Акцияда тұрғындар арасында онкологиялық аурулар мен қант диабеті және жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға байланысты профилактикалық тексеру жұмыстары жүргізілді.
Емхананың диспансерлік есептегі емделушілері мен егде жастағы қала тұрғындарының денсаулығын тексеруге емхананың басшысы Астана қаласы мәслихатының депутаты Алтыншаш Табулдинамен қатар барлық дәрігерлер атсалысты. Акция аясында тексерілуге келгендердің дені 65 жастан асқан ардагерлер болды.
«Қарттардың денсаулығы кез келген уақытта сыр беруі ықтимал. Сол себепті біз қарттарымыздың денсаулығындағы кінәратты ерте анықтап, аурудың алдын алуымыз қажет. Сонымен қатар, бізде жиырмадан астам өз ардагерлеріміз, яғни бұрынғы әріптестеріміз де бар. Олардың кейбірі біздің емханаға тіркелмеген болса да бүгінгі акцияға келіп қатысты. Біз қарттарымызды тең көріп, акция аясында барлығына арнайы дастархан жайдық. Концерттік бағдарлама ұйымдастырып отырмыз. Олар тек денсаулығын тексертіп қана кетпей, көңілдерін де көтеріп, серпіліп қалсын деп ойладық. Акцияның өтетіні туралы емханамызда тіркеуде тұрған қарияларымыздың барлығына өзіміз қоңырау шалып, хабарлап шықтық. Егде жастағылардың көбінде кездесетіні – жүрек-қан тамырлары аурулары. Сондықтан сырқатты ерте анықтау тиімді», – дейді Алтыншаш Табулдина.
Емхана басшысының айтуынша, №5 емханада 65 мыңнан астам тіркелуші бар. Осы жылдың көктемінде алғаш рет емханада Диспансерлік пациенттер мен жасы үлкен емделушілерге арналған қарау орталығы ашылған. Бұл орталықта диспансерлік есепте тұрған азаматтар өздері жеке келіп қаралып, ем-дом қабылдайды. Қазіргі таңда орталықта созылмалы аурулары бар 9508 адам тіркелген болса, оның 3895-і 65 жастан асқан азаматтар болып отыр.
«Біз тексеру барысында, алдымен ЭКГ-ден өткіземіз, талдау сынамаларын аламыз. Олардың диагнозына байланысты қажетті тексеру амалдарын толық жүргізіліп шығамыз. Одан кейін әр пациентті тиісті дәрігерлерге жіберіп отырамыз. Бізге келген адамдардың ең үлкенінің жасы – 85-те болды», – дейді аға медбике Күлзи Абенова.
Бердібек ҚАБАЙ