Астанада өтіп жатқан Республикалық педагогтер съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке шұғыл міндет жүктеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Президент елдегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды екенін айта келіп, 6 ай ішінде осы міндетті жүзеге асыру жөнінде Үкіметке тапсырма берді.
«Білім беру үдерісін цифрландыру қарқынын жеделдету маңызды. Шын мәнінде, Қазақстанда әлемнің беделді оқу орындарымен бәсекелесе алатын мықты мектептер бар. Бірақ ондай білім ошақтарында балаларымыздың жүзден бір бөлігі ғана оқиды. Ал цифрлық шешімдер озық педагогикалық тәжірибені тез әрі тиімді түрде кеңінен таратуға мүмкіндік береді. Сол арқылы, тіпті, шалғай аудандардағы оқушыларды еліміздің және әлемнің үздік ұстаздарының материалдарымен және сабақтарымен қамтамасыз етуге болады. Сондықтан еліміздегі барлық ауыл мектебіне жылдамдығы жоғары интернетті қолжетімді ету мәселесін шешу аса маңызды. Бұл – Үкіметтің алдындағы шұғыл міндет»,– деді Президент.
Мемлекет басшысы тапсырманың орындалуын алты айдан соң өзі тексеретінін айтты.
«Ауыл мектептерін жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз ету – Цифрлық даму министрлігіне де, облыс әкімдеріне де жүктелетін жауапкершілік. Алты айдан кейін берілген тапсырманың орындалуын тексеремін.
Жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформациялау жұмыстарын жүргізуіміз керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орнатылуы керек.
Бұл өзекті мәселені шешуге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы септігін тигізеді. Сонымен қатар барлық мектеп оқушысына сапалы оқыту контенті бар озық цифрлық платформалардың, соның ішінде электронды оқулықтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету қажет. Бұл ретте барлық материал салалық сараптамадан мұқият өткізілуі керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.