Қарағанды облысының полицейлері Алматыдан қазақстандықтардың 15 млн теңгесін жымқырған Ресей азаматын ұстады, - деп хабарлайды Қарағанды облысының Полиция департаменті.
Қарағанды облыстық Полиция департаментіне 51 жастағы Қарағанды тұрғыны арызданған. Жәбірленушіге бейтаныс біреу банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалып тұрмыз деп алдаған. Кейін, белгісіз азамат жәбірленушіге оның атынан біреулер несие рәсімдеп жатқанын айтып, есеп-шотын бұғаттау қажет екенін ескерткен. Осы әңгіменің соңында жәбірленуші алаяқтарға 5,2 млн теңгеден астам қаражат жіберген.
Аталған дерек бойынша, Қазақстан Республикасы ҚК-нің 190-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды.
«Қарағанды облыстық Полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген кешенді жедел-іздестіру шаралары барысында Алматыдан 22 жастағы Ресей Федерациясының азаматы ұсталды. Тергеу кезінде тәртіп сақшылары ұсталған азаматтың Қазақстан азаматтарын алдауға байланысты бес қылмысқа қатысы барын анықтады. Жалпы, келтірілген шығын көлемі 15 млн теңгеден асады»,- деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.
Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жалғасып жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.