Сондай-ақ Қазақстан басшысы Berlin Global Dialogue форумына, Шығыс комитетінің (ГЭШК) ұйымдастыруымен өткен екі ел іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысып, бірқатар ірі компанияның топ-менеджерлерімен жүздесті.
Мемлекет басшысы Берлинге арнайы сапармен шақырып, қонақжайлық көрсеткені үшін Олаф Шольцке ризашылығын білдірді.
– Германия – Қазақстанның Еуропа Одағындағы стратегиялық серіктесі, әсіресе өзара сауда-экономикалық және инвестициялық байланыс жолға қойылған. Сондықтан екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға баса мән береміз. Бүгін құрметті канцлермен бірқатар маңызды мәселені талқыладық. Қазіргі жағдайда Қазақстан мен Германия екі елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету үшін жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру ісіне барынша прагматикалық тұрғыдан қарауы керек. Бұл орайда біздің саяси ерік-жігеріміз бен экономикалық әлеуетіміз зор. Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың перспективасына баса мән берілді. Екіжақты сауда-саттықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өттік. Экспорттық және импорттық тауарлар номенклатурасын одан әрі кеңейту үшін пәрменді шаралар қабылдауға уағдаластық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент мұнай-газ химиясы, металлургия, көлік және логистика секілді перспективті салаларда бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері жан-жақты қарастырылғанын айтты және Қазақстан тарапының жетекші еуропалық компаниялармен қол жеткізген уағдаластықтарын жоғары бағалады. Сондай-ақ ол энергетика саласындағы кооперацияны дамытуды басты басымдықтардың бірі ретінде атады.
– Бүгінгі кездесу аясында Siemens, Deutsche Bahn, Siemens Energy, Linde және тағы да басқа негізгі серіктестермен маңызды коммерциялық келісімге қол қойылғанын құптаймын. Бұл құжаттар мемлекеттеріміз арасындағы экономикалық байланыстарды одан әрі нығайтуға тың серпін береді. Қазақстан жыл басынан бері Германияға «Достық» мұнай құбыры арқылы 500 мың тонна мұнай жөнелтті. Мұның бәрі өзара келісімнің нәтижесінде жүзеге асты. Германиялық достарымыздың өтініші бойынша жеткізілетін мұнай көлемін ұлғайтуға, оның ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етуге еліміздің дайын екенін растадым, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан басшысы екі елдің өзара ықпалдастығын кеңейтетін жаңа мүмкіндіктерге де тоқталды. Ол Транскаспий көлік бағдарының транзиттік қуатын арттыру, сондай-ақ оны Трансеуропалық көлік желісімен (ТEN-T) және Global Gateway бастамасымен ұштастыру үшін бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, агроөнеркәсіп секторындағы, сондай-ақ қаржы, инновация, цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықты нығайту үшін мол мүмкіндік бар.
Келіссөздер барысында мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастыққа да айрықша мән берілді. Мемлекет басшысы жаңа қазақ-неміс білім беру мекемелерінің құрылуын, атап айтқанда, биыл маусым айында Ақтау қаласында Қазақстан-Германия орнықты инженерия институтының ашылуын құптайтынын жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың жоғары деңгейін сақтау үшін Германия Канцлерін Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.
Федералдық канцлер Олаф Шольц Қазақстан Германияның Орталық Азиядағы жетекші сауда-экономикалық серіктесі екенін атап өтті. Сондай-ақ энергетика, орнықты даму, цифрландыру және климаттың өзгеруіне қарсы күрес салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызды екенін айтты. Бұдан бөлек, канцлер Германия мен Еуропа Одағы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан реформаларды толық қолдайтынын мәлімдеді.
