Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында экономиканы дамыту, әртараптандыруға айрықша тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Әлемде ауызсу тапшылығы өте өзекті мәселе болып отыр – сарапшы
733
оқылды

Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының магистранты, сарапшы Нұржауған Қалауов Жолдауда отандық өнім өндіру мәселесінің айтылғаны өте орынды болды. 

 

 

«Жолдауды Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясында тыңдадым. Әр Жолдаудан халықтың ерекше үмітпен ел болашағына өзгерістер әкелетін жаңалық күтетіні белгілі. Қазіргі тұрақсыз геосаяси жағдай кезеңінде жаһандық экономика түбегейлі өзгеріске ұшырап жатыр. Саяси текетірестер дәстүрлі транзиттік сауда қатынастарын бұзды. Бұл мемлекеттер арасындағы экономикалық қатынастарды қайта қарауға әкеліп отыр. Ішкі-сыртқы сын-қатерлер жаңа экономикалық бағыттарды айқындауды қажет етіп отыр. Осыларды саралай келе Президент Жолдауында Үкіметке кезек күттірмейтін міндеттерді шұғыл қолға алуды тапсырды», – дейді Нұржауған Серікұлы.

Үш жыл мерзімде жаңа экономиканың негізін қалыптастыру міндеті қойылып отыр. Шикізаттан біртіндеп арылып, өзімізді қамтамасыз ететін экономиканы дамыту, әртараптандыруға басымдық берілмек.

«Ірі өнеркәсіп пен шағын кәсіпкерлікті дамытуда отандық өнім өндірушілерді қорғау, сатып алу заңнамасын оңтайландыру, отандық қорғаныс өнеркәсібі тапсырысына басымдық беру баса айтылды. Кез келген дағдарыс – қиыншылықтармен қатар жаңа мүмкіндіктер кезеңі. Еліміздің оңтайлы географиялық орналасуы, шикізат қорының мол мүмкіндіктері алыс-жақын мемлекеттердің бізбен экономикалық қатынастарын дамытуға мүдделі екенін байқауға болады. Президенттің шебер дипломатиялық қарым-қатынастар арқылы әлемнің белді елдері басшыларымен келісімдерді жиілетуі, осы жаңа экономикалық саясатқа бағыттың көрінісі. Жолдауда әсіресе ауызсу қауіпсіздігіне баса мән берілді. Әлемде ауыз су мәселесі экологиялық мәселелермен қатар алдыңғы орынға шығып отыр. Таяу Шығыс, Африка құрлығы елдерінде бұл мәселе ушығып тұр», – дейді сарапшы.

Жаһандық климаттың өзгеруі, трансшекаралық су көздеріне тәуелділік біздің елде де жақын кезеңде ауыз судың өзекті мәселеге айналатынын көрсетіп отыр. 

«Бұл өз кезегінде ауылшаруашылық, өнеркәсіп саласын дамыту, электр энергетикасын өндіруге де кері әсерін тигізеді. Осы жағдайларды терең саралай отырып, Президент нақты міндеттерді айқындап берді. Өзгермелі заманда елдің дамуына жаңа серпін беретін жаңа экономикалық саясат міндеттері жақын аралықта халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң өзгеріс әкеледі деген сенімдемін, – дейді Нұржауған Серікұлы.