Ақынның сөзінше, дүниеге келген ұлы марқұм баласы Әлиханның ізін жалғап, дүниеге келген.
"Өзімнен айнымайтын қара бала": Серікзат Дүйсенғазы өмірге келген ұлы туралы айтты
8,730
оқылды

Серікзат Дүйсенғазы "Ұйқым келмейді" бағдарламасында ұлды болғанын айтып, қандай сезімде екенін бөлісті, – деп хабарлайды Massaget.kz.

Ақынның сөзінше, дүниеге келген ұлы марқұм баласы Әлиханның ізін жалғап, дүниеге келген.

"Көңіл күй керемет. Бұрын ұлым да болды, қызым да болды. Ол кезде бірыңғай шаттанып жүргенбіз. Мына жағдай кішкене ойландырады. Себебі Әлихан, марқұм баламыз кетіп қалуы, соның орнына мына баланың келуі, араға бір 10 айдай, 9 айдай уақыт салып. Қаңтарда Әлихан кетті. Мінекей, қазанның басында мына баламыз келіп жатыр. Құдайдың құдіреті, бір тылсым бар екенін мұсылман болған соң білеміз ғой. Жаратушыға сансыз шүкірліктер болсын. Жеңгелеріңіздің жағдайы жақсы. Бүгін бардым. Баламды көрдім. Өзімнен айнымайтын қара бала. Маған ұқсайды. Балаларымның бәрі өзіме ұқсайды. Әлихан да дәл солай дүниеге келген. Әлиханның өмірге келген кезінде айтыс болып жатқан. Бүгін Қызылордадан бір топ ақын келді құттықтау айтып. Ішінде Шиеліден Кенжебай Жүсіпов ағамыз, Серік Ыдырысов бар. Әлихан туған кезде де тура сол Кенжебай аға келген. ...Бұл баламыздың ғұмыры ұзақ болсын", - дейді ол.

Серікзат Дүйсенғазы баласының есімін қалай қоятынын да айтты.

"Әлиханның есімін академик Рымғали Нұрғали аға қойған. Балаға бір жақсы есім қоямыз, Құдай қаласа. Әлиханның ізбасары ғой. Әлиханның ізбасары болатындай Әлиханның ізін жалғаған қайраткерлердің есімін қоятын шығармыз деп топшылап отырмын. Ағайын-туысқандармен, отбасыммен ақылдасып жатырмыз. Бүгін есім қоюға мұршам болған жоқ. ...Бүгін болады деп ойлаған жоқпын. Уақыт созылады деп жүргенбіз. Аяқ астынан болып кеткенде, абдырап қалады екенсің. Басында ер азамат болсақ та, көз жасымызға ерік беріп қалдық. Әлиханды жоғалтып жүрген кездегі көңіл күйімді ешкімнің басына бермесін", - дейді ақын.