Пәкістанның Пенджаб провинциясы үкіметінің басшысы Мохсин Накви жексенбі күнгі баспасөз мәслихатында дәрігер Фавад Мухтар бүйректі алу операциясын үйде, тіпті көп жағдайда донордың келісімінсіз жасағанын айтты.
Дәрігерге операция кезінде сыбайласы, мамандығы бойынша автомеханик көмектесіп отырған. Аурухана науқастары – операция құрбандарын көбінесе сол тартып отырған.
Кем дегенде 328 адамға ота жасалып, оның ішінде үш донор қайтыс болған.
Тергеу нәтижесі бойынша, қылмыскерлер бүйректі шетелдік пациенттерге 10 млн рупийге (120 мың доллар), ал пәкістандықтарға 3 млн рупийге сатқан.
Мохсин Накви дәрігердің бұған дейін бес рет қамауға алынғанын, бірақ әр жолы жемқорлыққа жол берген полиция қызметкерлерінің көмегімен босатылып кете беретінін айтты.
Бүйрек саудасымен айналысатындар тобы негізінен 13 млн халқы бар Лахор қаласында, ел астанасы Исламабадқа жақын Таксила қаласында, сондай-ақ Кашмирдің пәкістандық бөлігінде жұмыс істеген.
«Іс жүзінде заңсыз ота мен трансплантация жасайтындар бұдан да көп. Бұл – біз нақты анықтағандар ғана», – деді Накви.
Пәкістанда 2010 жылы адам мүшелерінің саудасына заң бойынша тыйым салынған. Донорлардың дене мүшелерін шетелге жаппай сатуды тоқтату үшін билік 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру және қомақты айыппұл салу сияқты қатаң жазалар енгізді.
Бірақ нәтиже жоқ, халқы кедей және құқық қорғау органдары жемқорлыққа белшесінен батқан Пәкістанда орган саудасы жыл өткен сайын өркендеп келеді.
Қаңтар айында Пенджаб полициясы астыртын операция кезінде жоғалған 14 жастағы баланы тапқаннан кейін бүйрек саудасымен айналысатын тағы бір топты құрықтады.