«Көшбасшылар диалогы»
Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші Berlin Global Dialogue форумына қатысты. Президент «Көшбасшылар диалогы» сессиясында Қазақстанның жаһандық экономикалық процестердегі рөлі туралы өз көзқарасын айтты. Президенттің пікірінше, жаһандық экономикалық өзекті проблемаларды шешуге ықпал ететін жаңа әмбебап құндылықтар қажет. Әйтпесе, адамзат дүниежүзілік сауданың бұрын-соңды болмаған бөлшектенуіне тап болады. Бұл әлемдік ЖІӨ-нің 7 пайызға құлдырауына әкеп соқтыруы мүмкін. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің халықаралық экономикалық байланыстарды тұрақтандыру ісіндегі рөліне және ұлттық экономиканы дамытудың перспективаларына айрықша тоқталды.
– Еуразиядағы екінші ірі мұнай қорына ие Қазақстан әлемдік нарықтарға энергетикалық ресурстардың ірі жеткізушісі саналады. Біздің мұнай экспортының 70 пайызы Еуропа Одағына шығарылатынын ескере отырып, экспорттық әлеуетімізді кеңейтуге және жаһандық энергетикалық дағдарысты жеңілдетуге үлес қосуға дайынбыз. Былтыр Қазақстан экспорты 40 пайызға жуық өсті. Біздің ЖІӨ-нің едәуір бөлігі әлі де энергетика секторына тиесілі болғанымен, экономиканы әртараптандыруға күш саламыз. Автомобиль құрастыру, фармацевтика, металл өңдеу және машина жасау салаларындағы өсімді қамтамасыз ете отырып, Қазақстан бизнес жасауға ерекше қолайлы орта қалыптастыру арқылы шетелден кең көлемде инвестиция тартуды жалғастырып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Қазақстанмен экономикалық серіктестік орнатуға жол ашатын перспективаларға қатысушылар назарын аударды. Атап айтқанда, Транскаспий халықаралық көлік бағдары немесе «Орта дәліз» аймақтағы сауда мен инвестиция үшін жаңа мүмкіндік береді. Бұл бағыт қазіргі қолданыстағы теңіз жолдарымен тасымалданатын тауарлардың транзиттік уақытын екі есе қысқартады. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанның аймақта бірінші болып Париж келісімін ратификациялағанын және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу стратегиясын қабылдағанын айтты. Бұл салада да ірі халықаралық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жалпы, Қазақстанның, шын мәнінде, жаһандық және сенімді сауда-экономикалық серіктеске айналғанына сенім білдірді. Мемлекет басшысы баршаға ортақ өркендеген әрі инклюзивті болашақ құру үшін күш жұмылдырудың маңызды екенін атап өтті.
Айта кетейік, Berlin Global Dialogue форумына Германияның Федералдық канцлері Олаф Шольц, Еуропалық Кеңестің Президенті Шарль Мишель, Бельгияның Премьер-министрі Александр де Кроо, Албанияның Премьер-министрі Эди Рама және басқа да жоғары лауазымды саясаткерлер, халықаралық компаниялар мен қаржы институттарының басшылары қатысты.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш форум аясында Шри-Ланка Президенті Ранил Викрамасингхемен кездесіп, келіссөз жүргізді.
Мемлекет басшысы ресми сапарының екінші күні Федералдық Президент Франк-Вальтер Штайнмайермен кездесуден басталды. Тараптар Германия Президентінің таяуда Қазақстанға жасаған сапары аясында қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысын қарастырды. Атап айтқанда, энергетика, транзит, логистика, пайдалы қазбаларды игеру, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы және цифрландыру секілді ынтымақтастықтың басым бағыттарына қатысты бірлескен жұмыстарды талқылап, Қазақстан мен Германияның көпжақты ынтымақтастығын одан әрі нығайту үшін бірлескен іс-қимылдарды арттыра түсуге уағдаласты.
