Мәжілістегі «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Мархабат Жайымбетов ауылдарды газдандыру мәселесін көтеріп, ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловқа сауал жолдады.
Депутаттың мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының газдандыру деңгейі халық санымен 59% болғанымен, 6 386 елді мекеннің 1 754-і немесе 27,5%-ы ғана табиғи газдың игілігін көріп отыр. Сондай-ақ ол Парламент депутаттарының жаз айларында өңірлерді аралау барысында тұрғындар тарапынан көтерілген ең өзекті мәселенің бірі – ол ауылдарды газдандыру мәселесі болғанын айтты.
«Мысалы, Қызылорда облысында 234 елді мекеннің 26-сы, Түркістан облысында 831 елді мекеннің 465-і, Жамбыл облысында 371 елді мекеннің 274-і, Алматы облысында 384 елді мекеннің 147-і, Жетісу облысында 358 елді мекеннің 22-і газдандырылған. Ал газдандырылмаған елді мекен тұрғындары осыған қызығушылықпен қарайды. Қыс айларында 10 тоннаға дейін көмір таситын апаларымыздың, келіндеріміздің, қыздарымыздың еңбегі Қарағандылық шахтерлардың еңбегінен кем емес. Өткен жылы 43 елді мекендегі 50,5 мың тұрғынды газбен қамту мақсатында Ұлттық қордан және республикалық бюджеттен 96,6 млрд теңге қаржы бөлінсе, биыл қаржының көлемі 73,9 млрд теңгеге дейін төмендеген. 2022 жылы еліміздегі газ өндіру көлемі 53,2 млрд м3, ал тауарлы газ 23,9 млрд м3, оның 19,3 млрд м3 ішкі нарыққа жеткізілсе, 4,6 млрд м3 экспортталды», – деді ол.
Мәжіліс депутатының айтуынша, оңтүстік өңірлерге «Бейнеу-Бозой-Шымкент» және «Газли-Шымкент» магистральдық газ құбырлары арқылы газ жеткізіледі.
«Осы магистральдық құбырдың жүктемесі 106%, яғни артық газ көлемін өткізуге мүмкіндігі жоқ. Осы аймақтарды әрі қарай газдандыру мақсатында «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші желісінің құрылысы шұғыл түрде қажет етуде. Бүгінде оның техникалық-экономикалық негіздемесі әзірленуде. Бұл жоба шамамен 2027 жылы аяқталады. Жобаның құны шамамен 2,7 трлн теңгені құрайды. Бұл жобаны іске асыру «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге» сайлауалды бағдарламасында көзделген. Осыған байланысты, елдің оңтүстік және орталық өңірлерін газдандыру «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының 2 желісін салғаннан кейін кезең-кезеңімен Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Ұлытау, Алматы облыстарын газбен қамтамасыз етуге болады», – деді ол.
Мархабат Жайымбетов халықтың табиғи газға деген сұранысын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет елді мекендерді газдандыру жұмыстарын әрі қарай жалғастыру керек екенін айтып, өз ұсыныстарын білдірді.
«Бірінші, жылдар және өңірлер бөлінісінде газдандырылатын елді мекендер тізімін жасақтап, жыл сайын газдандыру жобаларына кем дегенде 150-200 млрд теңге қаржы қарастыру.
Екінші, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші желісінің құрылысын тездетіп, шетел инвесторларын тартумен немесе халықаралық қаржы ұйымдары есебінен іске асыру.
Үшінші, Үкімет Өзбекстан және Қытай мемлекеттерімен «Газли-Шымкент» немесе «Қазақстан-Қытай» магистральдық құбырлары арқылы оңтүстік өңірлерге қосымша газ көлемін жеткізу мүмкіндігін қарастырып, келісу қажет», – деді ол.