Әзербайжан Ұлттық кітапханасында көрнекті жазушы, қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының негізін қалаушы, драматург, қоғам қайраткері Кемел Тоқаевтың 100 жылдығына және ХХ ғасырдағы Әзербайжан әдебиетінің классигі, ғалым-педагог Мир Жалал Пашаевтың 115 жылдығына арналған «Түркі әдебиетінің тарландары» атты халықаралық конференция өтті.
Бакуда Кемел Тоқаевтың 100 жылдығы мен Мир Жалал Пашаевтың 115 жылдығы аталып өтті
1,414
оқылды

Іс-шараға Әзербайжан Мәдениет министрі Әділ Керимли, Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, Қазақстанның Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байел, Әзербайжанның Милли Мәжілісі Мәдениет комитетінің төрайымы Ганира Пашаева, Әзербайжан Ұлттық Ғылым академиясының президенті Иса Габиббейли, Әзербайжан дипломатиялық академиясының ректоры Хафиз Пашаев, Әзербайжан Ұлттық кітапханасының директоры Кәрім Тахиров, Қазақстан Ұлттық кітапханасының директоры Бақытжамал Оспанова, сондай-ақ Чингиз Абдуллаев, Қойшығұл Зарлы, Бақтығали Айжігітов, Бақыт Құтпанбаев, Саят Қамшыгер, Талант Арынғали, Нұрғали Ораз, Қадырбек Қаныпияұлы, Тахсин Муталлибов, Нариман Абдулрахманлы және т.б. сияқты көрнекті қазақстандық және әзербайжандық ғылым, әдебиет және өнер қайраткерлері қатысты.

Конференция барысында қатысушылар К.Тоқаев пен М.Пашаевтың өмірі мен шығармашылық жолы туралы баяндамалар жасап, өзара мәдени ықпалдастық арқылы түркі халықтарын одан әрі жақындастырудың маңыздылығы туралы пікірлерімен бөлісті.

Іс-шара аясында К.Тоқаевтың әзербайжан тілінде жарық көрген «Түнде атылған оқ» кітабы мен М.Пашаевтың қазақ тілінде басылып шыққан «Таулардың жүрегі» кітабының тұсаукесері өтті. Түркі әлемінің көркем сөз шеберлері шығармалар жинағының тұсаукесерімен қатар, олардың шығармашылығына арналған кітаби-иллюстрациялық көрме ұйымдастырылды.

М.Отарбаев іс-шараның өтуіне байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің құттықтау хатын оқып, оны Әзербайжан тарапына тапсырды. Мемлекет басшысының хатында «Қазақ пен әзербайжан – ежелден туыс, дос халықтар. Бауырлас елдердің қарым-қатынасын нығайтуға Каспий теңізі арқылы жалғасып жатқан тату көршілік пен экономикалық ынтымақтастық қана емес, қадірлі қаламгерлеріміз бен көрнекті тұлғаларымыздың рухани байланыстары да зор септігін тигізіп келеді», – деп айтылған.

Әзербайжан Мәдениет министрі Ә.Керимли Әзербайжан Ұлттық кітапханасының 100-жылдығын мерекелеумен қатар өтіп жатқан конференцияның екі елдің әдебиеті мен мәдениеті үшін маңыздылығын атап өтті.

Елші Ә. Байел өз сөзінде Қазақстанның қашанда Әзербайжанмен бірге болатынын мәлімдеді. Сонымен қатар, дипломат Президент Қ.Тоқаев пен Президент И. Әлиев арасындағы сенімді диалогтың арқасында елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастықтың жаңа деңгейге шығып отырғанын атап өтті.

Милли Мәжіліс Мәдениет комитетінің төрайымы Г. Пашаева өз сөзінде Қазақстан мен Әзербайжанның бауырлас халықтары арасындағы ортақ тарихи тамырлар, сондай-ақ екі елдің мәдени ынтымақтастығы туралы айтып берді. Депутат К.Тоқаевтың әзербайжан тіліндегі кітабы мен М. Пашаевтың қазақ тіліндегі кітабының тұсаукесерін қазақ мен әзербайжан халықтары арасындағы достықтың жарқын үлгісі деп атады.

Кемел Тоқаевтың әзербайжан тіліндегі кітабына алғы сөз жазған детектив жанрының шебері Ч.Абдуллаев Тоқаев биографиясының таңқаларлық тұстарына тоқталды.

Ұлттық Ғылым академиясының президенті И. Габиббейли қос жазушы тағдырының ұқсастығына назар аударды: екеуі де ата-анасынан ерте айрылып, ағаларының қамқорлығымен ер жетті. Екеуі де адамгершілік пен отаншылдық сияқты құндылықтарды дәріптеп, майдангерлердің өмірін суреттеді.

Конференция соңында екі елдің ұлттық кітапханаларының басшылары Қазақстанның Әзербайжандағы Елшілігіне іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін ризашылықтарын білдірді, сондай-ақ қонақтарға іс-шараға қатысқандары және Түркі әлемінің мәдени байланыстарын дамытуға қосып отырған үлестері үшін алғыс білдірді.