Есімі – Ғалия Шекенбайқызы. Өзі Солтүстік Қазақстан облысы Уәлиханов ауданына қарасты Кішкенекөл ауылындағы №2 орта мектепте еңбек пәнінің мұғалімі. Өзінің мектепте жұмыс істегеніне 28 жылдан асқан. Ұстаздықпен қатар, Ғалия Шекенбайқызы 10 жыл бойы аудандағы «Қаракөл» бастауыш партия ұйымының төрағасы қызметін атқарған. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқан ол аудан жұртшылығына құрметті жан.
«Мұғалімдік пен қоғамдық жұмысты қатар алып жүру, тіпті де қиын емес. Мамандығым бойынша – еңбек пәнінің мұғалімімін. Сосын курс оқып, өзін-өзі тану пәніне жауапты маман болып бекітілдім. Негізінде мен еңбек жолымды тәлімгер жұмысынан бастағанмын. Үлкендерге, мұқтаж жандарға көмектесіп, қолұшын созып, алаңдатқан мәселелерін шешуге тырысатынбыз. Кейін өзін-өзі танудан сабақ бергенде де балалармен жұмыс істеп, ересектерге жол көрсетіп, тәжірибе жинақтай бастадым. Сондықтан қоғамдық жұмысым да, мұғалімдік қызметім де мейірімділік, қайырымдылықпен байланысты болғандықтан, бұл маған аса қиын емес. Керісінше, маған бұл іс ұнайды», – деді Ғалия Алинова.
Ұстаздық әрі қоғамдық қызметінен бөлек, ол бос уақытында шахмат ойнағанды жақсы көреді. Оқушыларды осы ойынға баулу мақсатында 40-қа жуық оқушының басын қосып, мектепте шахмат үйірмесін ашқан. «Осы уақыт ішінде үйірмеге қатысып жүрген 40 баланың түгелі менің отбасыма айналып үлгерді» дейді Ғалия Шекенбайқызы.
Оның айтуынша, ауылындағы мұқтаж отбасыларға киім-кешек пен аяқкиімді тегін беретін арнайы бутик ашқан. Осыдан екі жыл бұрын ашылған дүкен Кішкенекөлдегі «Ару» сауда үйінде орналасқан. Ғалия Алинова қайырымдылық бутигін ашу идеясын алдымен «AMANAT» партиясы Уәлиханов аудандық филиалының төрағасы Маржан Латыповаға айтқан. Ол өз кезегінде «Нұр» бөлшек және көтерме сауда желісінің басшысы Рашида Темірбековамен келіссөз жүргізіп, ақырында сауда үйінен қайтарымсыз негізде буктик ұсыну туралы шешімге келген.
«Бірде теледидардан тұрғындар келіп, тегін тамақ іше алатын мейірімділік кафесі туралы жарнаманы көріп қалдым. Сосын ауылда осындай бутик ашу идеясы туындады. Жалпы, бізде мектеп мұғалімдері балаларға түрлі киімдер әкеп, таратады. Ұнамаған киімдер қалады, кейде тіпті лақтырылады. Мешітте те үйіліп жатады. Кейбірде ретсіз шашылып жатады. Онда келген кісілер ол киімдерді алғысы келеді. Алайда, ыңғайсызданып, ала алмайды. Содан соң, ең дұрысы, ол киімдердің бір бутикте жинақы, таза күйінде тұрсын әрі әрбір мұқтаж жанға қолжетімді болсын деген оймен қайырымдылық бутигін аштық. Өзім де бұрын сауда-саттықпен айналысқанмын, ілгіштерге іліп, нені, қалай қою керек екенін жақсы білемін. Бұл істі бастауда балалар да көмегін аямады. Ата-аналар, кәсіпкерлер аяқкиім, киім-кешек, тіпті ыдыс аяққа дейін алып келді. Әсіресе, балалар ойыншығы тез таралып кетеді», – деді ол.
Кәсіпкерлер мен ата-аналардан бөлек, бастауыш партия ұйымдарының мүшесі де бұл игі істе оған көп көмектеседі. Әрі қайырымдылық іске бей-жай қарамайтын аудан тұрғындары да бутикке сапалы киім мен аяқкиім әкеліп беруде.
Ғалия Шекенбайқызы белсенді жұмысы үшін ҚР Президентінің, Орталық аппараттың алғыс хаттарымен әрі аудан әкімінің құрмет грамотасымен марапатталған. Алайда игі істердің басы-қасында жүретін ол халықтың марапаты әрі оқушылардың алғысы бәрінен биік екенін атап өтті.