Мерейлі кеште қазақ даласын төлтума әндерімен тербетіп жүрген Медеу Арынбаевтың орындауында өткен жылдар маржандары мен автордың асыл туындылары, сондай-ақ жаңа әндер шырқалады.
Айта кетсек, Медеу Арынбаев ұлттық музыка өнерінің дамуына үлес қосқан ерекше дауыс иесі. Әр жылдары ол мемлекеттік «Гүлдер» ансамблінің солисті, кейін танымал «АБК» триосының мүшесі болды. Өнерпаздың әндерінде туған жерге, дәстүрге, музыкаға деген сүйіспеншілік, махаббат тақырыптары жан-жақты ашылғанын айта кеткен жөн. Авторлық туындыларымен де халықтың жүрегіне жол таба білген, шырқаған әр әні хитке айналған композитор Медеу Арынбаевтың қоржынында 100-ге жуық ән бар, олардың көбі қалың көрерменге жақсы таныс.
Медеу Арынбаев 1967 жылы 5 наурызда Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. 1987 жылы Ташкенттегі Эстада-джаз студиясына оқуға түскен. Жас дарынның бойынан ерекше талантты байқаған өнер ордасының басшылығы келесі жылы Медеу Арынбаевты кәсіби сахнада бағын сынауға, атап айтсақ, студенттер арасында өткен республикалық байқауға қатысуға жібереді. Ал 1989 жылы екінші курс студенті Өзбекстан атынан Орта Азия республикаларынан үздік орындаушылар жиналған Халықаралық «Ыстық көл-89» эстрада әндері фестиваліне қатысады.
Эстрада студиясын үздік тәмамдаған Медеу Арынбаев, Алматыға көшіп келіп, Абай атындағы Мемлекеттік Университетіне музыка факультетіне оқуға түседі. 1992 жылы ол «Жас Қанат» жас орындаушылар байқауына қатысып, лауреат атанады, ал келесі жылы Молдова елінде өткен «Мелодия Прута» атты халықаралық фестивалінде өнерпаз бас жүлдені иемденеді. Кейін Медеу Арынбаев «Азия дауысы» (Қазақстан) және «Помоколи (Түркия) сынды халықаралық беделді ән-байқауларында өнерін көрсетіп, дипломант атанады.
Медеу Арынбаев өзінің алғашқы шығармашылық кешін 2003 жылы Алматыда өткізді. Ал 2007 жылы «Махаббат жырлары» атты екінші концертінен кейін дарын иесі өзінің ән таспаларын шығарумен айналысады. Әншінің «Өмiр өзен», «Любимая, нежная», «Слова любви» атты альбомдары көрермен арасында үлкен сұранысқа ие болғанын айта кету керек. 2010 жылы әншінің «Өткен жылдар маржандары» және «Арнадым әнiмдi» атты екі бірдей ән таспасы жарық көреді. Медеу Арынбаевтың 2012 жылы «Айналайын алтыным...» атты ән-кеші өмірден ерте өткен асыл жары Айгүл Арынбаеваға арналған болатын.