыр ақтарды. Осы экспедиция барысында бабалар пай­далан­ған ежелгі аспаптың қадір-қасиеті­не терең бойладық», – деп облыстық музейдің ғалым-хатшысы Асхат Сайлау ойын бөлісті.

Жалпы, ертеде  сыр бойын мекен­деген абыздар мен бақсы-балгерлердің ұстанған қобыздарының тарихы тереңге бойлайды. Бұл жайында артында қалған ұрпақтары аңыз қылып айтып беруден жалықпайды.

Сырға толы Соқыр Нышан

Қызылорда облысының іргесіне қоныстан Сырдария ауданында Қоғалы­көл атты ауыл бар. Ырзық-несібесі тасыған берекелі мекенде ертеректе өмір сүрген көптеген бақсы-балгердің, абыз-ақсақалдарымыздың ізі жатыр. Соның бірі де бірегейі – кезінде ел аузында Соқыр Нышан аталып кеткен Ысмайыл Шәменұлы.

1892-1979 жылдары өмір сүрген бақсының өмір жолы тылсым табиғатқа толы. Бақсы жайындағы аңыздың біріне сүйенсек, ол қобызбен күй ойнатқан сәтте көк жүзінде қалықтап ұшып жүрген аққудың өзі құлдилап келіп жерге қонады-мыс. Ауыл тұрғыны, бақсының аталас туысы Сәрсенкүл Ембергенқызы осы секілді өзі куә болған оқиғаларды баяндап бергенде еріксіз бас шайқайсыз.

Аталмыш елді мекенде бақсының бұрынғы үйінің ауласында жалғыз ағаш өсіп тұр. Бұл киелі ағаштың да өзіндік тарихы бар.

«Нышан бақсы осы ағаштың көлеңкесін жиі саялайтын бол­ған. Ағаш көлеңкесіне жай­ғасып, қобызымен күңіренте күй тартқанын талай мәрте өз көзіммен көрдім. Атамыз күй тартқан сәтте табиғат өзгеше күйге бөленгендей әсер қал­дыратын. Қобыздың күңірен­ген үні табиғатпен үндесіп, тау, тас пен ағаш аспаптың сырлы үніне елтіп тұрған­дай көрінетін. Өмірдің барлық мұң-зары мен шаттық, қуанышын қобыздың ішегіне таңып қойғандай тылсым құдірет байқалады. Атамыздың өмір жолының талай куәсі болған бұл киелі ағаштың біз үшін  орны бөлек», – дейді бақсының ұрпағы.

Қазір ғалымдар Соқыр Нышан қобызшыны Қорқыт атаның тоғыз күйін жеткізген насихатшысы деген тұжырымға келіп отыр. Атап айтқанда, «Ұшардың ұлуы», «Тарғыл тана», «Әуіп-пай», «Қор­қыт», «Башпай», «Желмая», «Сарын», «Қоңыр», «Байлаулы киіктің зары» күйлерін тартып, елге таратқаны айты­лады. Ал «Елім-ай, халқым-ай» күйін қобызшының өзінің төл туындысы деп таныған.

Бекберген мен Нұрғали бақсы 

Қоғалыкөл ауылында өмір жолы өр­нек­телген тағы бір абыз – Бекберген бақ­сы Әубәкірұлы. Бұл бақсы жайында да ел арасында көптеген аңыз-әпсана ай­тылып жүр.

Бақсының өмір жолына көз жүгірт­сек, Бекбергенге бойындағы қасиеті әкесі Әубәкірден дарыса керек. Алғаш рет ол он тоғыз жасында бақсылық сына­ғынан өтіп, емдеу, болжау, болашақты көру, ойды оқу қасиеттерімен халыққа кең танылыпты. 

Бозбала шағынан қылқобыз аспабы­ның сүйемелімен сарындар айтып, бақ­сы­лық ойында жындарын шақырған де­ген тәмсіл айтылады. Бекберген бақ­сы­ның «Айдаһар жыландардың арбауы», «Дүрсілдеген шұбар ат» атты күйлерін өткен ғасырдың 70-жылдары М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер инсти­туты­ның қызметкерлері үнтаспаға жазып алған. 

Сол кездері бақсының қолданған қобызы әлі күнге дейін сақтаулы. Бүгінде бір ғасырдан астам уақыт бұрын жасалған қобыз әбден ескірген. 

Қобыздың қазіргі иесі Ишанбек Есмақұлының айтуынша, Бекберген бақсы қобызды емшілік мақсатта Есмаққа сыйға берген екен. Содан бері Есмақ әулеті қобызды көзінің қарашығындай сақтап келе жатқа­нын алға тартты. 

Сонымен бірге Сыр өңірінде осы кезге дейін зерттелмеген бақсылардың бірі  – Нұрғали Смайылұлы. Бұл бақсы да Сырдария ауданы Шіркейлі ауылында өмір сүрген. 

Оның көзін көрген ақсақалдардың айтуынша, бақсылық қасиет аталарынан берілген екен. Өзінің екі көзі мүлде көрмеген. Зағиптың зардабын тартса да тылсым құдіретке ие болғанын ұрпақтары аңыз қылып айтады.

Аңыз әңгімеге сүйенсек, оған аталары түсінде жерге көмілген қобызды қайта қолға алып,  бақсылық қасиетті қабылда деп үш рет аян береді. Бұған көнбеген Нұрғали бақсының көзі көрмей қалады. Осыдан кейін қорқып, бақсылықты қабылдап, өмір­ден өткенше емшілікпен айналысыпты. 

Бүгінде қара шаңырақта сақталған киелі қобыздың үнін әр жұмада естіген адамдар бар екенін тікелей ұрпақтары айтып отыр. 

Түмен әулиенің тылсымы

Сыр топырағында ХІХ ғасырдың бірінші жартысында 1821-1875 жылдар шамасында Түмен есімді әулие кісі өмір сүрген. Оның қазіргі Жалағаш ауданына қарасты Қаракеткен, Амангелді ауылдық кеңестері қамтуындағы елді мекенде кіндік қаны тамған деген дерек бар. Осы жерде бас-аяғы 54 жас өмір сүрген. 

Түменді кішкентайынан аруақтар қамқорлыққа ала бастағаны айтылады. Баланың 5-6 жасар кезі екен. Ауыл арасындағы шаңдақта ойнап жүргенінде ойда-жоқта қатты жел тұрып, бір топ баланың ішінен айрық­ша Түменді құйын жоға­ры көтеріп әкетеді. Әке­сі Қаражігіт ғайыптан болған тылсым күштің құ­діретін естіп, бірнеше күнді ұйқысыз бастан кеше­ді. 

Бір жеті өткеннен кейін бас­қа бір ауылдан бала Түменнің хабары жетеді. Баланың есі кіріп, қалыпқа келгеннен кейін сұрастырғанда, құйын арасынан бірнеше адамның қақпақылдап қолдан-қолға тигізбей ұшырып алып жүргенін айтыпты. Сол кезде құйын арасындағы әлгі адамдардың бірі «бізге жолдас болу қиын екен, жерде де кем болмас», – депті де қайта тастап кеткен көрінеді. Сөйтсе, олар Ғайыперен қырық шілтеннің бірі кем отыз тоғыз екен.

Бала бақсы алғашында хал сұраған ауылдастарының  көп сұрағына жөнді жауап бере алмай қиналыпты. 

Одан кейін Түменге аруақ он екі жасында біржола қонса керек. Елдің айтуынша, үйіне отындық сексеуіл шауып әкеле жатқан оған күтпеген жерден бір ақ киімді ақсақал шал пайда болып: «Ей, балам, үйіңе барған соң малыңның ішіндегі қарабас қойды сойдырып, ауыл-аймағыңды шақыр, батамды беремін» депті. «Сізбен қалай кездесемін» деген балаға, «құдайы жасағанда бірге болар­мын» депті де көзден ғайып болыпты. Бей­таныс адамның тапсырмасын бұлжыт­пай әкесіне айтып, қорасындағы ақ қарабас қойын сойып, ауыл-аймағына құдайысын таратыпты.

Бір күні Түмен таң алдындағы тәтті ұйқыда жатқанда әлгі ақсақалды шалды тағы көреді. Ол: «Балам, менің беретін мына үш нәрсеме ие бол: біріншісі – ақ түсті кітабымды ал, асқан емші боларсың. Алдыңа келген сырқат айықпай кетпес. Екіншісі – мына бір кесе суды ішіп жібер, атағың аяқ жетер жерге тарайтын көріпкел әулие боларсың. Үшіншісі – мына қобызымды иелен. Бір демеушің осы болар, қажетті жеріңде, күңірене тартылған қыл қобыздың үні шыққанда қасыңнан табылармын» деп батасын беріпті.

Қазір бұл қобыз Жалағаш ауданы Шә­ме­нов ауылында тұратын Түмен әу­лие­нің тікелей ұрпағы Нысанбай ағамыз­дың қолында сақтаулы. Түмен әулиеден кейін қобызды баласы Мұса бақсы пай­да­ланып, емшілікпен айналысқан екен. Ел аузында Түмен әулие бір заманда осы қобызбен дарияның суын теріс ағызған деген де әңгіме айтылады. 

Кезінде ұрпақтары қобызды  Орталық мемлекеттік музейге өткізген. Бірақ кейін ұрпақтарының түсіне түрлі тылсым күштер еніп, қобызды қайтадан қайтаруға мәжбүр еткен көрінеді. Қобыз қайта реставрациядан өткізіліпті. 

Жалпы, Сыр топырағында қастерлі саналатын Қорқыт мұрасы төңірегінде аңыз әңгіме жетерлік. Талай бақсы-балгердің серігіне айналған қасиетті аспаптың құдіреті әлі талай ғасырлар бойы ұрпақтар жадында жаңғыратыны сөзсіз.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы