Қызылорда қаласындағы қарттар үйінде тағдырдың теперішін көріп, жалғыздықты жанына серік еткен қариялардың қарасы қалың.
Қилы тағдырлар мекені
635
оқылды

Әсіресе, сан қилы тағдырдың басын қосқан орталықта қазақтардың үлесі басым. Бұл жайт қилы тағдырлар мекеніне бас сұққан адамның көңіліне кірбің ұялатады.

Қазақтардың үлесі басым

Бүгінде облыс орталығын­да­ғы №1 Қызылорда ар­нау­­лы әлеуметтік қызметтер көр­­­сету орталығы коммуналдық мем­лекеттік мекемесінде, яғни, қарт­тар мен мүгедек жандардың ин­тернат үйінде тағдыр теперішін көр­ген 164 жан тұрмыс кешіп жа­тыр. Халықаралық қарттар кү­­ніне орай өмірдің қатал сы­ны­на ұшыраған сондай жандардың тұр­мыс-тіршілігін көзбен көру үшін аталмыш мекенге арнайы ат ба­сын бұрдық. 

Мекеме ауласына кіргеннен тал­дың көлеңкесін саялаған қа­рия­лардың жанарынан мұң бай­қал­ды. Әлдекімді күткендей жан-жағына жаутаңдап қарайды. Пай­ғамбар жасына жеткенде жал­ғыздықпен жолдас болған жан­дардың қилы тағдыры жа­ның­ды тебірентеді.

Алдымен аталмыш мекеме ди­ректорының кабинетіне бас сұқ­тық. Бізді жылы шыраймен қар­сы алған мекеме басшысы ор­талықтың жұмысын жан-жақ­ты түсіндірді.

«Мекемеде түрлі тағдыр ие­ле­рі тұрмыс кешіп жатыр. Кейбірі жас­тайынан тұлдыр жетім қалған жан­дар болса, келесісінің туған­дары бар. Бүгінде орталықта 56 мү­гедек кісі тұрады. Көп жағдайда осы кісілердің туыстары кездесу­ге жиі келеді. Негізінен мекеме­ден медет сұрап келетіндердің көп­­­­шілігі ішкілікке салынып, от­басынан баз кешіп, теріс қы­лық­қа бой алдырған жандар. Со­ның ішінде көпшілігі адапта­ци­я­дан жеткізіледі. Зиянды әдет­ке бой алдырып, айықпас дертке ду­шар болғандар да кездеседі. Қазіргі уақытта орталықта сондай он­кологиялық сырқатқа шал­дық­қан 5 адам тұрып жатыр. Ме­кемені мекен еткен адамдарға бес түрлі қызмет көрсетеміз. Со­ның ішінде төрт мезгіл тамақ, киім-кешекпен қамтамасыз ету жә­не медициналық, психо­ло­гия­лық көмек ала алады», – дейді ме­кеме директоры Раушан Ысқа­қова. 

Жалпы бұл орынға Қы­зыл­орда облысымен қа­тар Тараз, Шымкент қалалары мен өзге де аймақтардан келіп, тұ­рып жатқан жандар жетерлік. Негізінен орталықтың қызметіне жү­гінгендердің ең жасы 38 жаста бол­са, егдесі 90-ға таяп қалған. Оның ішінде 120 қазақ болса, 27 орыс және 12 кәріс тұрып жатыр. Сон­дай-ақ татар, өзбек ұлтының өкіл­дері де бар.

Орталықта отбасын құрғандар да бар

Орталықта тұрып жатқандар арасында өзінің екінші жартысын тауып, отбасын құрған жандар да кез­деседі. Бүгінде орталықта сон­дай төрт отбасы шаңырақ көте­ріп, тату-тәтті тұрып жатыр. 

Соның бірі – тағдырдың ай­дауымен осы мекемеден медет тап­қан Балта Естібаев. Ол өткен жы­лы осы орталықта өзімен тағ­дыр­лас, орыс ұлтының өкілі Раи­са Григорьевнамен шаңырақ кө­­­теріпті. 

Балта ағамыз жастайынан же­тім қалып, тағдырдың сан-соқ­­пақ жолынан өткен. Кіш­кен­тай кезінен апасының қолында тәр­биеленген оның өмірде жібер­ген қателіктері аз емес. Бүгінде со­ған өкінетінін айтады.

«Осы орталықта тұрып жат­қаныма 4-5 жылдай болды. Бір жыл бұрын қазіргі жұбайым Рай­са Григорьевнамен танысып, осы жер­де бас қостым. Арнайы бөлме бе­ріп, бөлек отбасы болып отыр­мыз. Жағдайымыз жақсы. Ор­та­лық­тың қызметі көңілден шы­ға­ды. Мекеме қызметкерлері қол­дан келгенше көмектерін аянып жатқан жоқ. Өзіме келер болсам, өмір­дің көптеген бұралаң жол­да­рын көрдім. Басымнан талай қиын­дықтар өтті. Аш жүрген кез­дерім де болды. Бес жасымнан бас­тап жетім өстім. Ес білгенше апа­м­ның қолында тәрбиелендім. Есейе келе, апам келін түсіріп, ба­лалары аяқтанды. Сол себепті өз еркіммен осы орталыққа ке­лу­ге шешім қабылдадым. Со­дан бе­рі осы жерді паналап келемін», – деп жан сырымен бөлісті Балта Есті­баев.

