Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 165 жылдығына арналған дөңгелек үстел өтіп, іс-шара барысында «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітабының тұсаукесері өтті.
«Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітаптың тұсаукесері өтті
1,427
оқылды

Жиынға Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің ұрпақтары, ҚР Парламентінің Сенат және Мәжіліс депутаттары - Алтынбек Нұхұлы,  Нұртөре Жүсіп, Ғарифолла Есім, Дархан Мыңбай, Қайрат Әбусейітов, Дихан Хамзабекұлы сияқты мемлекет және қоғам қайраткерлері, сондай-ақ   зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, мәшһүртанушылар, БАҚ басшылары қатысты. Пікір алмасу кезінде  ұлы тұлғаның қазақ тарихындағы және руханиятындағы орны, жас ұрпаққа мұрасын жеткізу жолдары,  қоғамда насихаттау мен тың зерттеулер жүргізу мәселелері талқыланды.  

Дөңгелек үстел барысында  Altyn Qyran Foundation  қоғамдық қорының төрағасы Исламбек Салжанов: «Біртуар тұлға, ғұлама ғалым Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің есімі әр қазақ үшін қастерлі.  Осыған орай «Алтын қыран» қоғамдық қоры Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шөбересі Абай Шарапиев ағамыздың кітабын басып шығаруға қолдау көрсетті. Бұл еңбек мәшһүртануға үлес қосып, оқырмандардың ықыласына ие болады деген үміттемізҰлы бабамыздың бай рухани және ғылыми мұрасы ел ішінде кеңінен таралып, қоғамдық-саяси және ғылыми қызметі тереңірек зерттелуі қажет. Сондықтан да бұл мәшһүртанудағы жаңа міндет, жаңа кезең болуы тиіс», - деп өз ойымен бөлісті.

Іс-шарада ұлы тұлғаның діни және рухани қыры, ғылыми және этнографиялық еңбегі, егемендік пен ұлт азаттығы жолындағы қызметі, жаңару, ұлттық болмысты дамыту, кәсіп игеру туралы ойлары тарқатылып ортаға салынды.

Солардың бірі Мәшһүр Жүсіп 1907 жылы «Сарыарқа кімдікі?» атты кітабы шығып, онда патша үкіметінің Қазақ жерін отарлау туралы жазылады.  Қазан қаласында бұл кітапты басып шығарған баспаға 12 мың сом айып салынып, 14 адам сотталады. Мәшһүрді тұтқындау туралы жарлық шыққаннан кейін ол туған жерін тастап, Қазақстанның оңтүстігіне қарай кетуге мәжбүр болады. Бұған қоса, оның «Айқап» журналы мен «Дала уәлаяты» газетінде саясат, дін, шаруашылық, мектеп пен білім туралы мақалалары шыққан еді.

Осыдан Мәшһүр бабамыз өз заманында қоғамдық-саяси процестерге араласып, елінің егемендігі жолында қызмет еткенін аңғаруға болады.

Бұдан бөлек, Мәшһүр Жүсіп атақты Бұқар жыраудың мұрасын жинап, келешек ұрпаққа қалдырып кеткен. Соның арқасында Бұқар жырау секілді ұлы бабамыздың шығармалары бізге жетіп, жыраулық дәстүр жалғауын тапты.

Қашан да халықтың қамын ойлап жүрген бабамыз қазақ халқына егін егу, саудамен, кәсіппен айналысу қажеттігін баса айтқан. Ол туралы  «Баянауылдан хабар», «Тұрмыс жайында болған хабарлар» деген мақалалар жазады. Бұл ойлар қазіргі уақытта да өте маңызды. Бұл мәселеге Мәшһүр Жүсіп атамыз да тоқталған.

Жиында Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шөбересі Абай Шарапиевтің «Мәшһүр Жүсіптің тылсым әлемі» атты кітабының тұсаукесері өтті. Еңбекте Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығы кеңінен баяндалады. Кітап бұрын-соңды жарияланбаған материалдарымен құнды.

Аталмыш шара  Altyn Qyran Foundation  қоғамдық қоры, «Мәшһүр Жүсіп» қоғамдық қоры және ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен өткізілді.

Фотоларды түсірген
Радмир Фахрутдинов