Мемлекет басшысы мектептердегі буллинг және қауіпсіздік мәселесіне, балалар арасындағы қылмыстар мен зорлық-зомбылыққа ерекше назар аударды, сондай-ақ тиісті органдарға қажетті шаралар қабылдауды тапсырды.
Күніне балаларға қатысты 6 қылмыстық іс қозғалады - Динара Зәкиева
492
оқылды

Бүгін педагогтер съезінде Мемлекет басшысы мектептердегі буллинг және қауіпсіздік мәселесіне, балалар арасындағы қылмыстар мен зорлық-зомбылыққа ерекше назар аударды, сондай-ақ тиісті органдарға қажетті шаралар қабылдауды тапсырды. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Қазіргі таңда балалар арасында күніне орта есеппен 5, ал балаларға қатысты 6 қылмыстық іс болуда. Президент балаларға қатысты барлық жағдайлар бойынша есеп беріп отыруды тапсырды. Бүгінде Президенттің тапсырмасы бойынша, мемлекеттік органдармен және «AMANAT» партиясы фракциясының депутаттарымен бірлесіп, балаларға қатысты қылмыстардың барлық түрлері бойынша жазаны қатаңдату аясында 50-ден астам түзету, сондай-ақ әлеуметтік алдын алу шаралары көзделетін балаларға қатысты қауіпсіздік және зорлық-зомбылық жөніндегі заң жобасы әзірледі. Сонымен қатар алдағы екі жыл ішінде мектептерде буллинг және суицидтің алдын алуда әлемдегі ең үздік бағдарламалардың бірін (ұлттық дәстүрлерді ескере отырып, бейімделген) енгізу және өңірлерде балаларға психологиялық көмек көрсету орталықтарын ашу мақсатында Білім министрлігімен жүйелі жұмыс жүргізетін боламыз», – дейді Балалар омбудсмені.

Динара Зәкиеваның айтуынша, балалар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алу жолының бірі – балаларды спортпен және қосымша біліммен қамту, әсіресе ауылдық жерлерде жұмысты күшейтеміз. Өйткені, 2 247 ауылда балалар спортпен қамтылмаған (балалардың 44%-ы ауылдық жерлерде тұрады).

«Осыған байланысты Президенттің тапсырмасы бойынша, қазір 50 мемлекеттік лагерь, 100 қосымша білім беру нысандарының құрылысын іске асыру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Кеше Президент Астана қаласындағы жаңа Оқушылар сарайында болды. Бұған қоса, Шымкент қаласында 700 орындық, Алматы қаласында 1 250 орындық инновациялық шығармашылық орталығы және т.б. нысандар ашылды. Сонымен қатар біз «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АА қолдауымен ауылдарда жылдам салынатын спорт орталықтарын ашу бойынша жұмысты бастадық», – деп жазды Бала құқықтары жөніндегі уәкіл.

Балалар омбудсмені күніне ондаған өтініш түсетінін, онда ата-аналар әділеттілікке қол жеткізуді сұрайтынын айтады.

«Мысалы, біз бүгін ұзақ уақыттық процедуралардан кейін Ақтөбе мектебіндегі баланың зорлық-зомбылығы мәселесі бойынша қылмыстық істі қайта бастауға қол жеткіздік. Ел Президенті Қ.Тоқаев балалардың қауіпсіздігі мәселесіне қолдау көрсетіп, барлық қажетті тапсырмаларды беріп, ерекше көңіл бөлуде. Енді біз үшін де, мемлекеттік органдар үшін де ең бастысы – барлық тапсырмаларды тиімді жүзеге асыру және балаларды қорғауда әрқашан бір принципте болып, әрбір бала біздің елімізде өзінің толық қорғалатынын сезінетін алаңсыз күнге жету», – дейді Динара Зәкиева.

Фото: gov.kz