Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында экономиканы дамытуға баса назар аударды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.
Экономиканы әртараптандыру дамуға даңғыл жол ашады – Жәмила Сариева
709
оқылды

Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының аға оқытушысы Жәмила Сариева Жолдауында басымдық еліміздің экономикалық моделіне берілгенін айтты.

«Қазіргі таңда экспорттық-шикізат экономика моделі өзекті емес екенін көрсетіп отыр. Бұл Дүниежүзілік банктің соңғы онжылдықтағы ЖІӨ-нің төмендегені дәлел.

Сонымен қатар, экономикалық реформаларды тиімді жүзеге асыру үшін ең алдымен заңнамалық салада тұрақтылық қажет. Себебі, егер заңдарға жыл сайын түзетулер енгізіле берсе, онда бизнес құрылымдары толықтай өсіп-өнуге мүмкіндік алмайды. Бизнес, әсіресе, салық және бюджет кодексінде тұрақтылықты күтеді. Либерализация жүргізіп, көптеген процедураны қарапайымдату қажет. Міндетті түрде экономикалық реформалауды жүргізуде Президент белгілеген «Әділ қоғам» қағидасын жүзеге асыруды маңызды деп санаймыз. Яғни, табыс ең алдымен қоғамның мүддесіне жұмыс істеу керек», – дейді ол.

Сариева атағандай, қажетті қадамдардың бірі ретінде креативті экономиканы құру және қолдау, яғни технологияларды дамыту, тарту, содан кейін жаңа өндірістерді құру маңызды.

«Аталған модель Қазақстанға алға серпіліс жасауға мүмкіндік береді. Алдымызда тұрған негізгі міндеттердің бірі – ол экономиканы әртараптандыру және креативті экономика артықшылықтарын қолдану арқылы мықты өнеркәсіптік негізді қалыптастыру мен экономикамыз өзімізді толықтай қамтамасыз ете алатын жағдай жасау. Сондықтан Мемлекет басшысының Жолдауда басымдық қойған отандық кәсіпорындардың әлеуетін арттыру, экономикаға инновациялар арқылы жаңа дем беру қадамы құптарлық», – деді Жәмила Сариева.