Орталық тұрғыны өзінің қиындыққа толы өмірін дұш­панына да тілемейтінін ай­тады. Жастарды татулыққа, бір­лік­ке шақырып, әрбір адам тек жақ­сылық жасауға ұмтылса деген ті­легін жеткізді. Өмірге адам бо­лып келгесін, адам болып кет­кен­нен асқан бақыт жоқ деп ойын тұжырымдады.

Арбаға таңылған талант

Аталмыш орталықта ерекше тағ­дыр иелері де тұрмыс кешіп жа­тыр. Соның бірі – дүниеге сау бо­лып келіп, сал болып қалған Кен­жегүл Маханбетованың өмір жо­лы өзгеше өрнекке толы.

Кейіпкеріміз Қызылорда об­лы­сына қарасты Жалағаш ауда­ны, Жаңаталап ауылының тума­сы. Бұл орталыққа 1996 жылы 1 қа­зан айында келіпті. Содан бе­рі 27 жыл бойына осы жердің тұ­рақты тұрғыны.

Анасы 45 жасында босанғанда Кен­жегүлдің денсаулығына еш­қан­­дай кінәрат болмаған. Екі жас­тан асқан уақытында әкесі құ­да жолы береді. Сол күні қо­нақ­тар тарқаған бойда жүгіріп жүрг­ен кішкентай Кенжегүл аяқ ас­тынан белгісіз сырқатқа шал­ды­ғып, қатты ауырып қалыпты. 

«Сол күні мен қатты ауырып, дер­тім асқынғасын марқұм әкем мен анам дәрігерге қаратыпты. Дә­рі­герлер арнайы жолдамамен Ал­маты қаласына жіберіп, сол жа­қ­та жұлынымнан сарысу ала­ды. Осы жағдайдан кейін сал бо­­­­лып, арбаға таңылып қалдым. Мұ­ны сол кездегі дәрігерлердің қа­те диагнозының кесірі деп ой­лаймын. Себебі кейіннен ес біл­гесін, біраз жерге қаралғанымда, екі жарым жасар баланың жұлы­ны­нан сарысу алу өте қате шешім еке­нін айтқандар болды. Өткен іс­ке шара жоқ. Содан бері тағды­рым темір арбаның үстінде өтіп ке­леді. Өзім сол күні маған көз ти­ген деп есептеймін. Дер уақы­тын­да емшіге қаралғанымда жағ­дайым басқалай болатын еді деп ойлаймын. Қайбір жылдары Қы­­­­­зылорда қаласына арнайы ке­ліп, ем-дом жүргізген қытай дә­рі­гер­леріне қаралдым. Олар тек­сере келе, менің әлі де аяқтан тұрып ке­­туге мүмкіндігім бар екенін ай­тып, Қытай еліне барып ем­делу­і­ме кеңес берді. Бірақ емнің ақы­сы өте қымбат. Қазіргі жағ­дай­да оны менің қалтам көтер­мей­ді», – деп мұңын шақты Кен­­жегүл Маханбетова.    

Тағдырдың жазуы болар, 1993 жылы анасы ауыр сыр­қаттан көз жұмса, 1994 жылы әке­сі, ал 1995 жылы қарашаңы­рақ­ты ұстап тұрған ағасы қайтыс бо­лыпты. Осылайша, үш жыл қа­­­тарынан ауыр қазаға ұшыраған шаңырақтан береке қашады. Соңында ағасының қырық күн­дік асын өткізгеннен кейін Кен­же­гүл алты баласымен жесір қал­ған жеңгесінен рұқсат сұрап, үй­ден кетіп қалған. Содан бергі тағдыры осы орталықпен тығыз байла­нысты.

Кенжегүлдің әкесі ақын кісі болыпты. Кейіннен әкеден дары­ған талант Кенжегүлдің бойынан байқала бастайды. Жабыққан сәттерінде ақ параққа мұң-зарын өлеңмен өрнектеп, жанына медет та­бады. Бүгінде ақынның қорын­да 70-ке жуық өлеңдері бар. Бір­не­ше өлеңдеріне ән де жазылып, жер­гілікті әншілердің орын­дауын­да халыққа танылып та үл­герген. Талант иесі ақындықпен қатар, ән айтуға да бейім. Түрлі мүм­кіндігі шектеулі жандарға ар­налған байқауларда жүлделі орын­дардан көрініп келеді. Тіпті, еселі еңбегі еленіп, «Мәдениет май­талманы» дәрежесі де бері­ліп­ті. Өткен жолы қала аумағында жеке шығармашылық кешін де өткізген. «Мен бір жаралы аққу» деп жырлаған ақын қыз осы ор­та­лықта өзімен тағдырлас адам­дардың қилы тағдырын қамтыған алғашқы кітабын да жазып, де­меу­шілердің көмегімен жарыққа шы­ғарыпты. 

Ес білгелі өз аяғымен жүруді ар­мандайтын Кенжегүл әлі де дер­тінен айығатынына үмітпен қа­райды. Жарты ғұмыры қарттар үйін­де өткен талант иесі қалған өмі­рінде жеке баспанаға қол жет­кізіп, шығармашылығын дамыту­ды армандайтынын айтып қалды. Қайырымды жандардан медет кү­тетінін жасырмады.

Қалай дегенде де, талай тағ­дыр­ды тоғыстырған орталықта тұ­рып жатқан жандардың әрбірі­нің жанарынан жылулыққа деген мұқтаждық аңғарылады. Бірі әке, бірі ана бақытын аңсаса, енді бірі пер­зентінің қамқорлығына зәру еке­нін іштей ұғындық. 

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы