Оралхан Бөкейдің әр кейіпкері – өз алдына бір әлем.
Иең қайда, ақбоз ат?
2,424
оқылды

Тортайлар мен тұлпарлар немесе Оралханға оралу

Ойлы оқырманның миына әбден шегеленіп қалған ғажайып әрі пердесіз персонаждың біреуі – Тортай. Иә, сол кәдімгі Тортай. Орағаңның жұрт жаппай оқыған «Тортай мінер ақбоз ат» атты әйгілі әңгімесінің бас кейіпкері. Салықсалғанның иығына қонған аядай ауылдың перзенті. Өзі тұлдыр жетім. Жуас. Жасқаншақ. Оның үстіне, құлағының қақасы бар. Алыстан қосылатын жамағайынның есігінде жүріп, бұзау бағып күнелтеді. Бірақ бұзаудан басқа да шаруасы жоқ миғұла бала емес. Арманшыл. Адал. Ақкөңіл. Күндіз-түні кітап кеміреді. Оқымаған шығармасы жоқ. Тек соның бәрін талғамай жұтады. Өйткені қолына ілінген кітаптың бірін қалдырмай құнығып оқиды. Сондықтан білмейтін мәліметі, келтірмейтін дерегі жоқ. Ауыл балалары­ның ішіндегі ең «ғұламасы» осы. Онысы­мен қоймай, келешекте атағы жер жарған жазушы болғысы келеді. Арманындағы ақбоз атқа мініп ап, алыс көкжиекті шарлап қайтқанды көңілі қалап тұрады. Оның осы ерекше құлшынысына жазу-сызуға икемді, бастықтың баласы болса да, қарапайым қалпынан айнымаған Ораштың өзі қызығады. Сондықтан ол Тортайға үнемі жақын жүреді. Тіпті, оны Салықсалғанның ұшар басындағы тас қорымның үңгіріне дейін іздеп барып, тауып алады. Екеуі түнімен қою қараңғы­лық құшағында бірге жатып, таң атқанша сырласады.

Ақыры Тортайдың армандаған ақбоз аты Ораштың тақымында кетеді. Кейін танымал жазушы атанып, елге демалысқа келгенде өзін арнайы іздеп шығып, ауызғы үйде шешесімен күбір-күбір сөйлесіп тұрған Тортайға жолығуға ұялады. Бір кездегі тілеулес жолдасымен жүздесуге дәті бармай, диваннан белін көтере алмай, шойырылып жатады. «Ақбоз атты иесіне қайтаруға кеш еді» дейді ол. Осы туындыда Тортайдың Орашқа ертегі айтып отыратын жері бар. «Баяғыда бір жетім бала болыпты» деп басталатын сол ертегінің жалпы сұлбасы ғана есінде. Тек Ораш соның қалай аяқталатынын ұмытып қалыпты. Әңгіме соңына жеткенде «Е, осылай аяқталады екен ғой» деп күрсінеді белгілі қаламгер.

Қо-о-ош, Тортай жалғыз емес-ті. Оның тағдыры – талап бітсе де, қанат бітпеген, қанат бітсе де, бақ бітпеген, бақ бітсе де, бап бітпеген бірталай баланың ортақ тағдыры еді. Балағының биті бар талай ұлан таңдаған жолынан қиыс кетті-ау дейсің кейде...

Құттыбайтүбектің қолтығы мен Жұмқанжарманың жауырынына қоныс тепкен біздің Қаратереңде де талантты Тортайлар баршылық еді. Менің класымда бір емес, тоғыз Тортай оқыды. Шетінен қабілетті. Шығарма жазса, шиырып түсіреді. Сөйлемдерінің арасына қыл сыймайды. Мектеп қабырғасында жүргенде ет қызуымен повесть жазып жібергендері де бар. Өйткені бізге әдебиет пәнінен дәріс беретін мұғалімдеріміз керемет білімді болатын. КазГУ мен КазПИ-дің филфагін қызыл дипломмен бітіріп келген өндірдей жаңашыл жастар, парасатты педагогтер еді. Класымдағы бозбалалар мен бойжеткендердің шабы­тына шабыт қосып, Тортайларды топыр­латып көбейткендер де солар. Біз оларға желімдей жабыстық та қалдық. Шынында да, кластастарымның жазу стиліне кәдімгідей таңғалатынмын. 

Жалпы, біздің Қаратерең – қара сөзден құйын ойната білетін ауыл. Сол ауылдың бесіктен басын шығарып, тілін шайнап жататын беймаза балалары қаламгерлікке бет бұрған соң не жорық, қағаз бетіне түсірген сөйлемдерінің сөлі ағып тұрады. Қаралай қызығам. Енді керемет! Сол тоғыз Тортайдың қатарына мен қосылдым. Осы қазақта «Тоғыз тоңқылдақ, бір шіңкілдек» деген ертегі бар емес па еді?! Құдды сол... Бірақ менің қарымды һәм дарынды кластастарымның ешқайсысы жазу өнерін қумады. Түрлі себеп... Бәрі де Тортай секілді жұпыны емес-ті. Қай-қайсысының да қарағайдай әке-шешесі бар-ды. Көңілдері қаламаған болар. Шарты келме­ген шығар. Әйтеуір, менен басқасы жур­факқа жолаған жоқ. Әйтпесе, қаламнан ажырамағанда бір кластың ауасын бірге жұтқан Нұржан Төлегенов, Гүлбарам Әжмол­даева, Роза Ілиясова, Пернегүл Қосбар­мақова, Ерталап Батаманов, Жақ­сы­бике Қайырлапова, Сәулеш Жүрім­баева, Төлебай Махамбетов, Гүлнәзид Омарова сынды кластастарым жазу додасына бір бүйірден ат қосары анық-ты. Олардың аңсары болған ақбоз аттың бүгінде қай қыр мен қай қыратта жосып жүргенін кім білсін?! 

Солай... Сонымен, Тортай – қабілет-қарымы өзгеден асып тұрса да, тағдырдың шырмауынан шыға алмай, қаламгерлікке қолы жетпеген қазақ баласының бейнесі. Ұлт топырағында Тортайдан көп пенде жоқ. Себебі кез келген ұл-қыз сөзін жұптай біледі, көбі ұйқас өріп, өлең құрай алады. Бірақ олардың бәрі бірдей жазу өнерінің даңғыл жолына түскен жоқ. Яғни, Тортай армандаған ақбоз аттың жалына қол арта қоймады. Кейбірі тіпті оны іздемеді де. Қысқасы, ат-патпен шаруасы болмады. Содан соң олардың арманына айналған ақбоз аттар, яғни сөз өнерінің сәйгүліктері қаламына қадамы сай өзге қыз-жігіттердің тақымына қыр арқасын тосты. Солардың жүгені мен ер-тұрманына құлдық ұрды. Ал енді олар алысқа шабатын ақбоз аттың шын шабандозы бола алды ма, ол енді басқа әңгіме...

Сөйтіп, тұлпарлар үйірге қосылып, додаға араласып кетті де, Тортайлар қиырда қалып қойды. Қазіргі әдебиеттің бір тұсы олқы соғып тұрғаны дәл осы Тортайлардың жоқтығынан емес пе екен?! Ал ақбоз ат болса, алға қарай дамылсыз жүйткіп барады. Үстінде далақтап келе жатқан сол бір адам оның Иесі ме, әлде Киесі ме, ол да белгісіз... Сондайда «Иең қайда, ақбоз ат?» деп жан ұшырып тұрып, бар даусыңмен айғай салғың келетіні-ай... 

Бауыржан ОМАРҰЛЫ