Петропавлда үй өртеніп, екі кішкентай бала анасымен бірге тірідей жанып кетті. Ажалмен арпалысқан 20 жастағы келіншек өмірінің соңына дейін балаларын құтқаруға тырысқан. Ол 1,5 жасар қызы және 5 жасар ұлымен бірге өртенген үйдің есігінің жанынан табылды, – деп хабарлайды Zakon.kz.
Петропавлда үй өртеніп, жас келіншек екі баласымен бірге қаза тапты
771
оқылды

Өрттің қатты болғаны сонша, қызыл жалын қаланың екінші шетінен көрінген. Көршілер кіреберіс бөлмеде тұтанған от бірден күш алып, баспананы күлге айналдырғанын айтады, – деп хабарлайды КТК.

"Көршім терезеден секіріп түсіп, іште балаларым мен әйелім қалды деп айғай салды. Тұра жүгірдім, дем алу мүмкін емес. Өрт сөндірушілер тез жетті. Бірақ құтқарып қала алмады. Жап-жақсы отбасы болатын. Әйел жұмыс істейтін. Бәлендей проблемасы жоқ еді. Бұрыннан танушы едім, амандасып жүретін", - дейді көршісі Юрий Сухарев.

Көршілер бұл үйге 80 жыл болғанын, өте ескі екенін, әжелерінен мұраға қалғанын айтады. Бес адам тұрып жатқан. Үй иесінің анасы сол күні жұмыста болыпты. Өрт сөндірушілер хабар жеткен соң-ақ бес минутта келген. Бірақ екі баласымен далаға ұмытылған ананы құтқара алмапты.

"Өрт орнына Петропавл қаласының №5 өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан 15 адам үш цистернамен шықты. Оқиға орнына жету уақыты 5 минутты құрады. Алдын ала болжам бойынша, өрт фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қажет сараптамалар тағайындалды", – деп мәлімдеді Петропавл қалалық ТЖБ бастығы Назымбек Елемесов.

Өрттен аман шыққан үй иесі мен жұмыста болған оның анасына жергілікті әкімдік көмек береміз деп отыр.

"Жергілікті атқарушы орган тарапынан жерлеу рәсіміне, уақытша пәтер жалдауға және басқа да қажеттіліктерге арнайы қаржы бөлінетін болады. Бұл жерге облыс басшылығы, қала басшылығы кеше түнде келді. Қаза тапқандардың туысқандарына қайғырып көңіл айтамыз", – деді Петропавл қаласы әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.

Өрт-техникалық, медициналық сараптама дайын болғаннан кейін ғана адам өмірін жалмаған өрттің шығу себебі анықталады. Ұшқын әбден ескірген электр сымдарының тұйықталуынан болуы мүмкін деген болжам бар.