Ынтымақтастық бағыттарын ұсынды
Сонымен қатар Қазақстан Президенті Германия экономикасы Шығыс комитетінің (ГЭШК) ұйымдастыруымен өткен екі ел іскер топтарының дөңгелек үстеліне қатысты. Мемлекет басшысы геосаяси дүрбелеңге қарамастан, былтыр екіжақты тауар айналымы 25 пайызға өсіп, 2,8 миллиард долларға жеткенін атап өтті. Оның айтуынша, Германия бизнесі Қазақстанға 6 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Бұл инвестицияның 90 пайызға жуығы шикізаттық емес секторға тиесілі. Жалпы елімізде Германия капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның табандылық, нақтылық және жауапкершілік қағидаттарына негізделген бизнес жүргізу тәсілін жоғары бағалады. Сондай-ақ «Қазақстанда неміс сапасына сай жасалған» формула бойынша өнім шығаратын өндіріс орындарын ашуға мүдделі екенін айтты.
Мемлекет басшысы өзара ынтымақтастықтың бірқатар перспективті бағытын атап өтті. Президенттің айтуынша, Қазақстан, ең алдымен, Германия және Еуропа өнеркәсібіне қажетті табиғи ресурстар мен маңызды шикізат саласында сенімді серіктес болуға дайын.
Президент жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты тағы бір перспективті бағыт ретінде атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев «жасыл» сутегінің әлемдегі жетекші өндірушісі болу үшін елімізде барлық алғышарт бар екеніне тоқталды. Қазіргі уақытта Германия мен Швецияның бірлескен Svevind Group компаниясымен «жасыл» сутегін өндіру жөнінде сомасы 50 миллиард доллар болатын келісім жасалды. Бұл – әлемдегі ең ірі жобалардың бірі. Алдағы уақытта «жасыл» сутегі өндірісі «жасыл» болат, алюминий және басқа да металдарды өндіруге жол ашуы мүмкін. Президент Германияның технологиялық шешімдерін Қазақстанның табиғи және адами ресурстарымен ұштастыру жоғары нәтижеге жеткізетініне сенім білдірді.
Ынтымақтастықтың тағы бір саласы – көлік-логистика әлеуетін пайдалану. Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа геосаяси жағдайда Еуропа мен Азия арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін «Орта дәліздің» маңызы артып келеді. Сондай-ақ, Президент ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты ілгерілету үшін мол мүмкіндік бар екенін, Қазақстан өңірдің азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отырғанын жеткізді.
Ынтымақтастықтың тағы бір басым бағыты – IT технология саласы. Президент Қазақстанның цифрлық трансформация бағытындағы бастамалары әлемдік деңгейде мойындалғанын айтты. БҰҰ біздің электронды үкімет жүйесін ТОП-30 тізіміне енгізді. Мемлекет басшысы адами капиталды дамыту және инвестиция тарту мәселесін ынтымақтастықтың өзекті бағыттарының бірі ретінде атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Германия бизнесмендерін Қазақстан экономикасын әртараптандыруға, жаңа өндіріс орындарын ашуға және озық неміс технологияларын енгізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыруға белсенді қатысуға шақырды.
Германия экономикасының Шығыс комитеті – Германия Федеративтік Республикасының Орталық, Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Еуропа, Оңтүстік Кавказ және Орталық Азиядағы 29 елге арналған аймақтық бастамасы. Шығыс комитетіне Германия экономикасының алты жетекші одағы қолдау көрсетеді және оған 400-ге жуық компания мүше.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Германияға сапарының екінші күнінде HMS Bergbau AG компаниясының басқарма төрағасы Деннис Швинд, HHLA компаниясының басқарма төрағасы Ангела Титцрат, STADA Group вице-президенті Кристос Галлис, Mercedes-Benz Group басқарма төрағасы Ола Каллениус, inde GmbH компаниясының аға вице-президенті Оливер Пфанн, iemens Energy басқарма төрағасы Кристиан Брух, Siemens AG жетекшісі Роланд Буш, Bayer AG компаниясының басқарма мүшесі Штефан Ольрих және Euler Hermes агенттігінің басқарма мүшесі Эдна Шёнемен кездесті.