Білім бөлімі ғимаратқа жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттың жасалып жатқанын жақын арада ғимараттың есік-терезесі жабылатынын жеткізді.
Степногорда балабақша ғимараты нашақорлардың мекеніне айналған
1,218
оқылды

Степногор қаласында иесіз қалған бұрынғы мемлекеттік балабақша нашақорлар мен маскүнемдердің ордасына айналды,-  деп хабарлайды Aikyn.kz тілшісі. 

Есік-терезелері қираған балабақша қала тұрғындарының үрейін ұшырып тұр. Өйткені нашақорлар мен маскүнемдер толып жүретін жынойнаққа айналған бұрынғы балабақша ғимаратында тіпті мектеп жасындағы балалар да болып, ересектері кішілерін бопсалап ақша алатынын байқаған. 

- 5-шағынаудандағы бұл балабақша жақсы балабақша болатын. 9-шағынаудандағы балабақша сияқты мұны да қаланың теңгеріміне алған. Бұдан кейін еш жағдай жасалмағандықтан бұзылып, аса мүшкіл жағдайға жетті. Нашақорлар мен маскүнемдер жүреді. Егер білім бөліміне қажет болмаса екі ғимаратты да алудың қажеті не еді? Тас-талқан етіп бұзып, ал одан кейін қалпына келтіру үшін қайта миллиондарды жұмсау үшін бе, - дейді Степногор қаласының тұрғыны Светлана Трущенко. 

Білім бөлімі ғимаратқа жөндеу жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттың жасалып жатқанын, жақын арада ғимараттың есік-терезесі жабылатынын жеткізді. 

- 5-20 А мекенжайы бойынша орналасқан бұрынғы балабақша ғимараты білім бөлімінің теңгерімінде 2011 жылдан бері тұр. Қазіргі уақытта сараптама өткізе отырып, жобалық-сметалық құжаттама жүргізілуде. Бұдан кейін жоба балалар шығармашылығы  мен дамыту орталығын қайта құруға қаражат бөлу үшін комиссиямен бюджетттің қарауына берілмек. Қазіргі сәтте нысан күзетке алынған. 22 қыркүйектен бастап күзетшілер ғимараттың есік-терезелерін жауып, шегелеп жатыр. Дүйсенбіден бастап жұмысты күшейтеміз, - деді Степногор қалалық білім бөлімінен. 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы