Қазір құдайға шүкір, қарызсыз адам жоқ.
Қарыздан қашқан Қайрақбай
487
оқылды

Рас– өтірігін қайдам, жұрттың бәрі банкке бір кісідей бережақ дейді ғой? Ауыл ауданға қарыз. Аудан облысқа, облыс рес­публикаға қарыз. Ал республика шетелге шаш етектен қарыз екен. Әйтеуір, бітпейтін қарыз. 

Біздің ауылда Қайрақбай деген кісі бар. Өзгенің затын алса, сіңіріп кетеді. Қанына сіңген жаман әдет. Өткен жылы банктен несие алып, енді ауданға төбесін көрсетпей ауылда бой тасалап жүр. Адамнан қашсаң да банктен құтыла алмайсың ғой...

– Қайырлы таң, біз сізді таба алмай жүр едік. Қайрақбай Берме­генов деген сіз бе?

– Иә, мен, жайшылық па?

– Мен аудандық банктен келіп тұрмын. Банкіден бес жүз мың теңге несие алып па едіңіз?

Қайрақбай селк кете қалды. Әйелі Оқтаугүлге «үйге жан адам кіргізбе» деп талай рет ескерткен еді. Оқтаугүл болса отын іздеп, тезек теруге қыр асыпты. Есік ашық қалыпты.

– Банк несие берді. Бірақ ол ақшаға қатын алдым, – деді ол.

– Не алсаң да шаруамыз жоқ, енді сол несиеңізді уақытында график бойынша қайтармайсыз ба?– деп банктен келген сары қыз шап ете қалды.

– Қайтару керек па еді? Айттым ғой, қатын алдым, үйлен­дім. Осылай бойдақ жүре берем бе? Әкемнен қалған қыруар мұра жоқ. Жасым болса қырыққа келді.

– Қызық адам екенсіз. Олай болса, үйіңді кепілдікке аламыз.

– Қарындас, қайдағы үй? Мен үйі бар адамға ұқсаймын ба? – деді Қайрақбай

– Ендеше жеріңді аламыз, – деп әлгі қыз қояр емес.

Талайды жер соқтырып жүрген Қайрақбайдың қалың беті бүлк етер емес.

– Менде жерде қайдан бол­сын? Жерді қолы жеткендер ала­ды, – деп тарқылдап күліп жіберді. Қарай гөр, біреуге қарыз болса да, жердің жақсысын қолы жеткен­дер­дің жекешелендіріп алғанын қайдан біледі-ай?! Осы Қайрақ­байдың білмейтіні жоқ. Кімнің қалай байып, кімнің қызметте қа­лай өскенін де біледі. Тіпті, қала­дағы жемқорлардың да тізімін жатқа айтатын көрінеді. Банктен келген сары қыз қадалған жерінен қан алғысы келіп тұр. Ол да айтқа­нынан қайтар емес.

– Олай болса, алған әйеліңізді кепілдікке аламыз. Ауданға апа­рып жабамыз.

– Алыңыз, бірақ алты ай бол­ды, қатын төсек-орнын арқалап төркініне кетіп қалды.

– Туу, сізге дауа жоқ екен. Он күн уақыт береміз, банктен алған қарызыңызды қайтарасыз. Қай­тар­майды екенсіз, басқаша сөйле­се­міз, – деп ауданнан келген қыз бақырып кетті.

Айқайды естіп көршісі Өңеш­бай келді. Оның да Қайрақ­байдан алажағы бар.

– Әй, Қайрақбай, алған қары­зыңды қашан қайтарасың?

– Өй, береміз ғой, енді сен қа­лып едің?

– Сенің беремін дегеніңе бес жыл болды, енді қашан бересің?

– Өмеке, мен саған бермеймін дедім бе?

– Жоқ, берем дедің...

– Онда неменеге келесің? Қай күні жағдайым түзеледі, сол күні қарызыңды қайтарамын.

– Құдай-ау, сенің жағдайың қашан түзеледі?

– Оны Үкімет біледі. Сен күнде-күнде келіп қарызыңды сұрай берсең, менің жағдайым қалай түзеледі? – деп қарап тұр. Мұндай адамдар жоғары жаққа да керек көрінеді. Нағыз талант қой. Рас айтамын. Ұзынқұлақтың айтуынша, Қайрақбайды облысқа бір мекемеге жұмысқа шақырған деседі. Ауылдан алты қадам шықпаған Қайрақбай келіспеген көрінеді. Қайрекең ол жаққа неге керек болды екен, а? Ит біліп па?...

– Өңешбай, маған қанша қарыз беріп едің? – деді түк болмағандай есінеп.

– Қарызыңды ұмыта бастадың ба? Үш жыз мың теңге...

– Айтпақшы, үш жүз мың теңгенің жартысын қарызды қайтарғанда жеңіл болсын деп құдама бердім, – деп Қайрақбай қойып қалды. Өңешбай шошып кетті.

– Құдасы несі? Қарызды саған берген жоқпын ба?– деді Өмекең өкініп.

– Қарызды қайтарғанда жеңіл болсын дедім.

– Мен сенің құдаңды таны­май­мын ғой, не айтып тұрсың?

– Танымасаң, танысасың. Ол – өте керемет адам. Күй­лі тұрады.

– Қайрақбай, қарызды саған бердім. Алған ақ­шаң­ды қайтар.

– Мен саған бермеймін дедім бе?

– Жоқ, берем дедің...Ең болмаса «точно» беретін күніңді айтшы.

– Айта алмаймын. Бәлен күні беремін деп өтірікші болатын жайым жоқ. Менікі бір-ақ сөз, «беремін» десем, беремін.

– Қашан? Айтпақшы, сені автокөлік сатып алды деп естідім.

– Автокөлікте мүлдем шаруаң болмасын, оны өз ақшама алдым.

– Қайрақбай, астыңа ұялмай машина мінгенше, менің қары­зым­ды қайыр­майсың ба?

– Сенің қарызың бар екен деп мен сонда қара жаяу жүруім керек пе? Өңешбай, сен тағы менің ашуыма тиіп тұрсың, ендеше қайтармаймын.

– Ойбай, кешір байқамай қалдым, қайтарам деп айтшы.

– Қайтармаймын.

– Қашан қайтарсаң да өзің біл, тек беремін деп айтшы, берем деші.

Өңешбай шошып кетті. Қайрақбай ең болмаса «берем» десе, көңілі орнына түсетін сияқты.

– Жақсы, келістік, беремін.

– Тірі тұрғанда құлағыммен естіп кетейін, тек уақытын айтшы.

– Қырық жылдан кейін.

– Ойбай, тым ұзақ қой.

Көзі аларып құлап қала жазда­ды. Саусақтарын санай бастады. Өйткені Өңешбай биыл елу жасқа келді. Тоқсанға келгенше қарызы қолына тимейтін болды. Ал тоқ­сан­ға жетпесе ше? Қарызын сот­пен өндірейін десе, Қайрақ­бай­дың «қарыз алдым» деген қолхаты жоқ.

– Өмеке, қарызыңды мен қайтара алмасам, болашақта қырық жылдан кейін немерелерім, шөберелерім қайтарады, – деп Қайрақбай шіреніп тұр.

– Ее, сонда бұл ақшаны мен көре алмайды екенмін ғой. Жа­рай­ды, ұрпақтарым алатын бол­ды. Оған да шүкір, көндік.

– Айттым ғой, берем десем, беремін, – деді де, Қайрақбай үйіне зып етіп кіріп кетті.

Әттең, кедейшілік...

Нұрлыбек ЖҰБАТҚАН